Қырықүңгір қорымының құпиясы көп
Биылғы жаз отандық археологтар үшін қауырт тірлікке толы. Қазіргі таңда облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша өңірімізде бес тарихи орынға ауқымды археологиялық жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – Абай ауданындағы Қырықүңгір қорымы. Абай ауданына барған сапарымызда қазба жұмыстарының жайымен танысып қайтқан болатынбыз.
Жерге ат қоюға келгенде біздің қазақ шебер ғой. Тоқтамыс ауылының дәл іргесіндегі осынау жер Қырықүңгір десе, дегендей-ақ екен. Ата-бабаларымыз тау бетіндегі қуыс-қуыс үңгірлердің дәл қанша екенін әдейілеп санамаса да, қырыққа жетіп жығылатынын болжаған болар шамасы.
Десе де, жолбастаушымыз Тоқтамыс батыр ауылының тұрғыны Елнұр Әбішевтің айтуынша, жергілікті тұрғындар арасында бұл жердің Қырық екі үңгір немесе Бестамақ дейтін де атауы бар көрінеді. Тау етегінде Шаған өзені сылдырай ағып жатыр. Таудан аңқылдай ескен самал да адамның сарайын ашып, көңілін сергітіп сала береді. Дәл осы жерде Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің археология-этнология кафедрасының ғалымдары мен студенттері бірнеше жыл қатарынан қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын білеміз.
Биыл да облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауының арқасында Қырықүңгір қорымындағы қазба жұмыстарының ауқымы кеңейіп отырғаны жергілікті басылым беттерінде жазылған болатын. Десе де, археологтармен кездесіп, тілдесудің жөні бір бөлек. Экспедиция орналасқан жерге күн ұясына еңкейе жеткенімізбен, қаз-қатар тізілген шатырлардың маңы жым-жырт. Сөйтсек, барлығы тайлы-таяғымен қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан қорымның басына кетіпті. Таңғы және кешкі салқын археологтардың жұмысының қызатын кезі екенін біз де түсіне қойдық. Алдымыздан шыққан Астанадағы Еуразия университетінің кіші ғылыми қызметкері Нұркен Әбдіғали бұл жердегі қазба жұмыстарының маусымның 10-ында басталғанын айтты. Жалпы, Қырықүңгір қорымында бірнеше тарихи дәуірдің ескерткіштері бар. Экспедиция жетекшісі – Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев. Археолог-маман осы аумақты барлау барысында Ыбырай Алтынсариннің «Молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады» деген өсиет сөзін негізге алыпты. Тіпті, Ұлан Үмітқалиевтің жетекшілігімен қорымдағы қола және ерте темір дәуірлерінің 500-ден астам ескерткіштері тізімге де алыныпты. Қазіргі таңда қола дәуірімен бірге ерте темір дәуірінің және ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштеріне зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Археологиялық қазба жүмыстарына тек Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер мен магистранттар, докторанттар ғана қатысып жатқан жоқ, танымал тарихшы-ғалым Амантай Исиннің жетекшілігімен Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің жиырмадан астам студенті де көмекке келіпті. Сондай-ақ, Ресейдегі М.Аммосов атындағы Солтүстік-шығыс федералды университетінен келген студенттер мен ғалымдар да атсалысуда.
Астанадағы Ұлттық музейдің қызметкері Құрметбек Айболаттың айтуынша, 2013 жылы осындағы қорымдардың бірінен 140 асық табылған екен. Бір таңғаларлығы, қола дәуіріне жататын осынау жәдігерлердің барлығы қынамен боялған әрі тесілген болып шықты. Қазіргі күні осынау археологиялық құндылығы зор асықтар туралы ғалымдар түрлі болжамдар жасауда. Тесік асықтарды сол кездің адамдары мойнына таққан ба? Мұның әлде өлген адамды жерлеу рәсіміне қатысы бар ма? Мүмкін о дүниеге аттанған адамға топырақ емес, бір-бірден асық та тастау салты болған шығар. Қалай десек те, үш мыңжылдық тарихы бар асықтардың талай сырдың куәсі екені сөзсіз.
– Археологиялық экспедицияның жұмысына мен осымен екінші рет қатысып отырмын. Кейде біреулер «бұл мамандық қыздардың қолы емес» деп те айтып жатады. Бірақ таңдаған мамандығым өзіме өте ұнайды. Біз мұнда тек қазба жұмыстарымен ғана емес, этнологиямен де айналысамыз. Іргедегі Тоқтамыс ауылына барып, ондағы үлкен кісілермен әңгімелесіп, жергілікті халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпы, тарихы мен әдебиетіне байланысты түрлі аңыз-әңгімелерді жинаймыз, – дейді Еуразия ұлттық университеті археология және этнология факультетінің 2-курс студенті Алуа Қыдырманова.
¬- Археологиялық қазба жұмыстарының өзіне тән қызығы да, қиындығы да жетерлік. Көп нәрсені үйреніп, көңіліме түйіп жатырмын, – дейді Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Мақпал Алпысбаева.
Иә, археолог болған әсте оңай емес. Қорғанды қазу жұмыстарының да өзінің қалыптасқан әдіс-тәсілдері бар. Қорғанның ең алдымен шөптері тазаланып, суретке түсірілуі тиіс. Нысанның құрылысы, қорғанның қалай салынғаны мұқият зерттеледі. Содан кейін ғана қазба жұмыстарына кірісуге болады.
Экспедиция жұмысына өз кезегінде жергілікті әкімдік те үлкен қолдау көрсетіп, далалық жағдайға қажетті шатырлар мен үстел-орындықтарды және тағы басқа құрал-жабдықтарды жеткізіп беріпті. Тіпті қатты жаңбырларда іргедегі Тоқтамыс ауылының тұрғындары студенттер мен ғалымдарды үйлеріне паналатып, қонақжайлылық танытады екен. Қалай десек те, Қырықүңгір қорымында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі ғылым үшін өте бағалы болатыны сөзсіз. Талай жылғы зерттеу нәтижесі еш кетпейтініне де сеніміміз мол.
P.S. Десе де, материал жазылып біткен соң, Абай ауданындағы Қырықүңгір қорымында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарының тоқтап қалғаны туралы хабар алдық. Осынау ақпараттың қаншалықты шындық екенін білу мақсатымен облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасына сауал жолдадық. Аталған басқарма басшысы А.Мұхамедчинов Қырықүңгір қорымындағы археологиялық қазба жұмыстарының жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиевтің жоспарына байланысты уақытша тоқтатылғанын растады. Жалпы, Шығыс Қазақстан өңірінде археология саласындағы ғылыми зерттеулерді дамыту бағдарламасына сәйкес облыстық бюджеттен Қырықүңгір қорымындағы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 4 900 000 теңге қаражат бөлініпті. Басқарма басшысының айтуынша, археологиялық қазба жұмыстары жоба жетекшісінің жоспарына сәйкес тамыз айының екінші аптасынан бастап жалғасатын көрінеді.
Мейрамтай Иманғали
Абай ауданы.
Суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев