Ынтымағы берік елдің ырысы мол

Ержан Әбіш
Еліміздегі ең алғашқы Достық үйінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы мереке қайта жаңғырған Республика күні мейрамымен тұспа-тұс келді. Мерейтойға арналған салтанатты жиында қоғам бірлігін сақтауға үлес қосқан белсенді азаматтарға құрмет көрсетілді.
Республика күніне орай Өскемендегі облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының 30 жылдығын мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVIII сессиясының кеңейтілген отырысы және мерекелік концерт өтті.
Достық үйінің табалдырығын аттаған қонақтар бірден ұлттық аспаптардың жанды әуенін тыңдап, қуанышты әсерге бөленді. Этностардың мәдени ерекшелігін бейнелейтін тақырыптық көрме ешкімді бейжай қалдырмады. Сондай-ақ мұнда «Ақ үкі» студиясының шеберлері жасаған қолөнер бұйымдары да ұсынылды.
Салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Даниал Ахметов, ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Достық үйі мен ҚХА белсенділері, этномәдени бірлестіктердің, шығармашылық ұжымдардың өкілдері, «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелері, қоғам қайраткерлері, өңір жұртшылығы қатысты.
– 1992 жылы Өскеменде ел тарихындағы алғашқы Достық үйі ашылды. Бүгінде облыс аудан-қалаларындағы жеті Достық үйінде 72 этномәдени бірлестік жұмыс істеп келеді, түрлі ұлттың сегіз тілі тегін оқытылады. Бұл мекемеде медиацияны, яғни бітімгершілікті ілгерілетудің оң тәжірибесі жинақталған. Бейінді мемлекеттік органдармен және кәсіподақтармен меморандумдар іске асуда. Облыстық Достық үйі базасында медиация кабинетінің виртуалды қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Біз кәсіби және қоғамдық медиаторлардың әлеуетін пайдалана отырып, медиативтік рәсімдерді қолдануды кеңейтуіміз қажет. Мұның бәрі ауқымды этносаралық коммуникацияның тиімді алаңына айналуы тиіс. Осы мақсатта біз 241 қалалық, аудандық, ауылдық қоғамдық келісім кеңестерінің, аналар кеңестерінің әлеуетін барынша пайдалануымыз қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов отырыс барысында.
Сонымен қатар ол ШҚО халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобына этнографиялық зерттеулер мен толеранттылық мектебінің жобасын жалғастыруды тапсырды.
Облыс әкімі өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ Достық үйінің сапалы жаңа деңгейге көтерілуге, азаматтық қоғамды бұдан да кеңірек тартуға жетерлік әлеуетке ие екенін де ерекше атап өтті.
– Ұлтаралық келісімді нығайтуға баға жетпес үлес қосып келе жатқан Достық үйі Өскемендегі бірегей этноауылдың құрылуына да мұрындық болды. Енді жастармен жұмыс барлық қоғамдық институттар мен Достық үйлерінің базасында жүргізілуі тиіс. «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшелері жастарды еріктілер қозғалысына тартуы, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруы, кәсіп алу мен жұмыспен қамту жөніндегі мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруі қажет, – деді аймақ басшысы.
Іс-шара барысында Ғалым Шойкин Шығыс жұртшылығын Республика күнімен құттықтады.
– Біз облыстық Достық үйінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Дәл осы Шығыс Қазақстанның тәжірибесі бүкіл елімізде 40-тан астам Достық үйінің құрылуына негіз болды, сондықтан оның орны мен сіздер атқарып отырған жұмыстың маңызы ерекше. Алдағы уақытта да сіздерден тың жобалар мен идеялар күтеміз. Баршаңызға бейбітшілік пен келісімді нығайту жолындағы күнделікті еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді ол.
Репрессия құрбандарына ескерткіш орнату ұсынылды
Өскемендегі тұңғыш Достық үйі 30 жыл бойы өңірдегі татулық пен келісім ордасы ретіндегі миссиясын абыроймен атқарып келеді.
Сессия қорытындысында облыс әкімі ШҚО ҚХА ардагерлеріне құрмет грамоталары мен наградалар табыс етті. Олардың қатарында тұңғыш Достық үйінің іргесін қалауға зор үлес қосқан Лео Шик, Татьяна Кагерманова, Карен Нариманян, Күлбарам Етекбаева, Роза Цис, Александр Алексеенко, Майра Бейсеқанова, Галина Борисович, Евгений Шумахер, Александр Яковлев сынды өңірге белгілі адамдар бар.
– Ел Президенті атап өткендей, бүгінде этносаралық факторды саясаттандыруға жол бермеу үшін Ассамблеяның саяси реформалардағы рөлін күшейту қажет. ШҚО Ассамблеясының мүшелері облыстық мәслихаттың, жұртшылық кеңестерінің құрамына енеді және ұлтына қарамастан адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде. Ассамблея ақпаратты берудің және сындарлы диалог үшін жағдай жасаудың ең озық әрі заманауи құралдарын пайдаланады. Дәл осы адамдар елімізді өркендетуге бағытталған үйлесімді және ортақ жұмыстың үлгісі болып отыр, – деді Даниал Ахметов.
Жиында сөз сөйлеген ШҚО ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, тарихшы Александр Алексеенко ұлтаралық қарым-қатынастардың жай-күйіне жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесімен таныстырды. Ғалымның пікірінше, бұл саладағы түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың алдын алу үшін көпшілікпен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу маңызды.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі Алдияр Әубәкіров Өскеменде репрессия құрбандарына арналған ескерткіш орнату туралы ұсыныс білдірді. Жоба эскизі дайын, қаржы мәселесі шешілсе келер жылдың 31 мамырында ашуға болады.
Ал республикалық татар-башқұрт этномәдени бірлестіктері қауымдастығының президенті Ғабдулхай Ишмуратов Өскемендегі этноауылда татар елімен бірлесіп сабантой өткізуді ұсынды. Татарстанда біздің үлгіге сай Достық үйлері ашылған, олар Шығысқа келуге ниет білдіріп отыр. Аймақ басшысы идеяны қолдап, осы жөнінде Татарстан президентімен тікелей хабарласатынын жеткізді.
«Ассамблея жастар» қозғалысының мүшесі Аяулым Қарқын құрбы-құрдастарын ұйым жұмысына белсенді атсалысуға үндеді.
Концерттік бағдарлама өзінің ауқымымен және жанрлық алуандығымен тәнті етті. Ұлттық және патриоттық ән-билер көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлады.