Абайдан артық киелі ұғым болмауы тиіс

Меніңше, осы сұрақ әр есті қазақты мазалауы тиіс. Неге десеңіз, қазақ бола тұрып, қазақ әдебиетінің асқар шыңы – Абайдың шығармаларын оқымау – ұят. Неліктен біз сарқылмас мұра қалдырып кеткен ақынымыз тұрғанда өзге ұлттың ойшылдарына жүгінеміз?!
Бастауыш сыныптан «Бес нәрсеге асық бол,Бес нәрседен қашық бол» сынды шумақтарды оқып өскен біз неліктен бұл күнде Абай туындыларымен танысуды доғардық?
Шекспирдің аты жер жүзі адамдарының аузынан түспейді, бұдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген Конфуцийдің әр сөзін қытайлар қастерлеп, дұғадай қайталайды. Алайда біз – қазақтар сол ұлылар тізімінің басына Абайды қоюымыз керек.
Ойшылдың өткір сөздері азғындап бара жатқан жастардың санасына сәуле түсіріп, зейінін оятады. Бүгінде дүниені жайпап, тығырыққа тіреп тұрған басты проблема – рухани дағдарыс. Яғни, электронды техника ұрпақ санасын тарылтып, миын улап жатыр. Қазақ жастарының ел тарихы мен әдебиетін ұмытып, батыстың болмысына сіңіп бара жатқанын көре тұра, қол қусырып отыра берсек, болашағымыз – бұлыңғыр. Бос жүріс, жалқаулық, ұятсыздық, ата-ананы сыйламау, өтірік айту, ұлтқа деген жанашырлықтың жоқтығы, міне осы факторлар – бүгінгі қоғамның дерті. Ал бұл дерттің дауасын Абай айтып кеткен болатын. Әлем ғалымдары рухани дағдарыстан шығар жол таба алмай жүргенде, қазақ баласының осы індетті жоятын білім мен еңбек екенін көрсетіп кеткен Абайды оқымауы жанды ауыртады. Сондықтан әр қазақ баласы Абай өлеңдерін жастайынан тыңдап, пайдаланар болса, еліміздің келешегі кемел болмақ.
Абайды тану, түсініп оқу – адам баласын рухани биікке апарар баспалдақ. Абай туралы Елбасы былай деген-ді: «Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауы тиіс». Бұл байлам барлық қазақ баласы үшін қағидаға айналғанда, ұлт мұрат-армандарының орындалары сөзсіз.
Абай сынды дана адам қазақтан басқа ешкімде жоқ екенін, сірә, көбіміз ұға бермейміз. Абайдың ғибратты ғұмырын,шығармашылығын білу – міндетіміз. Борышымыз – Абайдың саф алтындай мұрасын ұрпаққа жеткізу.
Абайды насихаттау үшін мынадай ұсыныстар жасағым келеді – оқу орындарында «Абайтануды» бірде өтіп, бірде өтпейтін қосымша емес, негізгі пән ретінде енгізу, сол пәннен ойшылдың әр шығармасымен қатар түсінігі қоса жазылған оқулық шығару, Абайдың ғұмыры жайлы фильм түсіріп, оны жиірек эфирге шығару, қоғамдық көліктерге, аялдамаларға Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінен үзінділер жазып қою. Сондай-ақ ақынның шығармалар жинағы, «Абай жолы» романы көп данамен басылып, қолжетімді бағада әр кітап дүкенінен табылуы шарт.
«Абай оқулары» сайысын өткізерде оқушыларды қызықтырарлықтай жарнамаланып, жеңімпаздарға алғыс хаттың орнына бағалы сыйлықтар таратылса, әр жоғары оқу орнында «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталықтары ашылса, ұрпақ тәрбиесіне игі әсерін тигізер еді деп ойлаймын.
Бәріміз бірігіп осы іске кірісіп, біріміз фильм түсіріп, біріміз тележоба ойлап тауып, енді біріміз әлеуметтік желіде қолдан келгенше Абай ілімін танытуымыз қажет. Міне,сонда ғана біз «данышпан Абайдың ұрпағымыз» деп ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетпекпіз.
Бейсенғазы Ұлықбек