Ауыл шаруашылығы

Құйғанда әмбебап кооператив құрылды

 Құйғанда әмбебап кооператив құрылды

Тарбағатай ауданында 22 ауылшаруашылық кооперативі құрылып, қарқынды жұмыс бастап кетті. Солардың ішінде бірнеше саланы қамтыған әмбебап ұжымдар да бар.

Бүгінде Құйған ең бір малды округтердің біріне жатады. Мұнда 60-тан аса шаруа қожалығы жұмыс істейді. Біразы мал сою, бордақылау алаңдарын ашса, енді бір бөлігі «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Береке» бағдарламасының игілігін көруде. Округке қарасты Жамбыл ауылының жігіттері Құрманбек Хамзин, Тілеубек Тоқтасынов бастаған іскер азаматтар құрамында 20 мүшесі бар «Бесоба» кооперативін құрды. Ауылдық округтің бас маманы Ерсін Хамиевтің айтуына қарағанда, аяқ алыстары жаман емес сияқты. Кооператив мал асырап, егін өсіріп, көкөніс баптаумен қатар айналыспақ. Қазір кооператив меншігінде 63 ірі қара, 100 бас жылқы бар. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында асыл тұқымды үш бұқа әкеліпті. Биыл жамбылдықтар 50 га жерге көкөніс алқабын салмақшы.

– Ендігі мақсатымыз – болашақта ауыл шаруашылығын қолдау қорының «Ырыс» бағдарламасына кіру. Қазір ауыл халқы ет пен сүт өнімдеріне сұраныс өскенін түсінді. Ауылға жақын жердегі сүт цехы, ауылдағы мал сою алаңы кооператив үшін мол мүмкіндік болмақ. Осыны түсінген ауылдастарымыз жыл соңына дейін тағы бір кооператив құруға талпынып жатыр, – дейді «Бесобаға» басшылық жасап жүрген Қ.Хамзин.
«Бесоба» кооперативі қазір егіс даласындағы жұмыстарын аяқтап, жаз жайлауға дайындалуда. Шағын ауылда бос жүрген жан көрмедік. Бесобалықтардың бірлесіп істеген істеріне қарап, кооперативтік құрылымның ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, жұмыссыздықты азайтуға, заманауи қондырғылар мен жаңа техника алуға мүмкіндік беретінін аңғардық.
Тарбағатай ауданы

Қадырбек Кәкімұлы

Осы айдарда

Back to top button