Қоғам

Үйлеріне барып қызмет көрсетіп жүр

 Үйлеріне барып қызмет көрсетіп жүр

Облыстық мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы «1414» Бірыңғай байланыс орталығымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетіп келеді.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жататын бірінші, екінші топтағы мүгедектер, қозғалуында қиындығы барлар, мүгедек балалар, есту қабілеті бойынша мүгедектер, ым-ишара тілін қолданатын азаматтар үйден шықпай-ақ 1414 телефоны арқылы өтініштерін қалдырып, құжаттарын ресімдей алады. Бірыңғай байланыс орталығында өтініш тіркелгеннен кейін, ХҚКО мобильді тобы 72 сағаттың ішінде өтініш берушіге келіп, үйде өтініш қабылдайды.
-Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бүгінгі күнде үйде отырып қызмет алу – жақсы мүмкіндік. Бұл өте тиімді және біздің уақытымызды үнемдейді, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны, 2-топтағы мүгедек Айтжамал Матайбаева.
Айта кететін жәйт, 1414 Call-орталық арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету туралы ақпарат ХҚКО ғимараттарындағы стендтер мен жалпыға қолжетімді орындарда орналастырылған.
Мемлекет басшысының тұрғындардың кең таралған топтарына мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасын орындау аясында халыққа қызмет көрсету орталықтарында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Әрбір ХҚКО-да мүмкіндігі шектеулі азаматтардан құжаттар қабылдау үшін арнайы мамандар бөлінген, сонымен қатар пандустар мен шақыру нүктелері орнатылған.
Осы ретте облыстық мобильді топтар жыл басынан бері 180 шығуды жүзеге асырып, 187 мемлекеттік қызмет көрсеткендігін айта кетейік.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button