ҚоғамТОП

Ырғызбай әулиенің әкесі – Досхана батыр болған

Менің қолымда 2013 жылы шыққан халық ақыны Сүбебек Нұрбаевтың «Батырлар жорығы» атты кітабы. Кітапты ақынның қызы, оқушым Инабат естелік деп тарту етті. Өйткені әкесі Сүбебек – Жарма ауданының тумасы. Осы өлкеде 1898 жылы туып, 1974 жылы қайтыс болған.

Ақын 1928 жылдары кеңестік жалған жалаға ұшырап, Қытай асып, Шәуешек қаласында тұрады. Содан 1959 жылы Қазақстанға, туған өлкесі Қызылағашқа қайтып орнығады. 3-4 жыл тұрып, Аягөзге қоныс аударады. Сүбекеңмен сол жылдары жақсы араластым. Себебі ол – әйгілі ақын, ерекше әнші, күйші-домбырашы. Ауыз әдебиетінің білікті жырауы және емші еді. Бес аспап өнер иесі. Бірде қызу әңгіме үстінде былай деді:

– Мен – осы қанаты кең Қандығатай, Құсмұрын өлкесінің тумасымын. Осы аймақтан шыққан ақын-жыраулардың, батырлардың іс-әрекеті маған таныс. Әсіресе, қазақ-қалмақ ұрыстарында елі, жері үшін от кешкен ер жүрек батырлары есімде. Арасында осы өлкеден шыққан батыр аталарымыз да бар. Солар туралы «Батырлар жорығы» деген дастанды дайындап жүрмін. Кейін оқитын боласың. Сонда бабалардың ерлігіне мақтанасың. Айтқаны келді. Кітапқа кезінде ақын Мұқағали Мақатаев, Қазақ КСР Ғылым академиясының бөлім меңгерушісі Есмағамбет Ысмайлов, халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтер лайықты бағаларын беріпті. Кітап – 300 беттік, 8000 жолдық дастан, негізгі кейіпкерлері – Найман Байыс ұрпақтары, Сыбан, Ақымет, Мәмбетқұл, Керей, Арғын аталарынан шыққан ержүрек батыр тұлғалар. Оқиға «Ақтабан шұбырынды», яғни қалмақтарға қарсы ұрыс жайлы. Дастанның «Жалпы соғыс» деген тарауында қалмақ қолбасы Сәндінгірдің қазақ батырларымен шайқасын былай суреттейді:

Досхана, Жанкісі мен Ырыскелді,

Үшеуі тізе қосып умақ-шумақ.

Тілеуі жай жүргенде үшеуінің,

Қалмақтың сатпақ бетін қанмен жумақ.

немесе

Жанкісі, Ырыскелді, Досханамен,

Ортасын есік қылып барады осып.

Майекер, Тоқрар, Тұрсын жүрген жақын,

Кіруге таба алмады қалмақ тесік.

Осы батырлардың ішіндегі Досхана мен Тоқтар ағайынды, Жандостың ұлдары. Досхананың атақонысы – Қандығатай, Қарақия өңіріндегі «Досхана биігі» деген таулы аймақ. Жері шұрайлы. «Қапанбұлақ» шаруа қожалығы пайдаланып отыр. Тектіден текті ұрпақ тарайды демекші, батыр Досхананың бес ұлы болған. Олар – Ырғызбай, Өтебай, Наурызбай, Меңдібай, Қадыр. Ата қоныстары Кіндікті – Қандығатай аймағы. 1920 жылдан Кеңес өкметі солақай саясатымен ауқатты, аты шыққандарды бай-құлақ деп қудалады. Соның бірі – Ырғызбай ата ұрпағы. Әулиеде алты ұл болған. Ең кішісі – Кенжалы. Ол – шешен, би болған адам. Одан – үш ұл. Үлкені Әбсейіт Қыржы еліне болыс болыпты. Туысы Жүніс Меккеге барып қажы атанған. Әбсейіттің ұлы Мұхамәди – Мәмбетқұл елінің соңғы болысы. Ақырғы атақонысы – қазіргі Қызылағаш ауылық округіндегі Сәметей биігі, Көкпекті өзенінің бойы. Амал не, Кеңес өкметі Ырғызбай ата ұрпағын бай, батыр, үстем тап деп қудалауға алған. 1928-30 жылдары шамасы 35-40 жастағы Мұхамәди атамыздың мал-мүлкін кәмпескелеп, өзін 300 байдың қатарында жазықсыз Ақмола облысына жер аударған. Содан мүлдем хабарсыз кеткен. Артында қалған 5-6 жас мөлшеріндегі ұлын Жұмақан деген жылқышы туысы өз атына жаздырып алады. Шәкен ағамыз өлгенше сол фамилиямен кетті.

Ағасы Жүніс қажы дін таратушы деген жаламен Риддер қаласына жер аударылған. Мақаланы жазудағы бірінші мақсатымыз – Досхана бабамыздың елін, жерін қалмақтардан қорғаған, ел үшін туған батыр екенін халқы біле жүрсін деген ниет. Екінші мақсатымыз – 2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» туралы жарлығы шықты. Қазір арнайы комиссия құрылып жер-жерде жұмыс істеп жатыр. Сол комиссия жаламен жазықсыз жер ауған Ырғызбай әулие ұрпағы Мұхамәди Әбсейітұлының тарихын тексеріп, ақ-қарасын ашып, ақтаса дейміз. Егер тексеру сәтімен іске асса, кейінгі ағайын-туғаны, ұрпағы қуанып, алғыстарын айтар еді. Аса маңызды, жауапты іске кірісер комиссия мүшелеріне сәттілік тілейміз.

 

Мәуітқазы Зүкенов,

ардагер журналист

Осы айдарда

Back to top button