Қысқа әзірлік кестеге сәйкес жүріп жатыр
Облыс әкімдігінің өткен кезекті Мәжілісінде алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы егжей-тегжейлі қарастырылды. Облыстық энергетика және басқармасының басшысы Алмат Арсламбаев нысандардың әзірлігі кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Жиында белгілі болғандай, қысқа дайындық бойынша облыстық штаб отырысы тұрақты өткізіледі. Сондай-ақ, көшпелі штаб отырысы Зырян, Катонқарағай, Жарма, Көкпекті аудандарында, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында ұйымдастырылған. Штабтар қала-аудан әкімдіктерінде де құрылыпты. Міндетке сәйкес, облыс бойынша барлығы 10 ірі жылу көзін (100 гкал/сағ жоғары), төрт су электр станциясын, 672 қазандық (100 гкал/сағ төмен), 1275 км жылу желісін, 5198 км су және кәріз желісін дайындап, 2214 км электр желісін жөндеу қажет.
– Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүруде. 55 қазандықты (күрделі – тоғыз, ағымдағы – 46) және 14 турбоагрегатты (күрделі – екі, ағымдағы – 12) жөндеу жоспарланған. Қазір қазандықтардың дайындығы – 41%, турбиналардың дайындығы – 31%. Төрт су электр станциясындағы 24 генератордың сегізінде жұмыс аяқталды, дайындық – 33%. Облыс бойынша 2096 км электр желісін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 170 км электр желісіне (8%) ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, 118 км әуе желісіне күрделі жөндеу қарастырылған, оның 15 шақырымы (13%) аяқталды, – деді есебінде басқарма басшысы.
Ресми мәліметке сенер болсақ, қуаты сағатына 100 гигакалориядан кем 672 қазандықтың 535-і немесе 80% дайындалыпты. Энергетика басқармасының мамандары аудандарға барып, дербес жылумен жабдықтау көздерінің әзірлігіне және қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуде.
Жылумен жабдықтау желілерінің дайындығы 82%, су және кәріз құбырларының дайындығы 81% құрайды.
Бюджеттік сала ұйымдарының дайындығы 71% (денсаулық сақтау нысандары – 72%, білім беру нысандары – 62%, әлеуметтік нысандар – 80%), тұрғын үйлердің дайындығы 15% құрайды.
Басқарма басшысының айтуынша, отын дайындауға да баса назар аударылады. Жылу энергия орталықтарына және қуаты сағатына 100 гигакалориядан жоғары қазандықтарға көмір қажеттілігі 2 миллион тоннаны құрайды. Бұл ретте маусымның басына дейін кәсіпорындар 182 мың тонна қор жинау қажет. Бүгінде 133 мың немесе талап етілетін қордың 73% жинақталған.
Коммуналдық кәсіпорындардың бүкіл жылыту кезеңіндегі қажеттілігі 81,4 мың тоннаны құраса, бүгінде қордың 6%-ға жуығы бар.
– Күз айларында вагондардың тапшылығын болдырмау үшін энергетика басқармасы елді мекеннің қашықтығы және көмір қоймасының болуына байланысты көмір жеткізу кестесін дайындады. Кесте облыстық басқармалармен және «ВостокУгольПром» ЖШС-мен келісілген. Көмір тасымалы 15 шілдеде басталды. Бүгінде жеткізілгені – 9,2 мың тонна немесе 25 мың тонна нормативтік қордың 37%, – деді Алмат Арсламбаев.
Сондай-ақ, энергетика және ТҮКШ басқармасы облыс бойынша мазут қажеттілігі 12 мың тонна екенін анықтады, тиісті өтінім Энергетика министрлігіне бағытталған.Сонымен қатар, маңызды мәселенің бірі коммуналдық қызметтер үшін берешек болып отыр. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда халықтың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегі 379 миллион теңгеге төмендеп, 924 миллион теңгені құрады, оның ішінде жылуға – 618 миллион теңге, суға – 293 миллион теңге, электрге – 12 миллион теңге.Соңғы деректер бойынша, коммуналдық кәсіпорындардың «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы берешегі 204 миллион теңгені құрады.
Басқарма Семей, Курчатов қалалары, Зырян, Глубокое аудандарының әкімдіктерімен бірлесіп, энергиямен жабдықтаушы ұйым алдындағы берешекті өтеу кестесін пысықтаған.
– Бізде әлі де біршама уақыт бар, сондықтан да іс-әрекеттерді мейлінше ширатып, кездесетін кедергілерді кері ысырып тастау керек. Күзгі-қысқы жылу беру маусымын дер кезінде әрі сапалы бастау, кемшіліктерге жол бермеу – басты шарттылық, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов. Ол сонымен қатар, қалалар мен аудандар әкімдерінің қыс маусымына дайындық жайы мен сапалы өткерілуіне дербес жауап беретіндігін қатаң атап өтті.
Ержан Әбіш