Үйлерінде бойларын үрей билеп отыр
Ақсуат ауылының Жамбыл көшесіндегі бұрынғы аурухананың ескі ғимараттарына қоныстанған 40 шақты отбасының баспананаларының тұрмысқа жарамсыздығына шағымданып келе жатқанына бес-алты жылдан астам уақыт өтті. Олардың мұнда кіруіне өздерінің өтініші және сол кездегі аудан әкімінің «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 18 бабына сүйене отырып, 2011 жылғы мамыр айында шығарған қаулысы негіз болған-ды. Жергілікті басшылық 40 отбасын толықтай қоныстандырып, қолдарына ауыл әкімдігінің ордерін берген. Қоныстанушыларға екі ғимараттың да кейінірек жекешелендірілетіні жөнінде уәде етілген. Үй сол кезде-ақ апатты жағдайда болатын. Қазіргі ахуалы да бұрынғысынан нашарламаса, жақсарған жоқ. Содан бері талай басшы ауысты.
Мәселенің мән-жайын білу үшін алдымен Ақсуат ауылдық округінің әкімі Ғ.Нұғиевпен жүздестім.
-Менің ойымша, сол кездегі аудан әкімі әу баста дұрыс шешім қабылдамаған. Апатты жағдайда деп танылған ғимаратқа адамдарды қоныстандырмау керек еді. Енді міне, наразылық туып отыр. Коммуналдық ғимаратты жекешелендіре салу оп-оңай шаруа емес. Талай уақытты талап етеді. Тұрғындар оған көнгісі келмейді,-дейді ол.
Ауыл әкімдігінің осы салаға жауапты бас маманы Б.ҚұлжабаевпеН бірге апатты жағдайдағы ғимараттардың тұрғындарымен әңгімлестік.
Гүлнара Сыдықанова:
– Аядай екі бөлмеде екі баламен тұрып жатырмын. Естуімше, бұрын терапия бөлімінің оқшаулау бөлмесі болған көрінеді. Суды көшеден тасимыз, санитарлық нормаға сай емес, бұрынғы аудан әкімі жекешелендіріп береміз деген. Соны күтудеміз. Коммуналдық меншікте болғандықтан, уақытша тіркеудеміз.
Гүлден Абдрахманова:
– Алты балам бар. Күйеуім сал болып, анамның үйінде жатыр. Үйдің төбесінен су ағады. Құрқылтайдың ұясындай осы екі бөлмеде жеті адам тұрамыз. Пәтер кезегінде тұрмын. Естуімше, таяу жылдары аудан орталығында үй салынбайтын көрінеді, осының өзіне шүкір деп отырмыз.
Келесі ғимаратқа бет алдық. Бұл – бұрынғы хирургия бөлімі. Ғимараттың алдына келгенде ұлардай шулаған 20-дан астам тұрғын алдымыздан шықты. Алдымен өздері тұрып жатқан ғимараттың қасбетін көрсетті. Шынында да кірпіштерінің арасы сөгіліп, алшақтап кеткен. Екінші қабаттың төбесі ашылып, опырайып тұр. Санитарлық жағдайы сұрамаса да, түсінікті. Ауызсуды тұрғындар көшеден тасып ішеді екен. Жарық бірде болса, бірде болмайтын көрінеді. Тұрғындар арыз-армандарын, өтініш-тілектерін қарша боратып жатты.
Саягүл Ақшалова:
– Екі баламмен екі бөлмеде тұрамын. Жалғыз басты анамын. Аудан орталығында таяу жылдарда тұрғын үй салынбайтын көрінеді. Әкімдіктің бөлмелерді жекешелендіріп береміз деп уәде бергені қашан? Енді оның қажеті де жоқ деп ойлаймын. Өйткені, біз тұрып жатқан ғимарат өте апатты жағдайда. Төбесінен су ағады. Қабырғалары ырсиып тұр. Жөндеуге келмейді. Әкімшілік мұны жақсы біледі. Апат айтып келмейді ғой. Үреймен отырған жайымыз бар.
Жангелова Жанар:
– Алты баламның асыраушысы өзім ғана. Әкімдік барған сайын жекешелендіріп береміз, дейді. Бірақ онысы да қуантпайды. Өйткені, бұл ғимарат апатты жағдайда. Оны ескеріп отырған басшылық жоқ. Ұнамаса, бөлмені босатыңыз-деп барған сайын қоқан-лоққы жасайды. Көрген күніміз осы. Сонда алты баламен қайда барамын?!
Эпидемиолог мамандар аурудың ошағы болған ғимаратқа тұрғындарды қоныстандыруға мүлде болмайтынын айтады. Демек, «былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынадының» кері келіп тұр. Ал ғимараттың апатты жағдайда болғандығы жайындағы құжатты таппадық, біріне-бірі сілтейді. Ғимараттың төменгі қабатында тағы екі мекеме орналасқан. Бірі – аудандық мұрағат, екіншісі – Қазсушар мекемесі. Жағдайлары жайында жарытымды жауап бермеді. Тұрғындардың редакциямызға хат жазғанын естіген аудан әкімінің орынбасары осы іске қатысты құзырлы мекемелердің басшыларымен жиын өткізіп, аталған нысанның нысаналы мақсатын өзгертіп, жер таңдау актісін жасап, тиісті құжаттарын реттеп, екі айдың ішінде 40 жанұяны баспанамен қамтып, «бір оқпен екі қоянды атамыз», – деп уәде беріп отырған көрінеді. Әй, қайдам, төрт жыл бойы жыры бітпеген әннің «әлеулайы» біткені мен, « халаулайы» таусыла қояр ма екен?
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.