Қымыз өндіретін эко-кешеннен ғарыш техникасына дейін…

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 160 өнертапқыш Өскеменде өткен «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» республикалық байқауына қатысты. Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында өткен инновациялық идеялар байқауында аймақтық кезең жеңімпаздарының білімдері сынға түсті.
-Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен бұл сайыс жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы республикалық байқаудың Өскеменде ұйымдастырылуы бекер емес. Былтыр Қарағанды қаласында өткен сайыста Шығыстың дарынды жастары жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Оның үстіне бұл өңірде балалардың ғылыми-техникалық дамуына ерекше көңіл бөлінеді,-деді Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер. – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен барлық салаға инновациялық технологияларды енгізу, цифрландыру қолға алынып отыр. Бүгінгі жоғары технологиялар заманында білімді әрі бәсекеге қабілетті болудың маңызы зор. Еліміздің зияткерлік әлеуетін құрайтын осы жастар. Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жас ұрпақтың болашақта мықты өнертапқыш және елдің абырой-даңқын асыратын тұлға болып өсетіндігіне сенімім мол.
Байқау барысында талантты жастар техникалық өнердің түрлі саласында тоғыз аталым бойынша әзірлеп келген жобаларын қорғады. Қатысушылар ұсынған жобалар бірінен-бірі өткен қызықты, креативті әрі ғылыми жаңашылдығымен ерекшеленді. Жобалардың дені автокөлік, әскери және ғарыш техникасы, ракета жасау, құрылыс салаларына арналыпты. Жылу, электр энергиясы және органикалық тыңайтқыштар алу мақсатындағы ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу заводы, өндіріс саласындағы жылжымалы роботты станоктар, ұлттық нақыштағы ғимараттар, қымыз өндіру эко-кешені де қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды.
Жас өнертапқыштардың еңбегін өңірдегі жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары мен кафедра меңгерушілері әділ бағалап, нәтижесінде тоғыз аталым номинация бойынша алматылық Айтөре Хамзахан, Нұрәлі Тоқбергенов, Роман Ли, павлодарлық Баязет Искаков, батысқазақстандық Ақбаян Баймағамбетова, жамбылдық Сұңқар Сухымбек, Никита Пак, қызылордалық Бейбарыс Раушанбек, қарағандылық Ғабиден Сағынтаев және Ақмола облысынан келген Руслан Мерей бірінші дәрежелі дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ байқау қорытындысында үздік командалар да анықталып, жүлделі орындарға ие болған Жамбыл, Ақмола және Шығыс Қазақстан облысының командалары кубок, медальдармен марапатталды.
Дәстүрлі байқау келер жылы Жамбыл облысында өтетін болды.
Айжанат Бақытқызы