Яссауи хикметтері мен Махамбеттің жырларын жатқа оқиды

Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінде өңіріміздегі жалпы білім беретін мектептердің 5-11 сынып оқушылары арасында республикалық «Яссауитану» және «Махамбет оқулары» білім байқауларының облыстық кезеңі өтіп, сайыс жеңімпаздары «Ертіс концерт» мәдениет үйіндегі салтанатты шарада марапатталды.
Қожа Ахмет Яссауи – түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы ақын, философ. Бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы «Диуани хикметте» ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндап, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады. Бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандар мен бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды. «Диуани хикметте» халқымыздың ертедегі мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясы мен экономикасына қатысты бағалы деректер бар.
Байқау барысында Яссауи хикметтерін жаңылмай жатқа айтқан қатысушылар сайысқа ерекше дайындықпен келгендерін көрсетті.
Облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының директоры Әлима Ақылбекқызы байқаудың негізгі мақсаты – түркі халықтарының рухани ұстазы болған Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың еңбектері мен ілімін насихаттау, өскелең ұрпақты ата мұрасын терең игеріп, зерттеуге ынталандыру, адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелеу, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметін арқау ете отырып тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау екендігін атап өтті.
Байқауға қатысқан барлығы 16 оқушының өнеріне Қазақстан-Американ еркін университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Әсем Нұрланқызы, жоғары оқу орындарының ғалымдары, көрнекті өнер қайраткерлері мен ақындардан құралған қазылар алқасы әділ бағаларын берді. Бағалау барысында қатысушылардың шығарманы оқу мәнеріне, жаттаған өлең саны мен сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті ескерілді.
Тартысты өткен сайыстың бас жүлдесін жеңіп алған Зайсан ауданындағы Абай орта мектебінің оқушысы Дильназ Қайырбек пен жүлделі бірінші орынға ие болған Аягөздегі Ақтоғай орта мектебінің оқушысы Бақытжан Сейтқазин Түркістан қаласында болатын республикалық кезеңге жолдама алды.
Дәл осы күні «Махамбет оқулары» да өз мәресіне жетіп, дүлдүлдер анықталды. 19 ғасырдағы ақберен ақынның шығармалары жастарды ұлтжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Байқауда Махамбет Өтемісұлының жігерлі өлеңдерімен қатар қазақ поэзиясында өз өрнегі бар талантты ақындар Төлеген Айбергенов пен Фариза Оңғарсынованың шығармалары да оқылып, қатысушылардың шығармашылық қабілеті сынға түсті.
«Мен – Өтемістің баласы Махамбет атты асылмын!», «Тартынбай сөйлер асылмын», «Ұлы арман» атты үш бөлім бойынша ұйымдастырылған байқауға өңір мектептерінен келген 43 оқушы қатысты. Ақындардың шығармаларын көбірек жатқа білетін, мəнерлеп оқу техникасын жетік меңгерген оқушылар суырылып алға шықты. Ал «Ұлы арман» бөлімінде оқушылар Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған әндер мен Махамбеттің күйлерін орындады.
Махамбеттің туған жері Атырауда өтетін республикалық өнер додасына жоғарыда аталған үш аталымның бас жүлдегерлері қатысатын болды. Олар – Зайсан ауданы, Көгедай орта мектебінің оқушысы Еңлік Базиева, Абай ауданы Қарауыл гимназиясының оқушысы Бекзат Тоқтарбеков және Бородулиха ауданындағы Камышенка орта мектебінің оқушысы Алтынбек Тұрғамбаев.
Айжанат Бақытқызы