Қоғам

Қымызды тегін таратты

Қымызды тегін таратты


Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі барлық қалалар мен аудандарда барынша лайықты деңгейде тойланды. Әсіресе, Семейде ұлан-асыр той өтті.
Халықтың көңіл-күйі көтеріңкі болды. Орталық алаңға жиналған үлкен мен кішіні қала әкімі Ермак Сәлімов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бұл күні қала тұрғындары мен қонақтары Қымызмұрындық мерекесін тойлады. Онда 500 литрден астам қымыз тегін таратылды.

– Бұрын қазақтар бие сауғанда алғашқы саумал қымызға сол ауыл адамдарының бәрін шақырып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып отырған екен. Міне, Қымызмұрындық мерекесі осының жалғасы іспетті. Бұл шараны ұйымдастыруға «Ахау, Семей» мен Қазақ мәдени орталықтарының ұжымы, сондай-ақ орталық саябақ қызметкерлері қол ұшын берді, – дейді Семейдегі мұсылман әйелдер одағының төрайымы Гүлжиһан Жұматаева.

Орталық алаңда бас қосқан семейліктер «Ынтымақ. Байлық. Келісім. Ең басты байлық ел үшін» атты концерттік бағдарламаны тамашалады. Бұдан соң мерекелік шараға жиналған қауым кітапхана мен музей қызметкерлері ұйымдастырған «Ашық есік күн» мәдени бағдарламасына қатысты. Ал түстен кейін орталық саябақта ұлттар достығын паш ететін «Берекелі бейбіт ел» атты концерттік бағдарлама өтті.

– Семейде жүзден астам ұлттың өкілі тұрады. Мұнда жиырмаға жуық этномәдени орталық бар. Бүгін соның барлығы жеке-жеке ауыл құрып, концерт ұйымдастырып, бірліктің бекемдігін көрсетіп жатыр. Барлығының тілегі мен мақсаты бір. Бәріміз де Қазақ елінің болашағы үшін еңбек етудеміз, – дейді татар мәдени орталығының төрайымы Камилия Исмаилова.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button