Ғылыми жобалар өндіріске енгізілуі тиіс
Парламент Мәжілісінің депутат¬тары өңірлерді аралап, Елбасының биыл¬ғы Жолдауының ерекшеліктері мен міндеттерін жұртшылыққа жеткізуде. Кеше Мәжіліс депутаттары Бейбіт Мамраев пен Мұхтар Ерман Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың акт залында жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және ғалымдарымен кездесті.
Бүгінгі таңда еліміз индустриялық-инновациялық даму жолын таңдап, өркениет көшінен қалыспауға тырысып келеді. Әлбетте, бұл ретте білім мен ғылымның алар орны ерекше. Депутаттар қалаулылары жоғары оқу орындарының әлеуетін көтеру – уақыт талабы деп санайды, өйткені қазіргі кезде заманауи мамандықтар қажет. Сонымен бірге, биылдан бастап елімізде кәсіби-техникалық арнаулы білім тегін беріле бастайды. Осы ретте де ең алдымен сапаға мән берген жөн.
– Бізге білікті әрі қазіргі заман талаптарына сай келетін мамандар керек. Сондықтан білім саласы үздіксіз реформалауды қажет етеді. Қазіргі заманда ғылым мен технология күн санап дамуда, әлем сандық революция қарсаңында тұр. Оқу орындары осы үдерістен қалып қалмауы тиіс. Ал ғылыми жобалар міндетті түрде өндіріске енгізілуі шарт, – деген Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев осы орайда Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бастамаларына жоғары баға берді. Десек те, депутат бұл бағытта жылдамдық пен жүйеліліктің жетіспейтінін алға тартты.
Ғылыми жаңашылдықты жүзеге асыруда, нақты кәдеге жаратуда қағазбастылық көп, сонымен қатар, мемлекет тарапынан заңнамалық қолдау жоқтың қасы. Осы мәселе алдағы уақытта Мәжіліс қабырғасында арнайы талқыланатын болады. Әзірше, депутаттар сала мамандарынан, сарапшылардан ой-пікір жинауда.
Аймақ басшысының тікелей мұрындық болуымен және жан-жақты қолдау білдіруімен қазір аталмыш оқу орны өңірдегі іргелі өндіріс орындарымен бірлесе он жобаны қолға алған. Олар ғылыми жаңалықтарды өнеркәсіпке енгізіп, өзіндік құны жоғары өнім өндіруді мақсат етеді.
– Бүгін біз оқытушылар қауымымен, ғалымдармен жүздесіп, саланың өзекті мәселелерін талқыға салдық. Әрине, кез келген салада қордаланған мәселе жетерлік. Бізге жаңа мамандықтарды дайындау керек. Мысалы, гидромеханик сынды мамандыққа елімізде ешбір оқу орны оқытпайды. Ал біз суармалы егіншілікті дамытуды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, елімізге 900-ге жуық фармаколог жетіспейді екен, осы салада еңбек етіп жүргендердің бес пайызы ғана маман. Оқу орындарында жаңа мамандық ашудың өзі үлкен жұмыс, кезінде Өскемендегі бір жоғары оқу орнында ядрошы физик дайындау үшін көптеген қиындықтарға тап болғанбыз, – деп ойын білдірді Бейбіт Мамраев.
Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев кездесу барысында университеттің материалдық-техникалық жабдық¬та¬луымен толық танысып, Елбасы тапсырмаларының жергілікті жерде табысты іске асып жатқанының куәсі болды. Депутат еліміздегі білім беру саласындағы өзге¬рістер туралы әңгімелеп, осы тұрғыда қойылған сауалдарға тиянақты жауап қайтарды.
Ержан Әбіш