Қоғам

Қысты шығарып салды

Облыс орталығында Масленица мерекесі айрықша сән-салтанатпен тойланды. Қала тұрғындары мен қонақтары қалыптасқан дәстүр бойынша Ертіс жағалауындағы амфитеатрға жиналып, қаһарлы қысты шығарып салды.

 Қары мен аязы мол қақаған қысты қуып, жер-әлемге көз қуанар жарық пен дүр сілкінер жылу әкелер шуақты көктемді қарсы алу мерекесі орыс елінде ХVI ғасырдан бастап «Масленица» деп аталатыны белгілі. Себебі, майға пісірілген жұқа дөңгелек бал құймақтар мол болады, бір апта бойы өте көп желінеді. Оның да өз ырымы, сенімі бар. Біріншіден, оның дөңгелек формасына қарап көктегі күнге теңеген, отбасына жылу, жарық әкеледі деген. Екіншіден, ол ұннан жасалғандықтан, көктемгі жаңа егістен мол астық алу үшін әр үйде оны неғұрлым көп істеуге тырысқан. Ежелден диқандық кәсіппен айналысатын халықтар арасында көктемде келетін егіс жұмыстарына арналған әртүрлі әдет-ғұрып мерекелерінің ішіндегі «Масленица» – ең думанды, ең қызықты мейрамдардың бірі, әрі бірегейі. Түптің түбінде бұл мерекені тойлау арқылы орыс халқы келер көктемнен зор үміт күтетінін көреміз.

– Міне, көптен күткен мейрам да келіп жетті. Күн райы да бүгін тамаша, қаһарлы қыстың ызғары қайтып, күлімсіреген көктемнің келгенінен хабар бергендей. Өздеріңіз білесіздер, биылғы қыс аномалиялық жағдайларға толы болды, енді көктемнің тыныштықта өтуіне барлық күшімізді жұмсаймыз, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Масленица мерекесіне жиналған жұртшылықты қаламыздағы ұлттық-мәдени орталықтар мен қоғамдық бірлестіктердің басшылары құттықтап, бұл мейрамның басты мақсаты – өскелең ұрпақты достық пен бірлікке тәрбиелеу екенін атап өтті.

Мерекелік шара барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен өңіріміздің танымал өнер ұжымдары құлақтан кіріп, бойды алар әсем ән шырқап, мың бұрала би биледі. Сонымен қатар мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Мейрамға жиналған балалар мен жасөспірімдер әртүрлі байқаулар мен ойындарға белсене қатысты. Арқан тарту, Мерекеге қатысты сұрақ-жауап, жұмбақ шешу, гір көтеру, қол күрес сынды спорттық сайыстар мен ойындарға қатысып, бағы жанған жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.

– Масленица – қытымыр қыспен қоштасып, гүл-көктемді жаңа үміт, жарқын қуанышпен қарсы алу мерекесі. Ән салыңыздар, билеңіздер, тойлаңыздар! Жерлестерімді ынтымақтастық, достық, бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді облыстық славян мәдени қоғамдастығының жетекшісі Александр Яковлев.

Мерекелік шара соңында өскемендіктер мен қала қонақтары қарақшыны өртеу рәсімін өткізді. Осылайша көктемді қарсы алған жұрт мәз-мейрам болып тарқасты.

Әділ Әуезхан

Осы айдарда

Back to top button