Қоғам

Қырық бес жылдан соң бас қосты

Қырық бес жылдан соң бас қосты

Биыл аймағымызда алғаш рет облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен жерлестер форумы өткені белгілі. Қазір өңірдің әр жерінде жерлестер форумы жалғасын табуда. Жуықта Глубокое ауданының Березовка ауылындағы орта мектепті 1969 жылы бітірген түлектері бас қосып, білім ұяларына, ұстаздарына қошемет көрсетті.

Осы басқосуға Мәскеуден, енді бірі Германиядан ат терлетіп келді. Ресейден келгендер көп болды. Ал олардың басын қосып, бұл шараны өткізуге ұйтқы болған – бүгінде Березовка ауылында кәсіпкерлікпен шұғылданып, «Бауыржан Омарғалиев» шаруа қожалығының жұмы-сын дөңгелентіп отырған Бауыржан Омарғалиев.

– Туған ауылымызда күні бүгінге дейін тұрып келеміз. 1969 жылы мектепті бітірдік. Бұл форумды ұйымдастыруыма басты себеп – кезінде осы ауылдан көшіп кеткен жерлестеріме ауылымыздың бүгінін көрсетейін, егемендік алған жылдардан бері қаншалықты дамығандығын, тұрғындардың жағдайын, алға басуын көрсетейін деген ой болды. Ауылдың жолы жөнделіп, көшелері жарықтанды, енді әр үйге ауызсу келмек. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсарып, әл-ауқаттары артты. Келген сыныптастарым жетіс-тіктерді көріп, қуаныштарын жасыра алмауда. Біздің бастамамызға қолдау білдірген аудан әкіміне рақ-мет айтамыз, – дейді Бауыржан Омарғалиев.

Ол басқа жерлестерімен бірге форумға құр қол келмей, білім ордасының қазақ сыныбына арналған толық компьютерлік сыныпты барлық жабдықтарымен, үстел, орындықтарымен қоса әкеліп, орнатып беріпті. Одан бөлек, ауылдың өркендеуі жолындағы демеушілік қолдаулары да жетерлік.

Березовка ауылында білім беру 1883 жылы бастау алса, 1928 жылы ауылдастар күшімен 150 орындық жаңа мектеп салынған. 1937 жылы ол жетіжылдық мектепке айналып, 340 оқушыға тәлім берген. Сол кездегі мектеп директоры білім ордасына 33 жылын арнаған, ардақты ұстаз Матрена Богомолова болыпты.

Сол кездегі сынып жетекшісі әрі биология пәнінің мұғалімі Дина Шевченконың және ардагер ұстаз Евдокия Назарованың құттықтаулары әсерлі шығып, бүгінде өздері де ата-әжеге айналған түлектердің жанарларына жас алдырды. Сондай-ақ, жиналғандар құрметіне арнап биылғы түлек Николай Антонов пен бірінші сынып оқушысы Дарья Дмитриева сыңғырлата күміс қоңырау соқты. Жиналғандар арнайы слайдтар арқылы мектептің өткен тарихына қанықты.

– Қайда жүрсек те, ауылымыз есімізден кетпейді. Үнемі жерлес-термен байланыста болуға тырысамыз. Ауылымыздың гүлденгеніне қуаныштымыз. Шараны ұйымдастырушыларға ризашылығымыз шексіз, – дейді Ресей Федерациясынан келген Светлана Столкова.

Жерлестер форумына жиналған білім ордасының 1969 жылғы түлектерін аудан әкімі Арман Бекбосынов құттықтап, ауылдың дамуына еселі үлес қосып жүрген азаматтарды алғыс хатпен марапаттады. Жерлестер форумы ауылдық өнерпаздар әзірлеген концерттік бағдарламаларға жалғасып, кешкісін әр жылғы түлектердің ретро би кешіне ұласты.

Дәурен Аллабергенұлы
Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button