Қоғам

Қыдырбекті аудан тұрғындары ерекше құрметтейді

Қыдырбекті аудан тұрғындары ерекше құрметтейді


Қуаныш ауылындағы «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы Қыдырбек Шалбарбаевты Зайсан ауданының тұрғындары ерекше құрметтейді. Ол бұған өзінің қарапайым еңбегі арқылы қол жеткізді. Осыдан 20 жыл бұрын ауданда алғашқылардың бірі болып қожалық құрды. Қолынан іс келетін, техника тілін жетік білетін, мал өсірудің қыр-сырымен бала кезінен таныс Қыдырбек айналасы бес-алты жылда мал басын көбейтіп, егін екті, оның өсірген қауын-қарбызы Зайсандағы сауда дүкендерін жаулап ала бастады. Биыл күзде ол өсірген сапалы әрі дәмді қарбызға сұраныс ерекше болды. 90 гектарға еккен егіні бітік шықты. Ол ол ма, картоп, басқа да бақша өнімдерін тұрғындар арзан бағаға сатып алып, қарық болды.

Жақында ел мақтаған азаматтың үйінде болдық. Есік алдында екі мал қорасы салынып, бітуге таяп қалған. Бұл жерде асыл тұқымды ірі қара қыстамақ. Бізді қарсы алған қожалық төрағасының жұбайы Сайран төрге шығуымызды өтінді. Ерлі-зайыптылардың алты баласы, бес немересі бар екен. Кішкентайлары ешкімді елер емес, компьютер ойынына беріліп кеткен.

– Қожалықты құрған кезде талай қиындықты бастан кештік. Несие алған кезіміз болды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп алдыңғы толқын ағалар орынды айтқан ғой. Ерінбедік, іздендік, шыдадық, енді, міне, соның жемісін көріп отырмыз. Қазір ірі қара саны 200-ден асты, 500 қой, бір үйір жылқы бар. Бірер жыл бұрын аудандағы «Нұр» шаруа қожалығынан асыл тұқымды қазақтың қызыл қасқа сиырын алғанбыз. Бұл бір берекелі іс екен, асыл тұқымды малға мемлекет субсидия төледі. Алдағы уақытта оны көбейту ойда бар. Мал қорасы жеткілікті, екі «Беларус» тракторымыз, картоп қазатын комбайн, жүк көлігіміз бар, өзімізге жетеді. 33 гектарға картоп егіп, мол өнім алдық. Ауданға әкім болып Темірбек Қасымжанов келгелі Қуаныш ауылында көп игі істер тындырылып жатыр, жақында ғана ол кісінің қамқорлығы нәтижесінде әр үйге ауызсу тартылып жатыр, сол үшін алғысымызды білдіреміз, – дейді Қыдырбек ініміз.

Біржан ауылдық округіндегі ең ірі қожалықты басқарып отырған азаматтың оң істері туралы айта кеткен орынды болар. Бізбен бірге жүрген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева «Қыдырбек ағамыз аудандық мәслихаттың депутаты, ауылға ауызсу тартқызуда белсенділік танытты, түрлі мәдени, спорт жарыстарына демеушілік көрсетеді» деп еңбекпен есейген азаматтың тағы бір қырын ашып көрсетті. Қожалықта еңбек ететін Марат Амангелді, Серік Ысмағұлов деген жігіттер де ерен еңбек етіп жүр. Бұл күндері қожалықта 15 адам бар. Қарапайым еңбегімен аудан жұртшылығының құрметіне бөленген азамат жайында Қуаныш ауылындағы жасы 80-ге таяп қалған, ауылдың, Есімбек руының тарихы туралы бірнеше кітап жазған, аузы дуалы Мағазбек Тоқтаубаев ақсақал «Шіркін, Қыдырбектей азаматтар көп болса, ауылымыз өркендей берер еді» дейді.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button