Қоғам

Ырғызбай ата атындағы әлемдік Гран-Придің ауқымы кеңейе түседі

Ырғызбай ата атындағы әлемдік Гран-Придің ауқымы кеңейе түседі

Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-При жарысының деңгейі Қырғызстанда өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан кем түспеуі тиіс. Бұл туралы кеше Тарбағатай ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Даниал Ахметов айтты.
Айта кетейік, ауданға сапары аясында аймақ басшысы облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысына қатысып, Ырғызбай ата кесенесінің қазіргі жағдайымен танысты. Облыс әкімі, сонымен қатар дәл осы күндері Ақсуатта өтетін қазақ күресінен Ырғызбай Досқанаұлы атындағы әлемдік Гран-При додасының ұйымдастырушыларымен кездесіп, жарыстың деңгейін көтеруге қатысты ұсыныс-тілегін айтты. Өңір басшысы бұл бәсекенің танымалдығын әлі де арттыруға болатынын жеткізді.
– Бастамаларыңыз дұрыс екен. Бізге осындай спорттық шаралар өте қажет. Өйткені олар облыс пен жекелеген аудандардың атын шығарып қана қоймай, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулиды. Жарысқа 30-дан астам елдің балуандары келеді деп естідім. Бұл – тамаша көрсеткіш. Осындай нағыз мықтылардың белдесулерін көрген балақайлар кейін өздері де салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға тырысатыны сөзсіз. Енді Тарбағатайдағы жарыстың форматын өзгерту керек. Аталмыш турнирді дүниежүзілік ойындар түрінде өткізсе деген ұсыныс бар. Әрине, бұл үшін біраз шаруа тындыру қажет. Қаржыландыру жағын да қайта қарау қажет болады. Осы жұмыстарды еңсере білсек, Ырғызбай Досқанаұлы атындағы дода деңгейі жағынан Бішкекте өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан еш кем түспейтін болады, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған жарыстың басы-қасында жүрген азаматтармен бірге бірнеше тың жобаны талқылау қажеттігін айтты.
Аймақ басшысының сөзіне қарағанда, келесі жылдан бастап облысымызда түркі елдерінің кинофестивалін өткізу көзделген. Дәл осы Ырғызбай Досқанаұлы атындағы халықаралық доданы да соған орайластырып, екі ірі шараны бір-бірімен байланыстырып өткізуге мүмкіндік бар.
– Биыл болмаса да, келесі жылы өңірімізде үлкен кинофестиваль өткіземіз. Оның басқа фестивальдардан ерекшелігі оған тек түркі əлемінің кинотуындылары қатыстырылады. Бұл ауқымды шара. Алайда біз оны өткізуге дайынбыз. Бұған қатысты біраз жоспарымыз да бар, – деді аймақ басшысы.
Үш күн бойы Тарбағатай төсін дүбірге бөлейтін Ырғызбай Досқанаұлы атындағы турнир биыл жетінші мәрте жалауын желбіретіп отыр. Алайда бұл жолғы шараның мән-маңызы да, ұйымдастырылуы да жылдағыдан өзгеше болмақ.
– «Тұғыры биік Тарбағатай» деген атауға ие мәдени-спорттық фестивалі аясында қазақ күресінен бөлек, «Туған жерге туыңды тік» халықаралық ақындар айтысы, «Ұлы Дала қазанаты» атты 140 шақырымдық аламан бәйге мен атақты былғары қолғап шебері Қанат Исламның қатысуымен өтетін кәсіпқой бокс кеші ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, көрермен қауым үшін қызықты шаралар жетерлік, – дейді фестивальдың өтуіне демеушілік көрсеткен «TasGroup» компаниялар тобының басшысы Дулат Тұрсынұлы.

«Аманат» музейінің өз ғимараты болады

Ырғызбай ата атындағы әлемдік Гран-Придің ауқымы кеңейе түседі

Аудандағы жұмыс сапары барысында бүкіл қазаққа аты мәлім болған емші, әулие Ырғызбай ата кесенесіне арнайы барып, рухына тағзым еткен облыс әкімі Даниал Ахметов ол жердегі кешеннің абаттандырылуына жоғары баға берді.
Мұнда соңғы жылдары атқарылған жұмыс ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Кесененің іргесінен қонақ үй, субұрқағы бар шағын саябақ пен үлкен қатымхана сияқты бірқатар нысан бой көтерген. «Аманат» мұражайы ашылған. Мұражайда қойнауы тарихқа толы Тарбағатай өңірінің түкпір-түкпірінен жеткізілген жәдігерлер толып тұр. Оның бір бөлігі Ақсуаттағы аудандық өлкетану музейінен әкелініпті. Мекеме маманы Әсем Қажығалиеваның айтуынша, көрмеге негізінен ыдыс-аяқ, ағаш бұйымдары мен әшекей заттардың көшірмелері қойылыпты.
Облыс әкімі туристер көптеп келетін жерде орналасқан нысанның маңызы ерекше екенін айтып, аудан басшылығына музейге жаңа ғимарат салып беру жөнінде тапсырма берді.
– Нысанның жобасын әзірлеңіздер. Мұндай тамаша жерде орналасқан музей де алыстан мен мұндалап тұруы тиіс. Жалпы, мұнда соңғы бірнеше жылда атқарылған жұмыстарға жақсы баға беруге болады. Ең бастысы туристер үшін жағдай жасала бастағаны қуантады, – деген аймақ басшысы енді аудан орталығынан 75 шақырым жерде орналасқан тарихи кешенге дейінгі жолды қалпыны келтіру жұмыстарына ден қойылуы тиіс екенін ескертті.
Облыс әкімі, сонымен қатар алдағы уақытта аудан көлеміндегі өзге де жолдар жөндеу көретінін хабарлап, жергілікті халықты бір қуантып тастады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button