Қоғам

Құйғандық оқушылар неге сабаққа бармай қалды?

Бұл жағдай кешелі-бүгін емес, өткен жылдың мамыр айынан басталған екен. Күршім аудандық білім бөлімінің тексеру қорытындысы бойынша осы аудандағы Құйған орта мектебінің үш мұғалімі, оның ішінде оқу ісінің меңгерушісі Айжан Қалиакперова оқушылармен факультативтік сабақтарды өткізбей, ақшасын алып отырғаны анықталған.

Құйғандық оқушылар неге сабаққа бармай қалды?Жылға жуық уақыттан бері ащы ішекше созылып келе жатқан бұл мәселенің мәнісі туралы кеше Өскемендегі талдау және болжау институтында журналистермен өткен брифингте облыстық білім басқармасының бастығы Мәдениет Ахметова баян етті.

– Мұндай педагогқа жат қылықтары үшін өткен оқу жылы аяқталар қарсаңда тексеру нәтижесі бойынша Құйған орта мектебінің директоры А.Қалиакперованы жұмыстан босатқан. Алайда, Күршім аудандық сотына шағымданған А.Қалиак-перова осы соттың шығарған шешімімен тамыз айында жұмысына қайтадан тұрады. Соттың бұл шешіміне қарсы болған бірнеше мұғалім аудандық қаржы полициясына «Неге бұл мұғалім қызметіне қайтып оралды? деген ма-қамда арыз жазып, қайтадан тексертеді, – деді басшы бол-ған оқиғаны жіпке тізгендей баяндап.

Содан біздің ұққанымыз: алдындағы тексеру нәтижесі дұрыс болып шығады да, мектеп директоры А.Қалиакперованы қызметінен босатып, көп ұзамай өзі де мектеп басшылығынан кетеді. Ал аудандық білім бөлімі мектеп директорының бос орнына конкурс жариялау арқылы жаңа директор тағайындайды. Осы кезде Айжан Қалиакперова басқа сот-қа, яғни, Көкпекті ауданының №2 сотына арыз-шағым жазып, 1-наурыздан бастап, өз қызметіне оралу құқына ие болса керек. Сонымен не керек, бұл екі арада мерекелер қарбаласып кеткендіктен А.Қалиакперова 10-наурыз, сенбі күні жұмысына оралған. Бұл күні тыныш өткенмен, 12-наурыз күні оқушылар ата-аналарымен бірге соңғы соттың шешіміне, яғни, А.Қалиакперованы қайтадан орнына қойғанына қарсылық білдіріп, мектепте оқып жатқан 118 оқушының 91-і сабаққа келмей қояды.

– Біз бұл туралы келесі, 13-наурыз күні хабардар бола салысымен, – деді болған жайлар туралы тәптіштей әңгімелеген басшы. – Құрамында облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Д.Арғынғазин, бөлім бастығы Г.Маткаримова және Күршім аудандық білім беру саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы бар комиссия құрылып, олар орын алған мәселені нақты тексеріп, мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмысын жүргізгеннен кейін оқушылардың ата-аналары балаларын сабаққа толық жіберді. Ал нақтылай айтар болсақ, 12-наурызда мектептің әр сыныбының 91, 13-наурызда 80, ал 14-наурыз күні 71 оқушысы қарсылық ретінде сабаққа бармаған. Дегенмен, бүгіннен (15-наурыздан) бастап, бұл мектеп оқушылары түгелдей оқып жатыр.

Журналистердің: «Осындай мұғалімдердің әрі қарай жұмыс істеуіне бола ма?» деген сауалына Мәдениет Медеуханқызы төмендегідей жауап қайтарды:

– Анығын айтайын, қазіргі кезде біздің облысымыздың мектептерінен интернет ар-қылы Премьер-Министрдің, Білім және ғылым министрі-нің, сондай-ақ, облыс Әкімі-нің блогына осындай арыз-шағымдар өте көп түсіп жатыр. Сондықтан мен «Білім туралы» Заңның негізінде әр мектеп басшысы өзінің мектебінде барлық моральдық-психоло-гиялық жағдайды жасауы тиіс деп ойлаймын. Әр оқушыға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін осындай ахуал тудыра алмаған директор да, оның орынбасарлары да қызметтерінен кетуге тиіс.

Сонымен Құйған орта мектебі директорының орынбасары Айжан Қалиак-перованың қайтадан қызметіне келуі жөнінде шешім шығарған сот шешіміне қарсы қарсылық акциясы әзірге құйғандық балалардың оқуын жалғастыруымен, яғни, оңды аяқталып отыр.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button