Үйлерін жөндегісі келетіндер көп
Облыс орталығында үйлерді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жалғасуда.
Өткен жылы осы бағдарламаның шеңберінде 13 үй жөнделсе, биыл оныншы тамызға дейін Гоголь көшесіндегі 24, 22, 20, 18, Буров көшесіндегі 19, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы 11/1 үйлер мен Қызылжағалау көшесі, 90 үй көп-көрім жаңарып қалды. Жөндеу жұмыстарына «Ертіс Құрылыс» ЖШС, «Лира-Строй» ЖШС, «Нэлла» ЖШС сияқты мердігерлік компаниялар тартылған.
Дәл қазір Щербаков көшесі, 26, 34, және Астана көшесіндегі, 8, Шәкәрім даңғылы, 165 мекенжайларында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде жұмыстарды «ЭлитЭнергоСтрой» және «Ертіс Құрылыс» ЖШС мердігерлік компаниялары атқарып жатыр. Барлық он бір үйдің жөндеу жұмыстарына 233 миллионнан астам теңге қарастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2011-2020 жылдарға арналған ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы аясында көппәтерлі үйлердің қасбеттерін, шатырларын, кіреберістерін, инженерлік желілерін (кәріз, су құбыры, жылыту, ыстық сумен жабдықтау, электр желілері) кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Яғни, ол тек ортақ мүлікке қолданылады.
Жөндеуге мемлекеттік бюджеттен немесе халықаралық ұйымдардың гранттары ретінде бөлінген барлық қаражат қайтарылуға жатады. Жұмсалған соманы осы көпқабатты үйлерде тұратын пәтер иелері пайызсыз келісімшарт негізінде өтейді. Шарт он жылға жасалады. Осы уақыт ішінде ай сайын оларға төлем түбіртегі жеткізіледі. Барлық соманы белгіленген мерзімнен бұрын да өтеуге болады.
– Жөндеу жұмыстарын жүргізгісі келетін адамдар көп. Қазір қырыққа жуық үй өз кезегін күтуде, – дейді «ШҚО тұрғын үй-пайдалану басқармасы» ЖШС бас инженері Ержан Саржанов. – Орташа алғанда, жұмыс бір нысанда үш айға созылады. Қабылдағаннан кейін үш жыл бойы кепілдік бар. Егер мердігердің кінәсінен болған ақаулар анықталса, ол оларды жоюға міндетті.
Ержан Саржановтың айтуынша, өз үйлерін жөндегісі келетіндер облыстық тұрғын үй-пайдалану басқармасына келіп, өтініш жазуы тиіс. Алайда бірінші кезекте олар жаңғыртуға келіскен пәтер иелерінің кемінде үштен екісінің қолын жинауы қажет.
Көпқабатты үйлердің тұрғындары үйдің нақты жағдайына байланысты әртүрлі жұмыс түрлерін таңдай алатынын айта кеткен жөн. Кейбіреулер қасбетті және шатырды жөндеуді шешеді, ал басқалары инженерлік желілерді толық жаңартуды қалайды. Қандай жұмыстарды жасайтындары анықталғаннан кейін мамандар орындарға барып, смета жасайды. Егер тұрғындар бағамен келіссе, келісім жасалып, мердігерлер іске кіріседі.
“Алғашқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық” РҚБ-нің облыстық филиалының мүшелері “ШҚО талдау және болжау институты” ЖШС қызметкерлерімен бірлесіп, жұмыстың қаншалықты сапалы жүргізілетінін тексеруді шешті.
Олар Гоголь,18 үйін бірінші болып тексерді. Мұнда шатыр жөнделіп, қасбеті сайдингпен қапталған. Жұмыстардың шарттық құны – 8,8 миллион теңгеден асады. Үйде сегіз пәтер бар екенін ескерсек, олардың әрқайсысының иелері пәтерлерінің аумағына қарай он жыл ішінде миллион теңгеден сәл артық төлеуі тиіс. Ай сайынғы төлем сомасы шамамен сегіз мың теңгені құрайды.
Осы маңнан алыс емес, Чернов көшесі, 163 мекенжайында орналасқан тағы бір үй осыдан бес жыл бұрын ТҮКШ жаңғырту бағдарламасы аясында жөнделген. Кепілдік мерзімі баяғыда аяқталғанына қарамастан, ғимарат жақсы жағдайда. Мұны жергілікті тұрғындар да растады.
– Мен мұнда жиырма жылдан астам уақыт тұрамын. Осы уақыт ішінде үй алғаш рет 2015 жылы жөнделді. Жұмыс өте жақсы орындалды, маған ұнады. Біз келіскен жөндеу түрлерінің бәрін жасады, – деп бөлісті Татьяна Дмитриевна. – Төлем сомасы да қолайлы. Айына 5-6 мың теңге төлейміз.
Бұдан кейін қоғам белсенділері Шәкәрім даңғылындағы № 165 үйге барды. Мұнда жөндеу жұмыстары 40 пайызға орындалыпты. Мердігер ұйымның қызметкерлері бұрын тозығы әбден жеткен шатырды ретке келтірді. Енді сылақ жұмыстарын жүргізу, балкон плиталарын бетондау және сыртқы қабырғаларды сайдингпен қаптау қалған. Шарт бойынша жұмыс құны – 47,6 миллион теңге.
– Жаңғыртылған үйлер бойынша алғашқы рейд бір ай бұрын өткен болатын. Қазір анықталған кемшіліктер жойылғанын және жұмыс қарқынды жүріп жатқанын көріп отырмыз. Тұрғындар да нәтижелерге риза, -деп түйіндеді облыс бойынша “Алғашқы сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа-орталық” РҚБ облыстық филиалының басшысы Елена Березинская-Абилова.
«Didar” ақпарат