Қоғам

Әйелдерді әспеттеген әдемі кеш

Әйелдерді әспеттеген әдемі кеш
Отбасының ұйтқысы, шаңырақтың шаттығы қашанда – әйел. Әйел бар жерде мейірім мен ізгілік, береке мен ырыс, қуаныш пен махаббат бар. Осы орайда облыстық драма театрында өткен салтанатты жиында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өңіріміздегі әйел-аналар қауымын Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

Жыл сайын көктеммен қатар келетін осынау мерекенің адамзат баласы үшін әрқашан орны бөлек. Қоғамдағы, отбасындағы әйелдің рөлі мен орнын тағы бір айшықтап, анықтап, көрсетіп беретін де осы мереке. Әйел, ол – әдемілік. Әйел, ол – тіршілік. Ұрпағымды өрбітемін, тамырымды терең жаямын, жайқаламын деген ел ең алдымен әйелді аялап, анаға құрмет көрсетеді. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп» отырған әйелдер қауымын қалай әспеттесек те жарасымды.
– Қадірменді қауым, аяулы аналар, қымбатты ханымдар, баршаңызды ең қастерлі, сезімге толы Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. «Әйел – өмір тірегі ғана емес, өмірдің өзі». Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел-аналарға арналған жүрекжарды сөзі. Бүгінгі әйел-ана тек отбасын ғана ойлайтын тұлға емес, егемен елдің дамуына үлес қосып отырған қоғам мүшесі. Әйел-ана – тіршіліктің шырайы, береке мен бірліктің бағы, ырыс пен ынтымақтың тірегі. Ананы ардақтау, әйелді құрметтеу- адамзат баласының қасиетті парызы, – деп құттықтау сөзін бастаған облыс басшысы Даниал АХМЕТОВ әйелдің қоғамдағы рөліне де кеңінен тоқталды. Бүгінгі таңда әйелдер қауымы қоғамның барлық саласында еселі еңбек етуде. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына зор еңбек сіңіріп отырған әйелдер жетерлік. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 62 пайыз болса, 82 әйел әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың депутаты. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары мен әскери салада екі мыңға тарта әйел-ана қызмет етіп жүр. Десе де, әйелдің табиғат алдындағы ең үлкен миссиясы – ана атанып, ұрпақ өсіру. Бүгінде облыс бойынша он бес мыңнан астам «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері бар.
Халықта «Әлемде үш нәрсенің қуаты күшті. Бірінші – күннің, екінші –даналықтың, үшінші – ананың махаббаты ерекше қуатты» деген дана сөз бар. Болашақ ұрпақтың тағдыры, жетістігі мол, табысты ел азаматтары мен кәсіби біліктілігі жоғары, көп тіл білетін, бәсекеге қабілетті мамандардың ертеңі сіздердің қолдарыңызда, – деген облыс әкімі барша әйелдерді халықаралық мерекемен құттықтап, таңдаулы ханымдарға Құрмет грамотасын тапсырды.
Облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болғандардың арасында Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанна Қабдолдақызы, Өскемен қаласындағы мамандандырылған балалар үйінің директоры Гүлнар Даниярова, облыстық прокуратураның прокуроры Елена Сүйіндікова, «Роза» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Альбина Ахметова, республикалық «Хабар-24 KZ» телеарнасының меншікті тілшісі Анель Есенбердина, мемлекеттік қызметтің майталманы Нұржамал Баженова, «Өскемен титан-магний комбинатының» №3 цехының титан кезегін сұрыптаушы Күлзира Сыдықова, Шемонайха аудандық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Татьяна Степанова, Шығыс Қазақстан өнер мұражайының директоры Нұржази Қалиева және тағы басқалар бар.
– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ көктемнің тамаша күнінде облыстық драма театрында әйелдер қауымына осындай бір ғажап кеш, қуанышты көңіл күй сыйлап жатыр. Әрине, ол үшін үлкен рақмет айтамыз. Әйел – ана, әйел – жаратушы ғой. Ананың әлеуметтік жағдайына, әйелдің қас-қабақ, көңіліне қарап қоғам түзеледі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осыдан жүз жыл бұрын «Егер қазақ ел болам десең, бесігіңді түзе, тағылымыңды түзе» деп айтып кеткен болатын. Шынында да, дүниеге ұрпақ әкелетін, ұрпақты тәрбиелейтін ана емес пе?! Қоғамның түзелуі, дамуы ананың жағдайына байланысты. Бүгін барлық әйел-аналарды мерекесімен құттықтаймын, дейді облыс әкімінің Құрмет грамотасына ие болғандардың бірі, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры Шағангүл Жанаева.
Әйелдерді әспеттеген әдемі кештің соңы қазақстандық және отандық опера өнерінің жұлдыздары қатысқан керемет концертке ұласты. Өңіріміздің ең таңдаулы қыз-келіншектерінің алдында Астана қаласы филармониясының солисі, «Дарын» сыйлығының лауреаты Азамат Жылтыркөзов, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Альфия Каримова, Б.Төлегенова атындағы V халықаралық байқаудың лауреаты Нұржан Бажекенов, «Астана опера» театрының жетекші әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Сүндет Байғожин секілді таланттар өнер көрсетті.

Мейрамтай ИМАНҒАЛИ

Осы айдарда

Back to top button