Қоғам

Ғылымға іңкәрлік мектепте басталады

Ғылымға іңкәрлік мектепте басталады


Ғылымға апаратын жол мектеп қабырғасынан басталады. Осы орайда оқушыларды ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарға баулып, ынталандыратын шаралардың маңызы ерекше. Өткен аптада Өскеменде өңірлік ғылыми¬-практикалық «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен 8-11 сыныптар оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңі өтті. Шараға өңірдің аудандары мен қалаларынан барлығы 450-дей болашақ жас ғалым қатысты.

Білім мен ғылымның пайдасы туралы қазақта Абайдан артық айтқан ешкім жоқ тегінде. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» деп, өкінішін өлеңге сыйдырған ұлы ақын жас ұрпақты ғылымға ерте баулудың артықшылығын өлеңдерінде ерекше атап айтады. Осы орайда осынау шара да өңірдегі ең талантты жас зерттеушілерді іріктеп, оларға қолдау көрсетуді, облысымыздың зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуді көздейді. Физика, техника, Жер және ғарыш туралы ғылымдар, математика, қолданбалы математика, экономика, информатика, химия, биология, қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау, тарих, құқықтану, өлкетану, әдебиет, этномәдениеттану және тіл білімі секілді 16 бағыт бойынша өткен шараға аудандық, қалалық байқауларда үздік шыққан жүлдегерлер қатысты. Бәрі де шетінен кілең жүйріктер. Мысалы, Серебрянка қаласындағы №1 мектептің 11-сынып оқушысы Асқар Тұрсынбековтің ғылыми жобасы қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау саласына қатысты. Жобасының тақырыбы – «Серебреянка қаласындағы қоршаған ортаны биоиндикациялық бағалау» деп аталады.

Биоиндикациялық бағалау деген не? Ол – қоршаған ортаның ахуалын тірі ағзалардың реакциясы бойынша бағалау. Асқар биоиндикатор ретінде жапырақтарды алыпты. Бес түрлі зонадан алынған жапырақтардың түсіне қарап, жас ғалым өзінің ғылыми зерттеуін жазып шыққан.

Біздің қалада өнеркәсіп орындары жоқ, бірақ экологиялық ахуалы көңіл көншітпейді. Оны жақсарту үшін адамдар ауыр отындарды аз тұтынуы керек, – дейді ол.

Ал Күршімдегі №4 орта мектептің 8-сынып оқушысы Камила Төлеуханова Күршім ауылынан 60 шақырым жердегі Ащыбасыдағы балшықтың құрамы мен қасиетін зерттепті.

Мен зерттеу барысында Ащыбасы балшығының адам денсаулығына өте пайдалы екенін білдім. Ол асқазан, буын, тері ауруларына мың да бір ем екен. Бірақ көбінесе адамдар оны буын ауруларына пайдаланады. Балшықтың құрамында магний, күміс секілді адам ағзасына өте пайдалы элементтер бар. Балшық ваннасын 15 минуттан артық пайдалануға болмайды. Себебі адамның қан қысымын көтеріп жіберуі мүмкін. Маған адамдардың балшықты өздерімен бірге үйлеріне де алып кетіп жатуы ұнаған жоқ. Негізінде, балшықты Ащыбасының өзінде пайдаланған әлдеқайда шипалы, – дейді Камила. Камиланың жетекшісі – география пәнінің мұғалімі Рауия Қарағаева. Алдағы уақытта Камила Төлеуханова бұл тақырыпты әрі қарай зерттеуді жалғастыра бермек.

Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Әли Қасенбаевтың ғылыми жобасының тақырыбы да өте қызықты. Оның ғылыми жобасының негізгі өзегі – қазақ, орыс, ағылшын мәдениетіндегі 7 нумеративі.

– 7 саны қазақ халқы үшін өте қасиетті. Сондай-ақ бұл санды орыс және ағылшын тілдеріндегі мақал-мәтелдерден, салт-дәстүрлерден жиі кездестіруге болады. Ағылшындарда көбіне жеті саны сәтсіздікті, ашқарақтық пен еріншектік, ашушаңдық секілді жағымсыз қасиеттерді білдірсе, орыстарда бұл сан киелі. Орыс халқы бұл санды Иса пайғамбардың жетінші қаңтарда дүниеге келуімен, құдайдың әлемді жеті күнде жаратуымен байланыстырады, – дейді ол.
Семей қаласындағы үш тілде оқытатын көпбейінді гимназияның 8-сынып оқушылары Дария Төкенова мен Тоғжан Әзербаева «Көп ұлттылық жағдайындағы татулық пен толеранттылық» тақырыбында ғылыми жоба қорғады.

– Біздің ғылыми жобамыз қазіргі таңдағы өзекті тақырыпқа арналып отыр. Өзіңіз білесіз, қазір әлемде экстремизм мәселесі ушығып тұр. Біздің жобамыз сондай шиеленісті жағдайдың алдын алып, толерантты тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған. Толеранттылық дегеніміз ¬– бұл өзге дінге, әдет-ғұрыпқа төзімділікпен, түсінушілікпен қарау. Кейде басқа мемлекеттерде өзге ұлт өкілдерін «Сенің дінің басқа, тілің басқа» деп шеттетеді ғой. Ал біздің елде ондай мәселе жоқ. Біздің елде мұсылмандар мен христиандар, тіпті буддизмді қолдайтын әртүрлі дін өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде, – дейді Дария Төкенова.

– Ғылыми жобалар байқауына оқушылар өте жақсы дайындалып келіпті. Жан-жақты ізденгендері жұмыстарынан көрініп тұр. Жалпы жылдан – жылға оқушылар ғылыми жоба тақырыптарын да заманға сай етіп, өзектілігіне қарай таңдауда. Биылғы жұмыстардың дені «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналыпты. Сол жұмыстардың ішінде қазылардың назарын аударған бірнеше тақырып болды. Мысалы , Өскемен қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Диана Даниярованың «Карлаг құрбандарының әдеби мұрасы» жобасын ерекше атап айтуға болады. Оқушы тақырыпты терең зерттеу үшін Қайым Мұхамедхановтың қызы Дина Қайымқызынан материалдар алған, Қарағандыдағы музейлерден, кітапханалардан деректер алып, жан-жақты ізденген. Сондай-ақ «Қазіргі балалар әдебиетінің бала психологиясының дамуына әсері» деген ғылыми жұмыста балаларға арналған заманауи шығармалардың ерекшелігі, оның көтеріп отырған мәселесі сөз болады. Қазіргі латын графикасына көшу мәселесі, Шәкәрім бабамыздың 160 жылдығына байланысты ақын мұрасын зерттеу де оқушылар назарынан тыс қалмаған. Әрине, конкурс барысында таптаурын болған тақырыптар, рефераттық жұмыстар да кездесті, – дейді әдебиет бағыты бойынша қазылық еткен ғалым, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева.

Өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы директорының орынбасары Жанна Оразғалиеваның айтуынша, конкурс жеңімпаздары байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алады. Республикалық конкурсқа өту үдерісінің өзі де бірнеше кезеңнен тұратын көрінеді. Алдымен облыстық кезеңнің жеңімпаздары тестілеуден өтеді. Содан кейін олардың жұмысы сараптамаға жіберіліп, онда ғылыми жұмыстың сапасы мен плагиатқа қатысы тексеріледі. Тек осындай сыннан сүрінбей өткендері ғана ақпан айында Алматыда өтетін республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, өз зерттеулерін қорғайды.

Мамандардың айтуынша, біздің өңірдің оқушылары жыл сайын жүлделі орындарды иеленеді. Өткен жылы республикалық ғылыми жобалар байқауында біздің облыстың оқушылары жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болып, «Үздік олимпиадалық команда» аталымын жеңіп алыпты. Жанна Әскерханқызы бұл жолы да облыс оқушыларының алдыңғы орыннан көрінетініне сенімді. Бір атап айтарлығы, биыл республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығына 20 жыл толса, келесі жылы өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығына 20 жыл толады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button