Қоғам

Қыруар қаржыға салынған сүт цехы неге тоқтап тұр?

Қыруар қаржыға салынған сүт цехы неге тоқтап тұр?


Көкпектідегі қуаттылығы бір ауысымда жеті тоннаны құрайтын «Толағай сүт» сүт өңдеу цехы 2017 жылдың тамыз айында облыс әкімінің қатысуымен ашылған болатын. Осы сүт өңдеу цехының ашыла салып, тоқтап қалғанына бір жылдан астам уақыт болды.

«Қалиқанұлы» шаруа қожалығының басшысы Марат Қаликовтің айтуынша, санитарлық-эпидемиологиялық станция сүт цехының санитарлық қорғау аймағы талаптарға сай келмейді деген желеумен цех жұмысын іске қосуға рұқсат бермей отыр. Ауданның жоғарыдағы және басқа да тиісті тексеруші, қадағалаушы органдары нысан қайта жөнделіп, салынып жатқан кезде қайда қараған?

«Салтанатты түрде цехты ашқан соң, барлығы жан-жаққа тарасты. Екі күн өткен соң санитарлық-эпидемиологиялық станция «тоқтаңыз, қорғаныш аймағы 50 метрді құрау керек, ал мұнда 25 метр ғана», деп қызметке тосқауыл қойды. Бітті. Рұқсатты әлі күнге дейін берген жоқ,содан бері біз жіпсіз байланып, әрекетсіз тұрмыз. Кезінде аудан әкімі, әкімдігі (РамильСағандықов – ред.) оның ашылуына өзі ұсыныс тастап, қолдау көрсеткен болса, қазір өндіріс ешкімге керексіз болып қалды», – дейді миллиондаған қаржы салып,ауылдан жаңа өндіріс түрін ашқан кәсіпкер Марат Қаликов.Осында жұмыссыз отырған бірнеше ауыл тұрғындары жұмысқа алынғаны -бөлек тақырып.

Марат Қаликовтің айтуынша, сүт өңдеу цехы 35 млн. теңгеге салынған, оның ішінде жеке қаражат та, несиелік қаражат та бар. Осы ақшаға кәсіпкер аукционда бұрын спорт кешені болған орынжайды сатып алады, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, заманауи қымбат технологиялық өндіріс желісін орнатады.

«Бізде онсыз да өндірістік нысандар аз. Сондықтан егер цех іске қосылса, өнімдері халық, мектептер, аурухана қажеттілігіне жарар еді. Енді осындай цехтың моншадан 25 метр қашықтықта орналасқаны үшін жұмыс істеуіне рұқсат бермеу, бұл – абсурд», – дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.

Айта кетелік, Марат Қаликов – сүтті мал шаруашылығы саласында тәжірибесі мол кәсіпкер. Шаруа қожалығының Семей қаласында сүт өңдейтін зауыт бар. Оның қуаттылығы күніне 20 тоннаны құрайды. Зауыт 2011 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп тұр. Кәсіпорында 17 түрлі өнім шығады, дайын өнім Семей мен Өскеменде сатылып келеді. Кәсіпкер алғаш рет Көкпекті ауданында сүт жинау, өңдеу мен өткізу өндірісін ұйымдастырған еді. Қазір сүт жинау бөлімдері ғана жұмыс істеп тұр, ал цехтың мәжбүрлі тұрып қалуы салдарынан сүт Семейге жөнелтіліп жатыр.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button