Қоғам

Қырық жыл болған мектеп жөнделіп жатыр

Қырық жыл болған мектеп жөнделіп жатыр


Қазақ елі өз тәуелсіздігін жариялаған ширек ғасырда күнтізбеде ертеден келе жатқан бірқатар мерекелік күндер келмеске кеткен. Солардың бірі 12-ші сәуір – ғарышкерлер күні болатын.

Алайда, Шемонайха қаласындағы №3 мектеп үшін, ондағы ұстаздар қауымы мен білім алып жатқан оқушылар үшін осы күн мереке біткеннің төресі деуге болады. Себебі, мектеп – кешегі КСРО-ның тұңғыш ғарышкері Ю.Гагарин атымен аталады.

– Ю.Гагарин есімі біздің білім ордамыздың мақтанышы. Ал 12-ші сәуір біздің мектебіміздің меншікті мерекесі деуге болады. Бұл күнге біз ерекше әзірленіп, жыл бойы осы күнді тағатсыздана күтеміз. Осы күні мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы бар өнерлерін ортаға салып, мерекелік үлкен концерт дайындайды. Одан бөлек, мектептің бұрынғы түлектері, зейнет жасындағы ұстаздар қонаққа шақырылып түрлі спорттық шаралар ұйымдастырамыз – дейді бізді кіреберіс аулада қарсы алған мектеп директоры Е.Седых.

– Әрине, ғарышкерлер күнінен басқа, елімізде аталып өтілетін өзге мерекелердің де әрқайсысының алар орындары ерекше. Айталық, Тәуелсіздік пен Ұлы Жеңіс мерекелерін де, Наурыз мейрамы мен қарттар күнін де атаусыз қалдырмаймыз. Дегенмен, Ю.Гагарин атындағы мектеп болғандықтан өзгелерге қарағанда біз ғарыш әлеміне жақынырақпыз. Кітапханамызда Байқоңыр космодромы жайында, еліміздің ғарышкерлерінің өмірбаяндары мен ғарыш саласына арналған деректер молынан жинақталған қоры бай көрмеміз бар.

«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпес» дегендей, өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында пайдалануға берілген төрт қабатты мектеп ғимараты әлі де сыр бере қоймапты. Әуелде 1200 балаға арнап салынған білім ұясында дәл қазір 774 оқушы алаңсыз білім алып жатқан болса, солардың 72-сі мектеп табалдырығын биыл ғана аттаған бүлдіршіндер. Бірден айта кетуіміз керек, бұл мектепте қазақ сыныптары жоқ. Сабақ тек орыс тілінде жүргізіледі. Өйткені Шемонайха ауданының 50 мыңға жуық халқының бар болғаны бес пайызын ғана жергілікті ұлт өкілдері, яғни, қазақ ұлты құрайтын көрінеді. Мектеп ұжымының шығармашылық жетістігі мен рухани өмірінен қысқаша мағлұмат берген мектеп директоры әңгіме ауанын шаруашылық саласына бағыттап, былтырдан бері жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстыра бастады.

– Мен бұл ұжымға басшы боп өткен жылдың сәуір айында келген болатынмын. Басшы болғасын тек қана білім жағын басты назарда ұстап отыру жеткіліксіз. Білегіңді түріп ап, мектептің барлық шаруасына араласуыңа тура келеді. Былтыр жазда мектеп ғимаратының төбесін ашып-жабу жұмыстарын бастаған едік. Биыл сол жұмыс жалғасын тауып жатыр. Аудан бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасымен 14 нысанға түрлі дәрежедегі жөндеу жұмыстары жүргізілуі қажет болса, соның бірі болып біздің мектебіміз тіркелген екен. Мемлекеттің беріп отырған мұндай мүмкіндігін пайдалана отырып, шілденің соңында «Алтайремстрой» ЖШС-мен келісімшартқа отырғанбыз. Бұл жұмыстың шығыны шамамен 8 млн. 700 мыңдай қаражатқа шықты. Бірінші кезекте мектеп ғимаратының қырық жылдан бергі ағаштан жасалған барлық есік-терезелерін (барлығы 104) пластикаға алмастырып алдық. Ескінің аты ескі емес пе, оларды жылда сырлап, бояп, өзімізше жамап-жасқап қойғанымызбен жыл өткен сайын ашылып-жабылулары да нашарлап, жел соқса жазда шаң кіріп, қыста қар үрлеп әбден мазамыз кетіп жүрген. Тіпті, соңғы жылдары, әсіресе, қыстың күндері үнемі жел соғып тұратын оңтүстік жақтың әйнектеріне целофан тұтқан кездеріміз де болған. Енді ондай бас ауруынан біржолата құтылатын болдық.

Әңгіме ғимараттың төбесінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына ойысқанда сөзімізге Шемонайха ауданы ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Т.Степанова араласты. – Қазір мұнда төбені ашып-жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жұмысты мойнына «Укастройсервис» компаниясы алып отыр. Бұлармен келісімшартқа маусым айында отырсақ та, жаз бойғы толассыз жауған жауын салдарынан жұмыс әлі бітпей жатыр, дегенмен таяп қалды, – деген Татьяна Сергеевна дәл осы мектептікі секілді төбесі шатырланбаған, яғни рубероид төсеп жабылған кез келген ғимараттардың барлығы дерлік климаты жайлы, жылы жақтарға арналатындығын айтып өтті. – Бұл рубероидтар біздің жақтың қаһарлы қысына, мысалы 40-50 градустық аяздары мен қарлы борандарына шыдас бермей жыртылып қалады. Сондықтан қайта-қайта қаражатты рәсуа қылғанша, болашақта мұндай төбелерді шатырлап тастау керек. Ондай шатырланып жатқан ғимараттар бізде бар. Айталық, аудандық аурухана алғашқылардың бірі боп, биыл осындай қадамға барып отыр. Нәтижесі жаман емес, ондағы жөндеу жұмыстары жақын уақыттарда аяқталып та қалады. – дейді Т.Степанова.

Ю.Гагарин атындағы білім ошағының жылу, ыстық-суық су жүйелері 2010 жылы бір мәрте жөндеуден өткізілген. Терроризмге қарсы қауіпсіздік шаралары да қолға алынып, мектептің іші-сыртына бейнебақылау камералары орнатылған. Оның барлық басқару тетігі сол жердегі күзет қызметіне тапсырылған. Ол жердегілер бір ай бойы жүргізілген бейнежазбаларды ай соңында мұқият қарап шығып, мектеп әкімшілігі мен жергілікті құқық қорғау органдарына жазбаша түрде мәлімет беріп отырады.

– Қазір еліміз бойынша жер-жерлерде спорттың қай түріне болмасын ерекше назар аударылып жатыр ғой. Біздің мектеп түлектерінің де спорттық жетістіктерге қол жеткізіп, мектебіміздің, ауданымыздың қала берді еліміздің атын шығарса деген тілегіміз бар. Осы орайда, ендігі бір ойымызда жүргені, келер жылдары мектебіміздің спортзалына күрделі жөндеу жүргізіп алсақ, – дейді, ғарышкер атындағы мектептің шаруақор директоры Елена Петровна.
Алда, сіркіреген ақ жауыны көп ұзамай қарға ұласатын күздің лайсаң да, ызғарлы күндері келе жатыр. Сондықтан ғимараттың төбесіне жөндеу жүргізіп жатқан жұмыскерлер үшін әрбір жауын-шашынсыз ашық күннің әр сағаты мен минуты қымбат. Өз істерінің кәсіби маманы саналатын азаматтардың айналаға мойын бұруға мұршалары жоқ.
Бәрі де – болашақ ұрпақ үшін.

Серік Құсанбаев

Шемонайха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button