Қоғам

Қылмыстық заңнамаларды жетілдіру жолдары талқыланды

Қылмыстық заңнамаларды жетілдіру жолдары талқыланды

Өскеменде Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің көшпелі отырысы өтті. Жиында жаңа Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерінің озық және олқы тұстары жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсыныстар айтылды.
Көшпелі отырысқа Парламент Сенатының депутаттарымен қатар, Бас прокурордың бірінші орынбасары И.Меркель, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіш, Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Жақыпов, Әділет министрінің орынбасары З.Баймолдина, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Рахметулин, жергілікті құқық қорғау органдарының басшылары, сондай-ақ, шетелдік әріптестер ретінде IRZ жобаларының менеджері А.Вуккерт пен Германияның Дрезден қаласының прокуроры К.Шрайттер-Скворцова қатысты.
– Жаңадан қабылданған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде қылмыстық жазаны тағайындау барысындағы қадамдар өзгертілді, татуластыру рәсімдері, қылмыстың алдын алудың балама шараларын қолдану мүмкіндіктері қарастырылды, қылмыстық істі қозғау сатысынан бастап адам құқықтарын қорғау процесінде тың тетіктер енгізілді. Жаңа Қылмыстық-атқару кодексінде сотталғандарды түзелу дәрежесіне байланысты ұстау жағдайын нақты жіктеу белгіленді. Сотталғандардың негізгі құқықтары мен мекеме әкімшілігінің міндеттері алғаш рет кодекс деңгейінде бекітілді, – деді отырысты ашқан Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Ақылбай.
Ең бірінші болып баяндама жасаған Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рахметулин талқылауға түскелі отырған заңдардың қолданысқа енгеніне көп уақыт болмаса да, тиімділігін көрсеткенін атап өтті.
-Бұл кодекстердің қабылданғанына бір жылдан астам уақыт болды. Әрине, заң болғаннан кейін кем-кетігі болмай тұрмайды. Жетілдіретін тұстары да бар. Қазір әртүрлі органдар тарапынан ұсыныстар түсіп, бірлесе талқылап жатырмыз. Осы бір жыл аралығында заңдарды қолдану барысында соттар тарапынан орын алған кемшіліктерді де сараптап, тиісті шараларды қолға алып жатқан жайымыз бар. Мұндай отырыстар керек. Осындай отырыстардың, талқылаулардың арқасында заңдар жетілдіріледі, шикі тұстары пысықталады, – деген Абай Рахметулин аталған кодекстердің кейбір баптарындағы олқылықтарға тоқталып, ұсыныстарын айтты.
Бұдан кейін Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель, Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов, Әділет вице-министрі Зәуреш Баймолдина, Қаржы министрінің орынбасары Ардақ Теңгебаев, облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Жанарбек Бақтыбаев баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button