Қоғам

Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі артып келеді

Әйелдердің қоғамдағы белсенділігі артып келеді
Әлем қашан да әйелмен әдемі, әйелмен әрлі. Бақыт пен берекенің ұйтқысы да – әйел. Кеше облыс орталығындағы Оқушылар шығармашылық сарайында «Нұрлы болашақ жолында» атты республикалық әйелдер форумы болып өтті. Форум жұмысына облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев, Президент кеңесшісі, Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова, Қазақстан әйелдері кеңесінің төрайымы Нина Каюпова, жазушы жерлесіміз Шәрбану Бейсенова қатысты.

Форумға қатысушылар ең алдымен өңіріміздегі кәсіпкер әйелдерінің күшімен ұйымдастырылған арнайы көрмені тамашалады.

Форум тізгінін облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев алды. «Сұлу Алтай төріндегі – Өскемен қаласына қош келдіңіздер» деп, қонақтарға жылы шырай танытқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары біздің елде ақылды, әдемі де сұлу, іскер әйелдердің көп екенін айта келіп, форумның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды.

– «Нұр Отан» ХДП ХХІ ғасырдағы өзінің стратегиясын айқындап, «Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты жаңа саяси доктринасын қоғамдық және партияішілік талқылауға ұсынды. Бүгінгі форумның басты мақсаты да сол доктринаны талқылап, ой бөлісу, – деді Ермек Көшербаев.

Форумда cөз алған Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова да «Нұр Отан» партиясының саяси доктринасының мәні мен маңызын форумға қатысушы әр әйелдің санасына құйып, жүрегіне жеткізуге тырысты.

– Доктрина – бұл партияның негізгі іргетасы. Қазақта іргетасқа ерекше мән береді. Іргетас мықты болса, шаңырақ та биік болады. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен өткізіліп жатқан бұл форум ең маңызды шаралардың бірі, – деді Гүлшара Әбдіхалықова. Оның айтуынша, қазіргі таңда әйелдердің қоғамдағы рөлі артып келе жатыр. Жалпы ішкі өнімді қалыптастыруда біздің елдің әйелдерінің үлесі 40 пайызды құрайтын көрінеді. Әрине, экономикамыз еңселі болуы үшін белсенді әйелдердің үлес салмағы бұдан да жоғары болуы тиіс. Осы арада Гүлшара Әбдіхалықова дағдарыс кезінде құлдырауға ұшыраған банктердің басшылары негізінен еркектер болғанын, ал әйелдер басқаратын банктердің қиындыққа төтеп бере алғаны туралы қызықты деректі де келтіре кетті. Ендеше әйел бар жерде қоғамда қашан да тұрақтылық, алға басушылық болатынына сенген абзал.

Республикалық әйелдер форумында облыстық ана мен бала орталығына қарасты көз микрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі, 2012 жылғы «Әйел басқаратын үздік ұйым» атты облыстық байқаудың жүлдегері Зарина Камасова «Мықты ұлт және белсенді азаматтар» тақырыбында баяндама жасады. Ол мықты мемлекет мықты азаматтарға арқа сүйейді деп санайды. Өзіне сенімді, еркін, білімді азаматтар ғана қоғамның жүгін алға сүйремек. Осы орайда, біздің елімізде адамның өзін-өзі жетілдіруіне барлық жағдай жасалған. Оның айқын дәлелін денсаулық саласынан да көруге болады деген ол өзі басқаратын мекемеде атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.

«Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында!» атты саяси доктринасында көрсетілген жеті құндылықтың бірі – Отбасы және дәстүр. Доктринада жазылғандай: «өзінің ана тілін, тарихын, мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін Ұлт қана өркендей алады». С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың гендерлік зерттеу орталығының директоры, «Нұр Отан» ХДП Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Қабидуллақызының баяндамасы осы тақырыпқа арналды. Жанар біздің облыстың бұл салада басқаларға үлгі боларлықтай бай тәжірибесі бар деп санайды. Міне, үшінші жыл қатарынан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың гендерлік зерттеу орталығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Отан отбасынан басталады» атты отбасы форумын өткізіп келеді. Үстіміздегі жылы тұңғыш рет ұлттық Монет сарайында «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен «Қазақстан отбасы» атты медаль жасалып, «Қазақстандық отбасы» байқауының жеңімпаздарына табыс етілген екен. Аталған медальдің бірі форум барысында облыстың отбасы бағытындағы жұмыс тәжірибесін өзге өңірлерге насихаттай жүрсін деген мақсатпен Президент кеңесшісі, Президент жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіхалықоваға да тапсырылды.
Форумға қатысушылар Қазақстан әйелдері кеңесінің төрайымы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Елбасының бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Каюпованың сөзін ұйып тыңдады.

– Республикалық әйелдер форумы балалар шығармашылығына арналған осындай керемет сарайда өтіп жатыр. Бұл да көңіл толқытады екен. Жалпы, біздің мақсатымыз – бір. Ол Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ жүргізіп отырған саясатын қолдау, – деген Нина Әмірқызы ұрпақтар сабақтастығы, тәрбие мәселелеріне де терең тоқталып өтті.

Мен ұзақ жылдар республикалық «Қазақстан әйелдері» журналында қызмет істедім. Біздің әйелдер қоғамның жүгін қашаннан-ақ бір кісідей көтеріп келеді. Ұрпақ өсіріп, үй ұстаумен бірге еліміздің байлығын еселеуге де теңдессіз үлес қосып отыр. Осы миссияны талмай атқарып келе жатқан шығысқазақстандық қыздардың қай-қайсысы болмасын қайраткер. Біздің облыстың экономикасы өндірістік салаға негізделген. Өндірістік салада еңбек ету әсте оңай емес. Десе де сіздердің негізгі міндеттеріңіз – ұлт тәрбиелеу. Сіздердің тәрбиелеген ұрпақтарыңыз ұзақ мерзімді «2050» стратегияны орындауға үлес қосып, еліміздің гүлденуіне, өркендеуіне үлес қосады. Сондықтан да балаларыңыз намысты, қайратты, қажырлы азамат болып өссін, – деді жазушы жерлесіміз Шәрбану Бейсенова.

Форумда сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы іскер әйелдер қауымдастығының Семей қаласы бойынша жетекшісі, «Қайнар» колледжінің директоры Айнұр Арғынбекова, «Мунира» ЖШС-нің директоры Мунира Ягудина сөз сойлеп, «Нұр Отан» ХДП-ның жаңа саяси доктринасын қолдайтындықтарын жеткізді.

Республикалық әйелдер форумына қатысушылар үндеу қабылдады. Форум соңы «Әйел басқаратын үздік ұйым» облыстық байқауы жеңімпаздарын марапаттауға ұласты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button