Қоғам

Үйіндінің астынан төрт адамды алып шықты

Үйіндінің астынан төрт адамды алып шықты
Қаһармандық, ерлік, батылдық бейбіт күнде де болып жатады. Оқыс оқиғалар кезінде жүрегі жалынға толы адам өз басын қатерге тігіп, ойланбастан батыл қадам жасап, ажал аузынан кез келгенді құтқарып қалуы мүмкін. Қауіпке еш іркілместен қарсы шапқан ішкі істер органдарының қызметкерлері туралы аңызға бергісіз ақиқат бүгінде баршылық.
Бір автобус баланы құтқару үшін өзін мерт еткен, жаралы жолдасын аман алып қалған, қөлік жолына шығып кеткен балдырғанды, өртеніп жатқан үйден шиеттей нәрестені құтқарған, басын бәйгеге тігіп отырып қылмыскерлерді ұстаған ерлеріміз аз емес. Бейбіт күндегі ерен ерліктің үлгілері дерсің.
2016 жылдың наурызында Өскеменде орын алған мына жағдайды да бейбіт заманның ерлігі деуге болады.
Өскемен қаласы Ішкі істер басқармасының жол-патруль полицейлері, полиция аға сержанты Ерлік Көкешов пен полиция сержанты Тілек Кенжебаев «Қыран-20» патрульдік автокөлігімен әдеттегідей Прохладное шағын ауданында кезекшілікке шығады. Міндеттері бойынша шағын ауданды аралап шығып, қала көшелерінің тыныштығына көз жеткізіп, кезекшілік нүктесіне келіп тұрғандары сол еді, анадайдан жан ұшыра жүгірген азаматты байқады. Жандарына жүгіріп жеткен азамат тәртіп сақшыларына сол маңдағы өндірістік қоқыс-қалдықтарды төгетін алаңда бірнеше адамды топырақ басып қалғанын хабарлайды.
Қос полицей бірден «102» арқылы орталыққа хабар беріп, бірден оқиға болған орынға бет алады. Оқиға болған жерге жеткен Ерлік пен Тілек ешкімді күтпестен дереу көмекке ұмтылады.
Үй орнындай үйінді астында қалған жандарды тезірек шығару үшін қажетті құралдар болмаса да, жалаң қолмен аршуға тура келді. Жанталаса қимылдаған полицейлер төтенше жағдайлар қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келіп жеткенше, қалың үйінді астынан 4 адамды шығарып, қолдарынан келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Құтқарылған төрт адамның екеуінде тіршілік белгісі байқалмаса да, қалған екеуі жедел жәрдем қызметкерлеріне табысталады.
– Жалаң қолмен топырақ аралас қоқысты аршып, төрт адамды алып шықтық. Өкінішке қарай құтқарылғандардың ішіндегі екеуі бірнеше тонна қоқыстың астында жантәсілім болыпты, -дейді Ерлік Көкешев. – Тірі қалған екеуіне дәрігерлік көмек көрсетілді.
Полиция сержанты Тілек Кенжебаев «Бұл ісімізді ерлік деп айтуға болмас», – дейді қарапайымдылық танытып. – Осындай оқыс жағдайда тек адам өмірін ажалдан арашалауды ойлайсың. Бұл біздің қызметтік, адамдық міндетіміз. Біз тек өз міндетімізді атқардық. Өйткені біздің Отан алдындағы парызымыз – адам өмірі мен қоғам тыныштығын күзету. Біздің орнымызда кім болса да солай әрекет етеді деп ойлаймыз.
Осындай ерен ерлік істері үшін қос полиция қызметкеріне былтыр Павлодар қаласында «Қазіргі заман қаһарманы» республикалық акциясы аясында өткізілген қаһарман-полицейлерге салтанатты түрде құрмет көрсету рәсімінде Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев Алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.
Бейбіт елдің тыныштығын күзетуде ерлікке тән әрекет еткен батыр ұлдарымыз өз қызметтеріне деген адалдықтың үлгісін көрсетті. Ел үшін ерен еңбектің майданында жүрген қазіргі заманның хас батырлары қандай да құрметке лайық.
Ербол Әмірхасенов,
Өскемен қаласы ІІБ баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button