Қоғам

Ғылыми-зерттеу бағытымыз айқындалды

Ғылыми-зерттеу бағытымыз айқындалды


Адамзат жаралғаннан бері тарих көші ешқашан толастаған емес. Сан мыңдаған жылдар бойы жер бетіндегі тіршілік иелері табиғи, тарихи даму үрдісінде қаншама қиыншылықтарды бастан өткере отырып ізденімпаздықпен, өткеннің қателігінен үйрену арқылы өмір сүруге, тіршілігіне қажет жанды мен жансыздың бәрін қажетіне жарату арқылы бүгінгі өркениетке жеткені анық.

Еліміз егенмендік алған жылдардан бері Елбасының басшылығымен, қолдауымен елдің, жердің тарихын терең зерттеп білу, ақтаңдақ кездерде жаңсақ айтылған пікірлер мен ұғымдарға тарихи тұрғыдан оң бағасын беру жұмыстары «Мәдени мұра», «Мәңгілік ел», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары аясында атқарылды.

Осы бағдарламалардың жалғасы іспетті Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихшы, әдебиетші, өнер зерттеушісі, өлкетанушы, жалпы елдің рухани дамуынан тыс қалмайтын зиялы қауым, ізденушілер, жастар үшін қазіргі және болашақ ұрпақтың ел, жер, ұлт мәдениетін терең меңгеруіне серпін беретін тарихи маңызды еңбек екені сөзсіз.

Түркі халқын, соның ішінде бабаларымыздың жауынгерлік бейнесін жылқысыз елестету мүмкін емес. Жылқыны үйретіп, қажетіне жарату арқылы көрші елдердің шабуылынан қорғану, елін, жерін қорғау, алыс қашықтықтарды бағындыру – ер серігі жылқының арқасында жүзеге асты десек артық айтқандық емес. Тіпті кешегі Ұлы Отан соғысында қазақ жауынгерлерінен жасақталған атты гвардия тосыннан шабуыл жасап, жаудың дегбірін қашырғаны мәлім.

Ата-бабаларымыз темірдің адам өміріне қаншалықты қажет екенін сезіне отырып, ерте замандарда-ақ оны меңгерудің жолдарын үйреніп, қару-жарақ пен тұрмыстық заттарды пайдаға жаратудың технологиясын меңгерген. Қазіргідей завод-фабрика жоқ заманда қарапайым тәсілдерді қолдана отырып, металл өндіруді жүзеге асыруға қаншама ақыл-ой, ерік-жігер, күш-қайрат жұмсалғанын түсінеміз.

Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы қазақтардың ата-бабалары түркі әлемінің бір бөлшегі ретінде отырықшылық және көшпелі өркениеттің негізін қалағаны, бұрындары ата-бабаларымыз пайдаланған киіз үй Еуропада қазіргі материалдардан заманауи талапқа сай жасалып, үлкен сұранысқа ие екенін білсек, келесі қыры көрші мемлекеттерді танып білу, зерттеу, өзіндегі барды оларға айырбастау, сөйтіп, сауда-саттық арқылы қарым-қатынасты арттыруды жолға қойған.

Архив-2025 жобасын жүзеге асыру арқылы әлі де ғалымдардың, ізденушілердің, зерттеушілердің қолы жетпеген әлемнің архивтерін тағы бір сүзгіден өткізіп, халыққа ұсыну, осы арқылы ұлт патриотын тәрбиелеу, отанға деген сүйіспеншілікті арттыру – маңызды шара.

Мақалада мәнін, мағынасын ашып көрсеткен жобалардың қай-қайсысы болмасын бүгінгі күн сұранысынан туындаған, алдағы ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағытымыз. «Жеті» – қасиетті сан. Енді алдағы дамуымыздың, рухани құндылықтарымыздың түптамыры, келешегіміздің темірқазығы осы жеті жоба болатыны айқын. Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің М.Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығы өз жұмысында осы бағыттарды басшылыққа алып, ғылымға, елге қызмет етеді.

Нұржан Тұрлыбеков,
Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығының жетекшісі

Осы айдарда

Back to top button