Тарих

Ырғызбай Құнанбай қажыны қырық күн емдеп, ауруынан жазып алады

Ырғызбай Құнанбай қажыны қырық күн емдеп, ауруынан жазып аладыҚазіргі таңда қазақ халқының тарихы, рухани мұрасы, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі туралы деректер молынан жиналды. Әлі де болса, біз туралы ел не деді екен деп шетке құлақ түріп, бас шұлғудан аса алмай жүрген де жайымыз бар. Сырына түсініп, байыбына бармай жатып, бірі: \”Ата-бабамыз аруаққа, әулиеге табынған. Біз сол жолда болуымыз керек,\” – деп бір қиырға тартса, екіншісі: \”Аруаққа табынған күнә, бір Аллаға серік қосқандық болады. Бұл надандық қой,\”- деп безініп шығады. Ал ғылым тұрғысынан тану әлі де болса, кемшін соғып жатыр.
Қобыланды батыр жырын оқығанда:
Әулие қоймай қыдырып,
Етегін шеңгел сыдырып,
Жеті пірге танысқан.
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі,
Аналықтай бәйбіше
Қабырғасы майысқан.
Елуге жасы келгенде,
Көзім ашпай дүниеден
Өтемін бе дегенде
Сонда көрген арыстан.
Бір ұл, бір қыз атадан:
Қыздың аты Қарлығаш,
Қобыландыға қарындас.
Батырды ата-анасы зарығып жүріп әулиеден сұрап алады. Алпамыс батыр жырынан да осы сарынды көреміз. Тіпті, қазіргі жиырма бірінші ғасырдың өзінде \”Осы құлынымды әулиеден сұрап алдым\” дейтіндер кездесіп қалады. Кеңестік атеистік қоғам да халықтың әулиеге сенімін жоя алған жоқ. Қайта халық тәні ауырса да, жаны ауырса да әулиелердің қабірін зиярат етіп, тәубеге келіп отырды. Қалай десек те, ұлттың рухымен ұрпақты байланыстырып тұрған бір құдірет бары айқын. Ал әулиеге деген сенім ұлттың рухани қан тамырындай бүлкілдеп, халықтың мүлде діннен безіп кетпеуіне себепші болған жоқ па?! Сондай әулиелердің бірі – Ырғызбай ата.

Бала жасынан емдік шөптерге үйір болады

Ырғызбай Досқанаұлы 1787 жылы Тарбағатай тауының баурайында дүниеге келіпті де, пайғамбар жасына толған шағында, 1850 жылы «Мыңжылқы» құдығына таяу маңдағы күзеуде мәңгі ұйқыға кетіпті. Денесі табиғаттың маң даласындағы ұлы ескерткіш – «Бөрітостаған» атанған алып тастан қырық шақырымдай қашықтықтағы құба белге жерленген.

Ырғызбай бала жасынан қабағы кірбиген ауру-сырқау көрсе, жанашырлықпен талпынып, төңірегінен ұзамай, қол ұшын беруге асығады екен. Емдік шөптерге үйір болып, қасиетін тани бастайды. Осы бір табиғат дарытқан дара қасиет өсе келе шынайы емшілікке ұласыпты. Әкесі Досқана сол өңірдегі емшілердің біразымен таныс-біліс, аралас-құралас жүріпті. Ар жақ, бер жақтағы үлкен емшілермен қатынас қағілез балаға елеулі әсер етеді. Ырғызбай табиғатпен сырлас жүреді, тау-тасты, сай-саланы жалғыз аралайды, тылсым тірліктің құпиясына үңіліп өседі.

Ырғызбай емшінің кезінде айтып кетуі бойынша кейбір шөптер мен тамырлар аралас кептірілсе, сақталса күш-қуатын жоғалтады екен. Ол сол себепті шөп, тамырларды бөлек-бөлек сақтайтын үш қанат күркені алдын ала дайындап, оған сөрелер орналастырған, қапшықтар мен қалталар әзірлеп, оны керегеге іліп қойған. Емшінің шипалы өсімдіктерден дәрі-дәрмек жасайтын ыдыстары мынандай болыпты: ағаш тостағандар мен шойын шөңкелер, күміс тегештер мен мүйіз тостағандар, аршаға ысталған мойнақ торсықтар мен жез құтылар, емдік майларды сақтайтын сүйек ыдыстар, сұйық және тұнбаларды құятын басқа да қажетті заттар. Дәрі-дәрмектердің мөлшерін анықтайтын нәзік таразысы да болған. Дәрі-дәрмектер дайындау барысында Ырғызекең жылқының қылы мен түйенің шудасын, тарамысты да пайдаланыпты.

Атақты Ырғызбай емші шипалы өсімдіктердің гүлінен, жапырағынан, тамырынан дәрі-дәрмек жасағанда, олардың қандай ауруға қалай қолданғанда ем болатынын табиғи түйсікпен біліп, дамытқан. Емшінің үйінен қысы-жазы кенекұнжұт, түймешетен, адыраспан, долана, көккекіре, суқалампыр, қарандыз, киікот, шайқурай, тікенжиде, тәуіпдәрі, томардәрі, қасқыртамыр мыңжапырақ, жаушүмілдік тәрізді өсімдіктер үзілмеген. Ол улы шөп-тамырларды аса сақтықпен жіңішке ауруларға, тері ауруларына, күйікке қолдана біліпті. Құнанбай қажы ауруынан емдеп жазуға шақыртқанында, Ырғызбай емші қоңыр аюдың өтін бауырымен қоса алып, мейіздей етіп кептіріп, марал, бұғы, киік мүйіздерінен жасаған дәрілерін реттеп, әбден қайнатып тазартқан, мумиесін мысқал–мысқалға бөліп, дайындапты. Ол Құнанбай қажының өт жолының да бұзылғанын біліп, өзіне арнап тігілген киіз үйде жеті, қырық бір, жүз үш түрлі шөптен, қырық бір түрлі жапырақтан, гүл мен тамырдан дәрі жасап, оны жылқының іш майына араластырып қайнатып, жеті түрлі дәмнен тосап дайындайды. Тосапқа аю өтінің тарыдайын екі-үш сүйкеп, жиі-жиі ішкіздіртіп, қырық күн емдеп, Құнанбай қажыны ауруынан жазып алады. Құнанбай қажының өтінішімен Сыбан еліндегі ақын Түбекті де емдеп, қатарға қосады. Содан Сұртай ақын Ырғызбай емшіні былайша жырға қосады: …Ырғызбай елге әйгілі тәуіп еді, Құнекеңе шипалы ем тауып еді. Ажалдан Құнанбайды алып қалды, Әйтпесе, басқа төнген қауіп еді… Құнекең сыйға тартқан сол биені, Сусынға неше жылдай сауып еді, – деген өлең жолдары сол бір күндерден белгі болып, бүгінгі ұрпаққа жеткен екен.

Қасиеті немересі Мамырбайға дарыпты

Ырғызбайдың өз кіндігінен Төлене, Бөрлі, Елемес, Әлібек, Кенжалы тарайды. Бұлардың ішінде қара қылды қақ жарған әділдігімен аты шыққан – Кенжалы. Оның айтқан әділ биліктері туралы ел ішінде аңыз, әңгімелер өте мол. Ырғызбайдың «Ақмартуы» Әлібектен туған немересі Мамырбайға дарыпты деседі. Атасының әшекейлі сары ала қамшысы соның үйінде ұзақ сақталыпты.

Қазақтар шаршылап үйілген тас үйіндісін «Ақбейіт» деп атайды. Ырғызбай да алғашында сондай бейітке жерленіпті. Бірақ көп ұзамай ағайындылар күш біріктіріп, басына жылқының қылын балшыққа араластыра шошақ зират тұрғызуға мәжбүр болған. Өйткені киелі аруақ әрқайсысының түсіне кіріп: «Менің басым жалаңаш жатыр ғой» деп аяң беруді жиілетіпті. Содан, қашан 1950-ші жылдардың басына таман зират қасынан бір бөлмелі тас үй салынғанша, бірлі-жарым аурулар зират ішіне түнеп жүріпті. Үй салынған соң, келушілер тіпті көбейіп кетіпті. Содан бері жаз айларында зират кісіден босамайды. Кейде үш-төрт қой қатарынан сойылып, үйге симағандар, қабір басына түнеп шығады. Келген әрбір адам Ырғыз атаға мінәжат етіп, ақтық байлайды, тауша қуысына қайыр-садақаларын қалдырып кетеді. Ал тас үйдің ішінде қашан барсаңыз да дастарқан жаюлы. Алдыңғылардың қалдырып кеткен еттері мен басқадай азық-түліктері дайын. Кейінгі келушілер бір аят құран оқиды да, оларды керегінше пайдаланады. Өздері артық-ауыстарын тастап кетеді. Осылай жалғаса береді.

Мұндай құрмет көрінген молаға көрсетіле бермейді, әрине, Ырғызбай зиратында ғажайып сыр бар. Қабырғаның ақ топырағын емделушілер кепреш дәрісі ретінде теміреткіге және көзі ауырғандар тотия жасап көзіне жағады. Тіпті, дене топырағының үстіне үйілген атамзамандағы тастарынан кішірегін үйіне апарып, суға қайнатып ішушілерді, тасыт ұстап, мойынға тұмар ретінде тағып жүргендерді де көрдік. Содан жазылғандар да жоқ емес.

Кәсіпкер Қаршыға Ескендіров салдырған «Дала даналары» кітапханасы осы кешенді толықтырып, мәнін арттыра түседі. Бұл – бұрын-соңды болмаған бастама. Кітапханаға қазақ халқының тарихы, әдебиеті мен өнеріне, ұлттық дәстүр-салтына байланысты сирек кітаптар қойылған. Ауылдағы ағайынға таптырмайтын нағыз асыл қазына осы емес пе?! Руханиятқа сусындап келген жандардың шөлін қандырар мөлдір бұлақтай болып, осындай киелі орында кітапхананың тұруы аса қажет. Игі бастама болашақта да жалғасын табады деген сенімдеміз.

Сіләмбек Оразалин,
филология ғылымдарының кандидаты

Осы айдарда

Back to top button