Әйел – адамзаттың үздік жартысы

Көктем мерекесі – Халықаралық әйелдер күні Өскеменде кеше басталып кетті. Ең әуелі құрмет төріне көпбалалы аналар шығып, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолынан сыйлықтар қабылдады. Жарасымды-ақ.
Драма театрға жиналған жұрттың дені нәзік жандылар. Бәрінің жүзінде нәзік жымиыс бар. Тал шыбықтай бұралған арулар, тоты құстай таранған ханымдар, миуалы ағаштай жасанған аналар, әжімдеріне мейірім ұялаған әжелер. Аймақ басшысы құттықтау сөз алып, әйелдер қауымын адамзаттың үздік жартысына теңеді.
– Күндей шуақты, айдай ажарлы, гүлдей көрікті арулар мен аналар, апалар мен әжелер! Мерекелеріңіз құтты болсын! Тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтауда сіздердің үлестеріңіз орасан. Өмірдің барлық саласында әйелдер қауымы алғы шепте. Менің орынбасарларымның бірі сіздердің саптарыңыздан. Облыстық мәслихатта бес, аудандық және қалалық мәслихаттарда 74 нәзік жанды депутат болып қызмет етіп жүр. Медицина, білім беру, мәдениет саласында 80 мыңнан астам қыз-келіншек еңбек етуде. Сот, прокуратура, кеден, ішкі істер, қаржылық қадағалау орындарында да табысты жұмыс істеп жүрген арулар баршылық. Ауыл шаруашылығын да қазір нәзік жандарсыз елестету мүмкін емес. Облыста 17 мыңнан астам «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бар. Спортта О.Рыпакова мен Ю.Галышеваның жетістігі барлық сайыпқырандарға үлгі. Адамзаттың үздік жартысы бола білген әйелдер қауымына құрметіміз әрқашан жоғары, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Сахнаға көпбалалы аналар көтерілді. Алты баланың анасы Алмагүл Жұмаханова Абай ауданында әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді екен. Ал зайсандық Зәуре Баймұхаметова сегіз баланың анасы ретінде марапатталды. Алтай ауданы мен Өскемен, Риддер, Семей қалаларынан келген аналар да дәл осындай құрметке ие болды. Әкім қолынан марапат алу құрметі сан түрлі салада табанды еңбек етіп, табысқа жеткен нәзік жандарға да бұйырды. Сот, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік қызметі, ауыл шаруашылығы, бизнес, мәдениет және білім саласына, медицинаға өмірін арнаған аналар ел алқауына бөленді.
Ел ардақтаған қыз-келіншектерге өнер жұлдыздары да әннен шашу ала келіпті. Жерлесіміз Бибігүл Төлегенованың Толқын Забирова мен Азамат Жылтыркөзов бастаған төл шәкірттері қазақтың классикалық музыкасынан әсерлі кеш сыйлады. Естайдың «Құсни Қорланы», Шәмшінің «Қайықтасы» театрдың залына лық толған аяулы жандарды сезім айдынында қалықтатты. Мереке иелері өздеріне арналған кештен жандары жадырап, жүздері жайнап тарқасты.
Есжан Ботақара