Қоғам

Қырық минут тоқтаусыз бата айтады

Қырық минут тоқтаусыз бата айтады

Қазақтың діни наным-сенімінің, рухани кемелденуінің тарихын білгісі келген адам баталарды зерттеуі керек екен. Жасы 99-ға келгеніне қарамастан 40 минут бойы үзбей бата айтатын Дөлден Ауғанбаевты тыңдап отырып, осындай ойға қалдық.
Құймақұлақтық пен зерде тұнықтығының феноменін көзбен көру үшін Өрел ауылына ат басын арнайы бұрғанбыз. Дөлден ақсақалдың қарағайдан қиып салған үйінің бір бұрышына Жеңістің 70 жылдық белгісі шегеленіпті. Аман-сәлемнен кейін бірден шаруамызды айтып, «Сіз туралы сағаттап бата айтады» дегенді естідік деп, қолқа салып жатырмыз. Кәрі қырандай мүлги тыңдап отырған атамыз денсаулығы болмай жүргенін сөз арасына қыстырды.
-Жөн екен, қарақтарым. Бір айдың жүзі болды, ауру дендеп, қиналыңқырап жүрмін. Берейін батамды, тек шатасып жатсам, айыпқа бұйырмаңдар. Хал-күйің келмесе, зерде де тұтқырланады ғой, – деп қорғалаңқырап отырды да, ақ тілектердің бұйдасын ағытты-ай келіп. Көзден айырылғаны болмаса, ақсақалдың көкірегі даңғыл қалпында екен.
Ара-арасында терең тыныстап алып, батасын қайта жалғайды. Әрбір іркіліс сайын батасының ұйқасымен бірге мазмұны да өзгеріп отыратынына таңдандық. Біздің «қазақ наным-сенімінің тарихы батада жатыр екен-ау» деп ой түйген шағымыз да осы тұс. Батаның басы Мұхаммед, Қыдыр, Лұқпан хакім, қырық шілтен періште сынды ислам дінінің есімдерімен өрілсе, орта тұсына келгенде:
Елбегей де селбегей
Сізге келген пәлекет
Өзен, суды өрлегей, – деп көне нанымның аластау ырымын еске салды. Енді бір демде батагөй қарт «оң жағымыздан орнаған алтын діңгекке ай сайынғы қонақтың атын байлатып, сол жағымыздан орнаған күміс діңгекке күн сайынғы қонақтың атын байлатып», «қорамызды ақ қойға, аузымызды ақ майға толтыртып», «асығымызды алшысынан түсіртіп», «алдымыздан ай, соңымыздан күн туғызып», көшпелі де қонақжай тірліктің көрінісін көз алдымыздан өткізді. Батаның талайын естіп жүрміз дегеніміз бекер екенін Дөлден қарияның отарлы кезеңнен сыр беретін шерлі батасын естігенде түсіндік.
-Мынау жақта кәпір бар,
Судағы жатқан жайындай.
Ал ісің түссе сабайды,
Келіншектің байындай, – деген қысасты жолдардың соңы да тілекке ұласып жатты.
Ақсақалдың жағы жарты сағат болды-ау дегенде барып талды. Бұдан әрі мазалау ыңғайсыз болған соң балаларын әңгімеге тарттық. Жалпы, Дөлден атамыз 91-ге келген жары Қамила Ұлтарақовамен бірге 13 бала, 33 немере, 36 шөбере, 19 шөпшек сүйіпті. Атаның сағаттап айтатын батасы үрім-бұтағына молынан дарыса керек, немересінің бірі Германиядағы елшілікте табысты жұмыс істеп жүр екен. Ұлдың екіншісі Мәулетхан ағамыз әкелерінің жас кезінде айтыскер ақын, дүлдүл жарапазаншы болғанын айтады. Әкесіне мінгесіп жүріп, жарапазаннан түскен тәттіні талай олжалаған ағамыз бүгінгі зейнет жасына жеткен шағында батагөйлікті әулеттің мирасы етіп сақтауға бел буыпты.
Ғасырға сүйем жерде тұрған қазыналы қарт 13 бала мен жарының бағына орай қан майданнан жараланса да, аман оралады. Соғыстан кейінгі шаруашылықты көтеру үшін мал баға жүріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Бүгінде 67 жыл бойы өмірдің ащы-тұщысын теңдей бөлісіп келе жатқан қарияларды балалары кезектесіп күтіп, бөгденің қолына жәутеңдетпеудің қамымен жүр. Соғыстағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегі бірнеше марапат-медальдармен, «Ауданның құрметті азаматы» деген атақпен бағаланыпты.
Қамила әжейдің айтуынша, жалпы Өрел ауылының тарихында ғасыр жасаған тұлғалар баршылық көрінеді. Еділқан, Мылқыбай, Құтбай сынды аталардың жүзге келгенін көрген көнекөз қарияларды Қаратай мен Шимойыннан тараған халықтың көзі тірі шежіресі десе де жарасады. Қос қарияға арғы-бергі ауылдардан арнайы келіп, аталары жайында жөн сұрайтындар да бар екен. Кенже ұлының қазасын, төркін жұртының «түгесілгенін» көзімен көрген абзал ананың қайсарлығына да таңғалдық.
-Мұнша ұзақ жасауымыздың бірінші себебі – жазмыштан, екіншісі – татулықтан, – дейді қарт әжей.
Бірі баланы бесікке бөлесе, бірі жаялығын жуған жұбайлар бірге қартаюдың, әдемі қартаюдың теңдессіз үлгісіндей көрінді бізге. Әлде батагөй атамыздың елге берген батасы өзіне алғыс болып қайтты ма екен…

Есімжан Нақтыбайұлы

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button