Қоғам

Қымбат көмірді жұрт малға айырбастап алып жатыр

Қымбат көмірді жұрт малға  айырбастап алып жатыр


Жанар-жағармай бағасының көтеріліп кеткені өз алдына, кей өңірлерде қымбат жанармайды ақшаға сатып алудың өзі де мүмкін болмай, бірнеше күн бойы ЖҚС-тар жабық тұр. Көліктің отынымен бірге облыста қыстық отын-көмірдің бағасы шарықтап барады.

Қымбатқа сатылып жатқан көмір әсіресе шалғайдағы Күршім ауданы тұрғындарының арқасына аяздай батуда. Былтыр көмірдің тоннасы бұл жақта 14-15 мың теңге аралығында болса, биыл ауыл тұрғындары 16-17 мың теңгеден сатып алып жатыр. Отқа тамыздық ағаштың бағасы да бұл жақтағыларға тым қымбатқа түсуде. Қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа қамданған халық көмірді де, ағашты да қымбаттығына қарамай, қарызданса да сатып алуға тырысуда. Қаражаты жоқ болып қысылған жұрт көмірді қолындағы малына да айырбастап, сатып алып жатыр.

-Былтыр біздің өңірде көмірдің тоннасы биылғыдан бір, екі мың теңгеге арзан болды. Биыл көмір қымбат. Қалғұты ауылдық округіндегі төрт елді мекенге 150 мың тонна көмір керек болса, қазіргі күнге дейін соның 100 мың тоннасы түсірілді. Қымбат көмірді малға айырбастап алып жатқандар да көп. Қаратоғай орта мектебіне қажетті көмір қоры да тасылып жеткізілді, – дейді Қалғұты ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Динара Әбиева.

Қырдағы Тарбағатай ауданы өңірінің тұрғындары да ауылдарға жеткізіліп жатқан Қаражыраның көмірін қымбатқа сатып алып жатыр. Дегенмен де, бұл жақта көмірдің тоннасы Күршім ауданындағыдан арзанырақ, 15 мың теңгеден болып тұр.

Көмір тасымалдаушы кәсіпкерлер болса, бұл бағаның қымбатшылық қысқан бүгінгі заман үшін арзан екендігін, алдағы уақытта кеніштер өз отындарының бағасын көтере түсетіндігін айтып, лажсыз елдің еңсесін одан сайын түсіріп бағуда. Алдағы қыстың қатты болатынын, ұзаққа созылатындығын естіп-біліп жатқан ауыл тұрғындары көмір тиелген көліктерге таңның атысынан таласа-тармаса кезекке тұрып, сапалы- сапасыз, жаман-жақсы, қымбат-арзан демей сатып алып жатыр. Көмір бағасының үсті-үстіне қымбаттауына не себеп болып отыр, тосқауыл бола ма? Осы сауалды облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті мамандарына қойып, олардан көмірді өндіруші, тасымалдаушы субъектілерге ресми тексеру сауалдарының енді ғана жіберіліп отырғаны, қорытындысы он күннен соң дайын болатыны туралы жауап алдық.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button