Қырдың қызыл сиырын әкеліп, сүтті көбейтті

Биылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бес жылдық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ауыл тұрғындарына, кәсіпкерлеріне бұрын-соңды болмаған үлкен қолдау ұсынып отырған жаңа бағдарламада кооператив құру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Сүт, көкөніс өндіру, мал бордақылау, жеміс-жидек, балық шаруашылығы, жүн, тері өңдеу бағыттарында құрылып жатқан кооперативтердің құрал-жабдықтар сатып алуға кеткен несие қаржысының тең жартысы (инвестсубсидия бағыты) мемлекеттен қайтарылып беріліп жатыр. Кооперативтерді қолдаудың екінші, үшінші тетігі бойынша кооперативтер өндірген өнімдерге де субсидия беріліп, олардың мүшелері жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілуде.
Семейге «Айшамен», Көкпектіге «Толағаймен» танылды
Құлқын сәріден жолға шыққан «Молоковозды» Көкпекті ауданындағы көпшілік ауылдар күн сайын асыға күтіп отыр. Таңмен таласа тұрып, шелектерін шүпілдете толтырып сүт өткізіп жүрген ауылдастарының тірлігін көрген көрші-қолаңдары да енді сауынды сиыр басын көбейтуге тырысып жатыр. Сүт өткізуден күнделікті түскен қолма-қол ақша отбасының айлығы бола алмағанымен, нан, шайдың, ұсақ-түйектің ақысын шығаруға артығымен жетеді.
«Бір кісі құдық қазса, мың кісі су ішер» деген, көкпектілік тұрғындарды сүт өткізуге құлшындырып отырған – «Қалиханұлы» қожалығының «Толағай» сүт өңдеу цехы. Қожалық иесі Марат Қалиханұлы осы өңірдің, Тассай ауылының тумасы. 2005 жылдан бері сүтті мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкердің Семей өңірінде 450 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы, Семей қаласында да сүт өңдеп, 18 түрлі өнім шығарып жатқан сүт зауыты бар. Шаруашылықтың Семейдегі сүт өнімдері көпке «Айша» деген атпен танымал.
Тамызда Көкпекті ауылында ашылған «Қалиханұлы» қожалығының «Толағай» сүт өңдеу цехына бүгінде бүкіл Көкпекті ауданының тұрғындары сүттерін өткізіп жатыр. Сүт өңдеушілерге, сүт өндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауларды (жоғарыда жазылғандай) алу үшін ауыл тұрғындары «Толағай» және «Ерлан-Жан» сүт кооперативтерін құрып, біріккен. Кооперативтің сүт жинайтын көліктері – «Молоковоздар» мен сүт қабылдап, салқындату құралдарына кеткен шығынының тең жартысы мемлекеттен бөлінген қаржымен қайтарылып беріліпті. Сонымен бірге, кооператив жинап, өткізіп отырған әр литр сүтке мемлекеттен 10 теңге субсидия төленіп жатыр.
Жан-жақтағы елді мекендерден тасымалданып жатқан сүт бүгінде аудан орталығындағы «Толағай» сүт зауытына өткізіліп, осы жерден сүт, сары май, кілегей, айран, сүзбе, қызыл ірімшік болып дүкен, базарларға жөнелтіліп отыр. Ауылдағы шағын өндірісте он түрлі сүт өнімдері шығарылып жатыр. Аудандағы, Семейдегі 100-ден астам бюджеттік мекемелердің дені «Қалихан» ШҚ ның Семей мен Көкпектідегі сүт зауыттарының өнімдерін пайдаланып келеді. Екі зауыттың да өнімдеріне деген сұраныстың көп болуының себебі- «Қалиханұлы» ШҚ сүт өнімдерінің табиғилығында, бағасының қолжетімділігінде. 30-50 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істеп, шикізатсыз отырған сүт зауыттары сүт өнімдерін шығаруға құрғақ сүт ұнтағын пайдаланып жатқаны қазір ешкімге жасырын емес. Зияны жоқ делінгенімен біресе кептіріліп, біресе сұйылтылып, бірнеше өңдеуден өткен сүттің қасиеті бәрібір төмендей түсетіні белгілі. «Толағайдың» майлылығы 3,2 пайыздық бір литр сүті – 160 теңгеден сатылуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған пресс-тур кезінде біз ауылдан «Толағай» сүт цехын ашып, сүт өткізушілердің басын біріктіріп, сүт кооперативін құрып, бір ауданның, бір қаланың тірлігін жандандырып отырған «Қалихан» ШҚ иесі Марат Каликовтың сүт өңдеу цехында болып, кәсіпкердің өзімен әңгімелескенбіз.
– Кәсіпкерлік жолымды 2005 жылы Тассай ауылында мал шаруашылығынан бастадым. 2011 жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 пайыздық несие алып, 150 бас етті бағыттағы ірі қара сатып алдым. 2009 жылдан бастап сүтті бағыттағы сиырлар сатып алып, Бесқарағай өңірінде тауарлы сүт фермасын аштым. Ресейден 105 асыл тұқымды, сүтті бағыттағы «Красно-степная» деген қырдың (далалық) қызыл сиырларын сатып әкелдім. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап Семейде сүт өңдеумен айналыса бастадым. Мемлекеттен қолдау көріп жатырмыз, сол себепті сүт өнімдерінің бағасын көтермей, имантаразы құнын қойып отырмыз, -деген Марат Қалиханұлы Көкпектіден ашылған «Толағай сүт» шағын кәсіпорнының да өнімдерін көбейте түспек ойда екенін айтты.
Көкпектідегі сүт цехында күніне екі тонна өнім өңделуде. Жазда сүт молайған кезде өнім көлемі ұлғая түседі. Кооператив сүтті тұрғындардан қазір 70 теңгеден сатып алып жатыр. Сүт азая бастайтын қысқы уақыттарда сүттің бағасы біршама көтерілмек. 20-дан астам мүшесі бар «Толағай» және «Ерлан Жан» кооперативтеріне сүт өткізушілердің саны көбейіп келеді.
Сарсуды төкпей, тамаққа айналдырмақ
«Толағай» сүт цехының ашылғанына бірер ай ғана болғанымен олардың сүт өнімдері өңір тұрғындарына әлден-ақ танылып үлгеріпті. Өнімдер екінші, үшінші тәулікке қалмайды. Жұрт әсіресе, жеңсік ас – қызыл ірімшікті жақсы алып жатыр. «Толағайдың» 1,5 мың теңгеден сатылып жатқан құнарлы, нәрлі бұл қызыл ірімшігі қалалық жердегі дүкендерде, базарларда 2000-2800 теңгеден сатылуда. Сүт өндірісінің технологы Райхан Дәулетинаның бізге түсіндіргеніндей, сүт өңдеуден бөлінетін сарсу денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан қызыл ірімшіктің ішіне аздап сарсу қалдырылып, ылғал күйінде өндіруде.
– Кейін бұл сарсуды да қайта өңдейміз. Жуықта Ресейден технолог шақырып, сарсудан жаңа сүт өнімін алудың технологиясымен жете таныстық. Семейлік ауыл шаруашылығы өнімдері ғылыми зерттеу институтының технолог ғалымдарымен де келісімшарт жасасып, осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Сарсудан алдағы уақытта альбуминді ірімшік шығармақпыз. Қазір мұндай майлылығы төмен ірімшікті облыста ешкім шығармайды. Өндірісте альбуминді ірімшікті өндіріп, сынақтан өткіздік,-дейді технолог Райхан.
Қожалық биыл Көкпекті ауданындағы Ажа ауылында 150 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын бастаған. 2018 жылы сүт фермасы салынып біткен соң сүт халықтан ғана емес, шаруашылықтың жақын жердегі осы өз фермасынан алынады. «Толағай» цехында бес адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
-Біз қазір ауыл тұрғындарының назарын малға селекция жасауға, сиырларды бұрынғыдай көктемде емес, күзде төлдетуге тырысу қажеттігіне аудартып жатырмыз. Қыста шикізат тапшы, сол кезде бағаны көтере түсеміз, сондықтан, сиырлардың қыста төлдегені тұрғындарға да, бізге де жақсы. Жалпы, екі сиыр ұстаған адам бір отбасына қажетті күнделікті шай, нанның ақшасын тауып отыр. Бір сүтті сиырдан күніне 15 литр сүт сауып, өткізіп отыратын болса, сонда екі сиыр ұстаған адам айына 60-70 мың теңге ақша табады. Сүт зауытының технологиясын жақсарту үшін Мәскеуден сыр шығаратын жаңа цех өндірісінің құрал-жабдықтарын әкеліп, орнатқалы жатырмыз,-дейді келешектегі жоспарларымен де бөліскен Марат Қалиханұлы.

«Толағайғ»а сүт тапсырып отырған екінші кооператив – Көкпектідегі «Ерлан Жан» кооперативі. Кооператив төрағасы – Ерлан Әубәкіров. Бұл кооператив сүтті ауданның 18 ауылдық округінен жинап әкеліп жатыр. Кооперативке 20 адам мүшелікке өтіпті. 2015 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан ұжымға қазір 82 ауыл тұрғыны сүт өткізіп отыр. «Ерлан Жан» кооперативі тамыз айында «Толғанай» сүт цехы ашылғанға дейін жиналған сүтті Семейге, «Қалиханұлы» ШҚның Семейдегі зауытына тасымалдап отырған. Көкпектіден шығып Семейге жеткенше бір «Молоковоз» сүттің ашып, ұйып кеткен кездері де аз болмапты. Өткізіліп жатқан сүттің майлылығы 3,6 пайыз, құнарлы, нәрлі сүт. Аудандағы Ажа, Теректі, Аухадиев ауылдарының тұрғындары кооперативке өте көп көлемде сүт өткізіп келеді. Шағын ғана Ажа ауылында 17 отбасы сүт өткізіп, әмияндарын тек сүттен түскен қаржымен толтырып отырған көрінеді.
Бір-біріне демеу болып, табыстарын арттырып, ауылдастарына жұмыс тауып беріп отырған шаруашылықтың, қос кооперативтің келешегі баянды болып, елге шапағаты тие берсін деген тілекпен аттандық қалаға Көкпектіден.
Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстанда барлығы 424 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Соның 71-і – сүт дайындайтын кооперативтер. Өңірде былтыр –алты, биыл 65 сүт кооперативтері құрылып, жұмыс істеп жатыр. Көкпекті ауданының шаруашылықтары бұл шаруаға өзге аудандардың алды болып, белсене кірісіп отыр. Қазір бұл ауданда 63 кооператив бар. Еліміз бойынша жыл басынан бері 745 кооператив құрылған, оның 273-і сүт дайындаумен айналысады.
Жанаргүл Мұқатай