Қоғам

«Қыран» ұзап барады

«Қыран» ұзап барады


«Алтай» тағы да ұпай жоғалтты. Он үшінші турда Талдықорғанда жергілікті «Жетісу-Б» командасымен кездескен семейлік ұжым 1:3 есебімен ұтылды.

Сөйтіп биылғы маусымда жетісулық командадан екінші мәрте жеңілді. Бірінші айналымда жерлестеріміз талдықорғандық қарсыластарына 0:1 есебімен жол берген болатын. Ол ойынның тағдырын кездесудің бірінші минутында соғылған доп шешкен еді. Бұл жолғы матчта да есеп ерте ашылды. Алғашқы голдың авторы – Темірлан Эльмурзаев. Дегенмен алтайлықтар Вячеслав Сердюковтың нәтижелі соққысының арқасында үзіліске дейін есепті теңестіре алды. Өкінішке қарай, бұл алтайлықтардың аталған кездесудегі бірінші әрі соңғы добы болды.

Екінші таймда қонақтармен салыстырғанда анағұрлым белсенді қимылдаған алаң иелері Жақып Қожамберді мен Айбар Жақсылықовтың шеберлігі арқасында қарсылас қақпасына тағы екі гол соқты. Қорытынды есеп – 3:1. «Жетісу» пайдасына.

Осы ойыннан кейін қоржында 24 ұпайы бар «Алтай» жарыс кестесінің үшінші сатысында тұр. Жерлестеріміз аталған турда ұпай еншілей алмаған екінші орындағы «Тараздан» үш ұпайға қалып тұр. Есесіне, кезекті жеңісін тойлаған көш басындағы шымкенттік «Қыран» қарсыластарынан ұзай түсті. Алтайлықтар шымкенттік ұжымнан сегіз ұпайға қалып тұр. Келесі кездесуін жерлестеріміз ертең өз алаңында оңтүстікқазақстандық «Мақтаарал» командасына қарсы өткізбек.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button