Қымбатшылық қалтаға салмақ салып тұр
Азық-түлік бағасының жаппай қымбаттап жатуы ауылдың да, қаланың да халқына қатты батып отыр. Қаңтардан соңын ала ет қымбаттап, жұмыртқа мен сүттің бағасы үсті-үстіне өсіп, қант пен күріштің де келісі көтеріліп кетті. Коммуналдық, тұрмыстық, медициналық қызметтердің, дәрі-дәрмек пен жанармай, өзге де дүниенің қып -қызыл шығыны өз алдына бөлек әңгіме. Көктем келгенімен, қос бүйірден қысқан бұл қымбатшылықтың ызғары бұқараның көңіл күйін түсіріп-ақ тұр.
«Нарықтық реттеу», «нарықтық қатынас», анау деп, мынау деп, азық-түлік бағасының аспандап бара жатқанына қанша жерден уәж тауып айтқанмен, қымбатшылық айлық жалақысын ішіп-жеміне әрең жеткізіп жүрген жұрттың арқасын аяздай қаруда.
Аса қажетті әлеуметтік маңыздағы өнімдер ішінде қалада көтерілмей тұрғаны «Багратион» ШҚ-ның өнімдері болатын. 1 наурыздан бастап оның да барлық өнімі 10-15 пайызға қымбаттады. Ел ең арзаны деп алып жүрген 195 теңгелік бір литрлік сүт бағасы 220 теңгеге жетіпті. Аталған шаруа қожалығы кәсіпорнының иесі сүт зауыттары ішінде өздерінің ең соңғы болып бағаны лажсыздан көтергенін айтып, бағаны қымбаттату өнімнің өзіндік құнына кететін шығынның өскендігіне, бүгінгідей қымбатшылық кезінде жұмысшылардың еңбекақысын көтеру қажеттігінің тууына байланысты шарасыздықтан жасалған шара екендігін жеткізді.
Өскемен мен Семей қалаларының тұрғындары қымбаттап кеткен сүт, май, жұмыртқа, көкөніс, ет өнімдерін енді сенбілік жәрмеңкелерге барып қана арзанға ала алады. Облыс әкімінің өкімімен ақпан айынан бастап Өскемен мен Семей қалаларында әр сенбі сайын әр ауданнан әкелінетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі өтіп жатыр. Жәрмеңкелер 27 мамырға дейін сенбі күндері Өскемендегі «Фрешмаркет», Семейдегі «Северный» сауда логистикалық орталығында өтіп отырады. Мұндай жәрмеңкелер барлық аудан орталықтары мен қалаларда да өткізіліп жатыр.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы Майра Нұрбаева әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жыл басынан бері облыс бойынша 75 ірі кәсіпорынмен, 3 587 сауда өкілдіктерімен меморандум жасалғанын, қымбатшылықтың алдын алу шаралары жалғастырылып жатқанын айтты. Қаладағы «Ертіс» ӘКК қарасты сауда орындары мен дүңгіршектерде барлығы 100-ден астам сауда нүктесінде тұрақтандыру қорының көкөністері 50-55 теңгеден сатылып жатыр. Қазіргі күні қорда 2,5 мың тонна өнім қалған.
– Тұрақтандыру қоры деп жазылып тұрған осы дүңгіршектен күзден бері көкөністердің келісін 55 теңгеден сатып алып жүрмін. Көктем шықса да, өнімдер әлі жақсы сақталған, бұзылмаған. Картоптың сапасы ғана нашарлау. Бірақ бұл жердің арзан көкөнісі жиі-жиі болмай қалады, – дейді Тәуелсіздік көшесі 14/1 үйдің қапталында тұрған тұрақтандыру қоры дүңгіршегінен сауда жасап жатқан Гүлзия Жанпейісова. Дүңгіршек сатушысы арзан көкөністердің болмай қалуын жолдың жабылып қалуымен әрі келген өнімдердің тез өтіп кететіндігімен түсіндірді.
Майра Нұрбаева, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мемлекеттік сауда саясатын іске асыру бөлімінің басшысы:
– Қазір Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктерінде әлеуметтік маңыздағы 18 түрлі азық-түлік бағасын тұрақты ұстай отырып, бұл өнімдерге қосылатын үстеме бағаның мөлшеріне реттеу жүргізу үшін Қазақстандағы «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңға өзгерістер енгізу мәселесі көтеріліп, қарастырылып жатыр. Биыл, мүмкін келер жылы осы өзгерістер енгізілетін болса, бірінші қажеттіліктегі азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстап тұрудың нақты тетігі пайда болып, бағаны реттеуге бірден-бір оңды жағдай туады. Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік облыс орталығы мен аудандардағы 920 әлеуметтік бұрыштар мен 54 «Ардагер» дүкендері желісінде нарықтағыдан төмен бағамен сатылып жатыр.
Жергілікті жерлерде нан бағасының көтерілуіне жол бермеуге баса назар аударылуда. Мәселен, Ұржар, Тарбағатай аудандары мен Семейде нан 50-60 теңгеден де сатылып жатыр.
Жанаргүл Мұқатай