Қоғам

Қырық отбасы қоныс тойын тойлады

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Семейге арнайы жұмыс сапарымен келген  Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов және облыс әкімі Даниал Ахметов қалада жаңадан салынып жатқан Қарағайлы ықшам ауданында қырық отбасыға пәтер кілттерін табыстады.

– Сіздерді шын жүректен  Тәуелсіздік мерекесімен және  қоныстойымен құттықтаймын! Жаңа үйлеріңіз жылы әрі жайлы болсын, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов.

Облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы  азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты шаралар қабылданғанын айтты.

Атап айтқанда, көпбалалы аналар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, халықтың әлеуметтік осал топтары мен бюджеттік сала қызметкерлері кезең-кезеңімен баспанаға ие болмақ. Аймақ басшысының айтуынша, облыста тұрғын үй құрылысына ерекше назар аударылып келеді.

Ағымдағы жылы облыста 112 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілді, бұл – сегіз мыңнан астам пәтер. Оның ішінде 1493 пәтерлі 25 үй тапсырылды. Жыл қорытындысы бойынша кезекте тұрғандар мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары қатарынан 2665 адам жаңа пәтерлерге кіреді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары іске асырылуда. «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған көпбалалы, толық емес отбасылар үшін жеңілдікті жағдайлар ұсынылады. Жыл басынан кезекте тұрғандар қатарынан 440 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Облыс әкімінің айтуынша, Қарағайлы еліміздің ең үздік ықшам ауданы ретінде дами беретін болады.   Бұл ауданда  халыққа толық жағдай жасалынбақ.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button