Қоғам

Ғылым жетістіктері экономикаға жұмыс істеуі тиіс

Ғылым жетістіктері экономикаға жұмыс істеуі тиіс


Аймағымызға арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар МАМИН облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Өскемен қаласының іргелі өндіріс орындарын аралады. Жүйеқұраушы кәсіпорындардың мәселелері қаралып, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіп орындарының ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстары талқыланған жиын өткізді.

Ағымдағы жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақтылық сақталғанын атап көрсеткен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өткен тоғыз айдың ішінде өнеркәсіп тауарларының көлемі 1 трлн. 62 млрд. теңгеден асып жығылғанын (143% өсім), ал жыл соңына дейін сауда айналымы, өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі, орташа еңбекақы сияқты бірқатар көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда жоғары болатынын айтты.

– «Altay Invest 2016» халықаралық форумына шақыртуымызды қабыл алып, келгендеріңіз үшін және осы маңызды жиынға қатыспай тұрып бір күн бұрын облыстың өнеркәсіп саласындағы кейбір түйткілді мәселелерді қарастыруға уақыт бөлгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз, – деп ризашылығын жеткізді облыс әкімі.

Бірінші вице-премьер өзімен бірге Астанадан ұлттық холдингтер мен компаниялардың, тиісті министрліктердің басшыларынан құралған делегация келгенін, олар күн тәртібінде тұрған проблемаларды мүмкіндігіне қарай жергілікті жерде бірлесе отырып шешуге күш салатындығын айтты.

– Біз барлық мәселені жан-жақты қарастырып, қолдан келгенше көмектесуге дайынбыз. Сол себепті бұл жиынға жауапты салалардың жетекшілері мен өкілдері қатысып отыр. Өңір экономикасының дамуы стратегиялық маңызға ие. Ал еліміздің индустриялық орталығы болып табылатын Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп саласының дамуы Елбасының ұдайы назарында, – деп атап көрсеткен Асқар МАМИН жүйеқұраушы кәсіпорындарды бүгінгі уақыт талабына сай дамыту қажеттігіне мән берді.

Оның айтуынша, аймақтағы жүйеқұраушы кәсіпорындарды жаңа белеске шығару арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға, өндіріс ошақтарын ашуға мүмкіндік тумақ. Әсіресе, экспорттық әлеуеті жоғары компанияларға инновациялық технологияларды игеріп, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізудің тиімділігі зор.

Жиында сонымен, қатар «Қазцинк», «Kaz Minerals», «Өскемен ТМК», «Қазатомөнеркәсіп», «Өскемен арматура зауыты» сияқты алпауыт компаниялардың басшылары сөз сөйлеп, кәсіпорындарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен ақпарат берді, күрмеуі шешілмей жүрген мәселелерін көтеріп, болашағы зор жоба-жоспарларымен бөлісті.

«Өскемен арматура зауытының» басшысы Алексей Селиванов кәсіпорын өнімдерін өткізуде кедергілерге тап болып отырғанын алға тартты. Оның айтуынша, зауыт шығаратын мұнай-газ саласында кең қолданысқа ие сапалы отандық тауарлардың бағасы төменірек, бірақ «жілігі татымайтын» қытайлық өнімдер орап кететін көрінеді. Мәселен, кейбір ресейлік және отандық компаниялар өскемендік зауыт өндіретін қондырғыларды Қытайдан арзанға сатып әкеліп, оны құрастырып, нарықта төмен бағамен саудалап жүр. Өздерінің жанынан бұранда да шығармайды бұлар. Ал тапсырыс берушілер кімнің бағасы тиімді, соған жүгінеді. Сапасы екінші орында қалады.

– Біз бұл салада ұзақ жылдар бойы нәтижелі жұмыс істеп келеміз. Өнімдеріміздің сапасы халықаралық стандарттарға сай. Тиісті орындар берген сертификаттарымыз да бар. Мұнай-газ саласындағы серіктес компаниялар біздің тауарларды бұрыннан сатып алады. Алайда, кейінгі уақытта өнімдерді өткізуде бірқатар проблемалар туындауда. Осы мәселелерді шешуге көмек көрсетсеңіздер, – деді Алексей Селиванов.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазір облыста ғылым мен өндіріс салаларының ұштасуынан дүниеге келген жоғары технологиялы 10 жоба бар екен. Сондай серпінді жобалардың қатарында «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Риддер қаласында жүзеге асыра бастаған «кедей кен» қазбаларын өңдеу, «Өскемен ТМК» акционерлік қоғамының медицинаға арналған титан имплантанттарын өндіру және басқалары бар. Бұл жобаларды өнеркәсіп ошақтары мен жоғары оқу орындарының арасындағы серіктестік байланыстың оң нәтижелері деуге әбден болады.

– Озық технологияларға негізделген бұл жобаларды іске асыруға қаражат қажет болып тұр. Әрине, серіктес кәсіпорындар өз тарапынан мүмкіндігінше қолдау блдіріп отыр. Дегенмен, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуде мемлекеттің қаржылай және заңдық тұрғыдағы қолдау-көмегінсіз ештеңе өнбейді. Осы мәселелерді біржақты етуге қол ұшын берсеңіздер, – деп өтініш білдірді ректор Жасұлан Шаймарданов.

Өз тарапынан бірінші вице-премьер инновациялық жобаларды жүзеге асыруға тиісті министрліктер де атсалысатынын, сондай-ақ, қаржылай қолдау мәселесі де жақын арада қарастырылатынын айтты.

Жиында көтерілген мәселелерді қорыта келе, облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ: – Ғылыми жетістіктер жай ғана жоғары оқу орындарының қабырғасында қалып қоймауы керек. Ғылым өндіріспен тығыз байланыс орнатып, қол жеткізген инновациялық технологиялар экономикаға жұмыс істегенде ғана даму болады. Біздегі кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының арасындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың мақсаты да осы, – деп түйді.

Уранды канадалық технологиямен өңдейді

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстанға сапары аясында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар МАМИН облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Өскемендегі бірнеше ірі кәсіпорында болып, олардың жұмысымен танысып қайтты.

Ең алдымен, бірінші вице-премьер «Қазцинк» ЖШС-нің өндіріс цехтарын аралады. Айта кетейік, бүгінде аталмыш кәсіпорын бірнеше инновациялық жобаны қолға алып, оларды табысты жүзеге асыруда. Зауытқа сапары барысында қонақтар катодтық мыс өндірісімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Жұмысын 2011 жылы ғана бастаған кәсіпорынның бүгінде жеткен жетістіктері аз емес. Осыдан біраз бұрын Өскемен металлургия кешенінің конвейерінен катодтық мыстың бес миллионыншы жайма табағы шығарылыпты. Бұл мыс зауытының бес жылдық мерейтойына жасаған өзіндік сыйымыз болды, дейді өндіріс орнының басшылығы.

Олардың айтуынша, Isasmelt заманауи технологиясының көмегімен жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 70 мың тоннаға дейінгі катодтық мыс өндіруге қауқарлы. Дегенмен, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 88 тоннаға дейін жеткізуге болады екен.

Астаналық делегаттар ат басын тіреген келесі нысан «ҚазРосПромАрматура» серіктестігінің өндіріс цехтары болды. Тиекті арматура шығарумен айналысатын кәсіпорынның өнімдері бүгінде мұнай-газ саласы мен коммуналдық секторда үлкен сұранысқа ие. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да, аталмыш зауыттың жеткен жетістіктері жетерлік. Өндіріс орны Германия, Италия, Чехия сияқты елдердің заманауи технологияларымен жұмыс істейді. Асқар МАМИНМЕН кездесу барысында кәсіпорын басшылығы зауыт алдағы уақытта жаңа өнім – трансформаторлық подстансалар шығаруды да жоспарлап отырғанын хабарлады.

Ал Үлбі металлургиялық зауытында қазір екі бірдей ірі стратегиялық жоба қолға алынуда. Оның бірі – аффинажды өндіріс құру болса, екіншісі жылу бөлетін құрамалар шығару. Осының екіншісі бойынша бүгінде өскемендік кәсіпорын қытайлық «CGNPC» компаниясымен бірлескен жұмыс жүргізуде.
«Жоспар бойынша зауытымызда ядролық реакторда жұмыс істеуге арналған жоғары дәлдіктегі құрылысты дайындауға мүмкіндік беретін, уран отынының қуаты жылына 200 тоннаны құрайтын, толығымен автоматтандырылған заманауи өндіріс пайда болады. Аффинажды жобаға келер болсақ, мұндағы мақсатымыз – табиғи уранды канадалық технологиямен өңдеу бойынша экологиялық таза өндіріс орнын құру», – дейді кәсіпорын басшылығы.

Сонымен қатар, Премьер-Министрдің бірініші орынбасары Асқар МАМИН Өскеменнің іргесінде салынып жатқан «Азия Авто» толық циклді зауытында болды. Нысанды аралау барысында «Бипэк Авто-Азия Авто» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Анатолий Балушкин қонақтарды құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырып, зауыттың алдағы жоспарларынан құлағдар етті.

– Биыл құрылысқа бөлінген 58 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция игерілді. Бұл қаржыға жаңа цехтар салып, коммуникациялар тарттық. Дегенмен, келер жылы зауыт құрылысын толықтай аяқтау үшін қосымша қаржы қажет болады, – деді Анатолий Балушкин.

Өз кезегінде бірінші вице-премьер Өскеменге өзімен бірге келген бірқатар министрге зауыттың құрылысын қаржыландыруға қатысты мәселелерді тағы бір мәрте мұқият зерделеуге тапсырма берді.

Серік Әбілхан,
Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button