Қоғам

Қырық жыл көлік айдаған қария техникадан әлі қол үзген жоқ

Қырық жыл көлік айдаған қария техникадан әлі қол үзген жоқ

Маралдыға бір барғанымда алдымнан жолыққан Әзілбек ағамызға барынша ізетпен сәлем беріп, хал-жай біліскен болатынмын. Ол да тани қойып, жағдайымды сұрап жатты. Сөйтіп тұрып:
– Ой, бауырым, сенің де сақалыңа ақ кіріп, саркідір тартып қалыпсың-ау! – деп таңырқаған рай білдірді. – Кеше ғана сияқты еді, ішінде сен де бар, қойшылардың оқуға баратын балаларын ГАЗ-66-ның қорабына толтыра тиеп, жайлаудан алып қайтатыным. Зымырап өтіп бара жатқын уақыт-ай!

Сонау жетпісінші жылдары Маралиха совхозының 4-фермасы аталатын Қойтастың шопандары жаз шыға малдарын жүз шақырымдай жерге айдап барып, осы өңірдегі ең биік жайлау – Жайдақты жайлайтын. Жайдақ десе – жайдақ еді, қайран өріс. Жері жазық, шөбі тықыр келгенімен, қой түлігі жылжымай, табандап жайылатын. Салқын таудың құнарлы шөбіне тояттаған мал тез оңалып, семіре бастайтын еді.
Ал сол жайлауға шығатын жолдың қияметін айтып сұрамай-ақ қойыңыз. Малшыларды көшіруге, тұз, азық-түлік тасуға басшылық шынжыр табанды трактор, әйтпесе «Урал», «Зил» сияқты қуатты көліктерді ғана жұмсайтын. Солардың кейбірінің әйгілі «Отарбай», «Тартас» атты ұзақ та тік өрлерде апатқа ұшырағанын естіп, жүрегіміз суылдайтын-ды. Міне, сол кезеңде аса тәжірибелі де епті жүргізуші атанған Тұрақбаев Әзілбектің беделі аспандап-ақ тұрушы еді. Ол кісінің тіпті, ат жүре алмайтын қия беткейлерден өзінің ГАЗ-66 автокөлігімен амалын тауып шығып, өмірі техника атаулы баспаған қияндарға жол салғаны аңыз болып айтылатын.
Бір кездерде әкелеріміз жайлаған Үшбұлақ маңындағы «Текше» жайлауына алғаш жол салып, кейіннен ондағы қойшыларды тегіс өзі көшіргенін көзімізбен көрдік. «Сендерді көшіруге Тұрақбаевты жібереміз», – дегенде шопандардың қуанатыны да бекер емес-ті. Көлігі сенімсіз, тәжірибесі аз жүргізушілер ондай қиын жерлерге баруға тәуекел ете бермейтін.
– Күн-түн демей шапқылап, әлгіндей қиын аймақтарды шарлап жүргенде, бірде-бір рет апатты жағдайға ұшырап көрген емеспін, – деп сонау жастық шағын еске алады бүгінде 76 жасқа келіп отырған Әзілбек Қалиғазыұлы. – Сонымен қатар, совхоздың шаруасымен Өскеменге, Семейге үнемі жүріп тұрдық қой, сол сапарларда ешуақытта ереже бұзып, МАИ қызметкерлерінен ескерту де алмаппын. Өзгені білмеймін, өзім көлігіме мұқият қарап, сақтық шараларын мүлтіксіз орындап жүруге тырысатынмын. Сол әдетімнің тек пайдасын ғана көрдім.
Маралды ауылының тумасы Ә.Тұрақбаев 19 жасында әскерге алынып, Байқоңыр ғарыш айлағын күзететін арнайы құрамның сапында үш жыл қызмет атқарады. Кейіннен Новосібір қаласына жіберілген олардың тобы әлдеқандай себептермен босатылмай, елге төрт жылға таяу уақыттан соң оралыпты. 1965 жылы сол Маралдыда ашылған арнайы курста оқып, жүргізуші мамандығын игерген Әзілбек осы кәсіпті «өмірімнің мәні» деп таныған екен.
– Қырық жылдай өмірім автокөлік тізгінін ұстаумен өтіпті, – дейді ол қанағатты үнмен. – Мен осы уақыт ішінде нендей көлік айдамады дейсің. ГАЗ-51, ГАЗ-53, «Урал-ЗИС», «ГАЗ-66», «ЗИЛ» атты көліктердің барлығы маған етене таныс. Қазіргі кезде ескілеу «Жигулиді» мініп жүрмін, бірақ онымен тым ұзаққа шыға қоймаймын.
Әзілбек қарт пен оның зайыбы Роза апай – бүгінде өздерінің екі ұл, бір қызынан екі немере, екі жиен сүйіп отырған қадірменді ата-әже. Қариялардың ендігі тілейтіні – мынау жалпақ әлемді дүрліктірген аласапыран кезеңде ел іргесінің тыныш болуы, өздерінен өрбіген ұрпақтың амандығы.

Хасен Зәкәрия,
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button