Қоғам

Қырық екі келіде қарсылас шақ келтірмеді

Қырық екі келіде қарсылас шақ келтірмеді


Ұлан ауданы Қ.Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы орта мектептің 9 «а» сынып оқушысы Сырым Қабудалиев кезекті жарыстан тағы да олжалы оралды. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, Аягөз қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Төлеутай Сүлейменовтің жүлдесі үшін Аягөз қаласында өткен халықаралық турнирде Сырым Қабдуалиев 42 салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды.

Кішкентайынан-ақ спорт десе ішкен асын жерге қоятын Сырым бокспен бесінші сыныптан бері айналысып келеді. Содан бері Сырым біраз биіктерді бағындырып үлгеріпті. Атап айтсақ, Өскемен қаласында өткен Шығыс Қазақстан облысының чемпионатында 1-орын, Алматы қаласында бокстан өткен республикалық ашық турнирде 1-орын, Тараз қаласында Ауған соғысының ардагері, 2-мәрте «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері Нұрлан Әбішевті еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде 3-орын, Нарынқолда өткен «Шығыс» аймақтық біріншілігінде 2-орынға ие болды. Санамалай берсек, Сырымның қол жеткізген табыстары қомақты. Тек биыл Ресейдің Рубцовск қаласында өткен Ресей біріншілігінен де жеңімпаз болып оралып, жастар арасындағы Сібір, Алтай өңірі біріншілігінің жеңімпазы Ашот Михитарянды еске алуға арналған турнирде 1-орын алды.

– Сырым өте еңбекқор. Тәртібі де өте жақсы. Әрқашан үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып жүреді. Сырымның болашағынан көп үміт күтемін, – дейді Ұлан ауданының аға жаттықтырушысы Берік Мусин.

Сонымен қатар, Сырым сыныбында да үздік оқушылардың бірінен саналады. Әсіресе, оның математикаға деген қызығушылығы жоғары.
Спорт та математика секілді. Дәлдік пен нақтылықты қажет етеді, – дейді ол әркез.

Сыныбының мақтанышына айналған Сырымның алар асуы әлі алда.

Алтынай Қуанышбек

Осы айдарда

Back to top button