Саят

Қыран құсы үшін жанын қиған құсбегі

Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірінде ұмыт бола бастаған аңшылық, құсбегілік өнер кезінде еліміздің шығысында да, әсіресе, Тарбағатай өлкесінде кең қанат жайған екен.

Қыран құсы үшін жанын қиған құсбегіПатша заманында қазақтар құсбегілік өнерді қатты қызықтаған. Мәселен, 1913 жылы қазақтың аңшы, құсбегілері Романовтар әулетінің 300 жылдық салтанатына қатысып, тойға жиналғандарға өнер көрсетіпті. Солардың ішінде Тарбағатай өңірінен шыққан атақты құсбегілер қатысқан деген дерек бар. Солардың бірі – Дәулетбек Көшімов.

Дәулетбек Көшімов туралы 1945 жылы «Болат тырнақ» атты кітап жазылып, деректі фильм түсірілген көрінеді. Көшімовтың қыран бүркіті қасқырмен айқас кезінде бір тырнағын шайнатып алған екен. Әккі құсбегі оның жарасын емдеп жазып, шайналған тұяғының тұқылына болаттан тырнақ жасап кигізіпті.

Ал осы өлкеден шыққан тағы бір атақты құсбегі Керім Күдековтың әкесі көктемде құс салып жүріп, қар аралас жаңбырға тап болады. Осы кезде қыран құсын үсікке ұрындырып алмау үшін өзінің киімін жауып, қорғапты. Сол жолы құсбегінің өкпесіне суық тиіп, қатты ауырып, қайтыс болған екен.

Бүркітін туған ұлының атына рәсімдеткен

Тарбағатайлық атақты аңшы, құсбегі Тоқтасын Мәмбетов деген адам нәубет жылдарында Қытайға асып кеткен. Кейін заман тынышталғанда қайта оралады. Ол атақты қыран бүркітін шекараға өзімен бірге ала келеді.

– Өзіңіздің құжатыңыз дұрыс екен. Бері өтуіңізге болады. Бірақ, бүркітіңізді асырмаймыз, – дейді оған шекарашылар. Қыранын баласынан артық көретін құсбегі:

– Бұл құсты туған ұлымдай жақсы көремін. Қалай тастап кетпекпін? – дейді.

– Туған ұлыңыздай болса, Қытайдан тууы туралы куәлік жаздырып әкелмейсіз бе? – деп әзілдейді шекарашылар.

Содан кері қайтып кеткен Тоқтасын қария бүркітін туған ұлы Сәрсенбек Тоқтасыновтың атына рәсімдетіп әкеліп, шекара асырған екен. Ол осы құсымен Нұра ауылына мекендеп, 20 жыл ғұмыр кешкен.

«Ауланған аңды өзгеге байлағанымды итім білмеуі керек»

Шілікті ауылында ертеде Қилыбай деген аңшы өткен екен. Өзі асқан жомарт болыпты. Ол атақты құмай тазысымен аң аулап, олжа үлестіру арқылы жоқ-жітіктерге көмектесіп тұрған. Бірақ, оның ұстанған ырымы: алған аңын басқа адамға итінің алдында бермейтін болған. Тек үйге келген соң, итінен аулақта береді екен. Ол кісі: «ит аңды өзінің иесі үшін аулайды. Сондықтан итім аулаған аңын басқаға бергенімді ұнатпайды. Тіпті, аңға жүгірмейтін болып кетуі де мүмкін. Сондықтан менің ауланған аңды өзгеге байлағанымды итім білмеуі керек» дейді екен.

Қалба өзені бойында Бұлан Жананұлы деген атақты бай болған. Ол Құмай атты тазысының алған түлкілерін сату арқылы байыпты. «Бұланның жылқысы Көкпекті өзенінен су ішкенде аяғындағы ауылдар сусыз қалады екен» деген аңыз күні бүгінге дейін айтылады. Бұлан саудасын Сыбан руынан шыққан Қуаныш Жұрынбайұлы деген жігітке басқартқан. Соңында оған Қаныша атты жалғыз қызын берген.

– Қуаныш та байып, соңында қажыға барыпты, – дейді Бұланның ұрпағы, семейлік Сайлау Молдаханов атты қария.

Қызылкесік ауылының көнекөздерінің айтуынша, 1920-жылдары руы қыржы Шөшекбай Саянұлы деген кісінің даңқы осы өңірге жайылған ерен аңшы көк иті болыпты. Аса жүйрік тазы кезіккен қасқыр мен түлкіні құтқармайды екен. Көк иттің даңқын естіген аңшылар Шөшекбайға ат, атан ұсынып, итін қалап сұрағанымен, ол оны ешкімге де бермепті. Тіпті, ол итті Қытайдың Шәуешек өңірінен қалап-сұрап келгендер де болған екен.

Бір жылы Қарғыба жақтың бір топ аңшылары Шөшекбайға: «Біздің жақта бір түлкіні ешбір аңшының иті ала алмады. Түн болса, бір қараған шұбарға келіп түнейді. Сол түлкіге көк ит қана жетуі мүмкін» деп, Шөшекбайға сәлем айтып, шақыртады. Шөшекбай барған соң аңшылар алакеуімде жиналып, әлгі түлкі түнейтін дағдылы жерге келеді. «Көк ит қараған шұбардың ішінен қаша жөнелген әккі түлкіні көп ұзатпай қуып жетіп, ұстапты» деген аңыз бар.

Ернұр Айтмұқашов

Осы айдарда

Back to top button