Қысқа дайындық барысы пысықталды
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қала және аудан әкімдерінің, тиісті басқарма басшыларының қатысуымен жылу маусымына дайындық жөнінде жиын өткізді. Облыста маусымға дайындық қыс аяқталысымен басталып кеткен болатын. Сәуірдің 26-сында облыс әкімінің өкімімен облыстың 2016-2017 жылғы қысқы маусымға дайындығын пысықтап, маңызды нысандардың қалтқысыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті арнайы облыстық штаб құрылған. Дәл осындай жергілікті штабтардың аудандар мен қалаларда да құрылуы міндеттелген.
Содан бері өткен жылу маусымы қорытындыланып, жылу көздерінің, су және қуат сақтау нысандарының, білім беру және денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ғимараттарының, орталық жылу жүйесіне кіретін тұрғын үйлердің техникалық жағдайы тексеруден өтті.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ әкімдерге отынның жеткілікті мөлшерін қазірден бастап қамтамасыз ету керектігін қатаң ескертті. Сондай-ақ, қала әкімдеріне жеке және заңды тұлғалардың дебиторлық қарызын қысқарту жұмыстарын ширату жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі