Қоғам

Йеменді аштық жайлады

Йеменді аштық жайлады

Йеменді аштық жайлады

Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының мәліметіне сүйенсек, Йеменге үлкен аштықтың қаупі төніп тұр. Ұзаққа созылған соғыстан қалжыраған халықтың 14 миллионы аштықтың зардабын тартып отыр.
Гуманитарлық ұйымның хабарлауынша, аталған елдегі әрбір бесінші бала тойып тамақ ішпейді екен. Сол себепті бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы ондағы екі жарым миллион тұрғынды тамақпен қамтамасыз етуде. 2016 жылдан бастап көмек көлемі екі есеге ұлғаймақ.
Қарулы қақтығыстардан гуманитарлық көмек жеткізудің қиындап кеткенін алға тартқан Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасының өкілі Мэттью Холингворт: – Йемендегі жағдай бізді қатты алаңдатады. Қазір 21 миллион адам гуманитарлық көмекке зәру. Бұл халықтың 82 пайызы, – деп нақтылады
Араб коалициясының әуе шабуылдары бастағалы бері екі миллионға жуық бала мектепке барудан қалса, 2 миллион 300 мың адам үйлерін тастап, босып жүр. Оның 120 мыңы елден кетуге мәжбүр болған.

Түркияның туризмін тығырыққа тіреді

Түркияға жыл сайын орта есеппен төрт миллионға жуық ресейлік турист келсе, оның басым бөлігі Анталияға ат басын тірейді екен. Ресей тарапынан салынған санкциядан соң бұл аймақтағы туризм бизнесінің тиімділігі күрт төмендеп кетті.
«Die Welt» ақпарат құралының мәліметіне сүйенсек, Су-24 ұшағын атып құлатқан жағдайдан кейін Кремльдің қарымта шарасы ретінде алты мың туристік саяхат тоқтатылған. Соның салдарынан түрік кәсіпкерлері тұрақты табыс көзінен айырылып, Анталия туризмі шалажансар күйде қалды. Ал ел билігі болса бұл проблема алдағы көктемге қарай шешімін табатынын айтып сендіруде. Алайда, жергілікті кәсіпкерлер бұл сөзге күмәнмен қарайды.
– Ресейлік туристердің орнын басқа елдерден келетіндер толықтырады дегенмен, бұл бар-жоғы 15%-ын ғана жабады. Оған қоса орыстардың басым көпшілігі демалуға ғана емес, сонымен бірге әртүрлі тауарлар сатып алумен де пайда әкелген. Енді оның бәрі жоқ, – дейді кәсіпкер Мехмет Али Гюльтекин.

Қырғыз тауарларына сұраныс азайды


Қырғызстанда ұлттық валюта арзандап, жергілікті өнімдерге сыртқы сұраныс төмендеді. Бұл жағдай қырғыз елінің экономикасына кері әсерін тигізуде.
Жыл басынан бері қырғыз сомының АҚШ долларына шаққандағы құны 30%-ға арзандаған. Қырғызстан ұлттық валютасының әлсіреуіне осы үш фактор: рубль, теңге және жаһандық жағдай тікелей әсер етуде.

Сондай-ақ, Қырғызстанның экономика министрлігі кейінгі кездері Қазақстан мен Ресей тарапынан импорт көлемінің азаюына алаңдаушылық байқатуда. Ресми деректерге қарағанда 2015 жылы қырғыз тігіншілері 3 миллиард сомға ғана тауар сатқан. Бұған Қазақстан мен Ресейдегі сұраныстың төмендеуі себеп болғанын айтады мамандар. Алайда, жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері бұл уақытша қиындық деген үмітте. Оған қоса Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуы елдегі экономикалық жағдайды жақсартады деген сенім бар.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button