Қоғам

Ядролық орталықтың тарихымен танысты

Ядролық орталықтың тарихымен танысты
«Рухани жаңғыру» жобасы аясында Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі бірлесіп, «Курчатов қаласындағы технологиялық қасиетті орындарын аралау» атты бағдарлама қабылдады. Бағдарлама тұңғыш рет облыс әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен қолға алынды.
Алыстан ат арылтып келген қонақтар ең алдымен Семей ядролық сынақ полигонының деректерінен хабар беретін музейді аралады.
-Музейде КСРО кезінде ядролық жарылыстар орын алған, сынақтар жүрген «Дегелең», «Балапан», «Опытное поле» сияқты алаңдардан көріністер толық берілген,-деді Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақанов,-музей қорында 100-ден астам түрлі естеліктер, экспонаттар, карталар, фото және бейне материалдар бар. Сынақ алаңдарынан тікелей әкелінген деректі заттардың барлығы да осында.
«Ұлттық қасіреттен-ұлттық мақтанышқа дейін» деп аталатын экспозиция залында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Ұлттық ядролық орталықтың тарихы кеңінен қамтылған. «Токамак» КТМ, «Байкал-1» КИР, пилотсыз басқарудағы жабдық, қазіргі таңдағы заманауи өлшеуіш-есептегіш және кәсіпорынның марапаттары мен наградалары да осы музейден орын алған.
Семейден арнайы жеткен қонақтар «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-ындағы ЭЛВ-4 аумағына да барды. ЭЛВ-4 – бұл түрлі материалдарды арнайы жабдықта радиациялық тексеруден, бағамдаудан өткізу, мөлшерін анықтау құрылығысы. Қазіргі уақытта аталмыш электронды қондырғыда полимерлер бұйымдарды тігу, медициналық бұйымдарды залалсыздандыру, резеңкелерді қыздырып өңдеу жұмыстары жүреді.
Курчатов қаласының әкімі Алмас Оңдақановтың айтуынша, киелі жерлерді аралауға келген қауым ғалым И. Курчатовтың ескерткішіне, ғалым қызмет еткен жұмыс кабинетіне барып қайтты. Осының өзі тарихтан үлкен ақпарат береді. Ал Семей ядролық сынақ полигоны жайлы және Курчатов қаласының тарихы туралы керемет фильмді келген қауым қаладағы Мәдениет үйінен тамашалады.
Бағдарлама соңында оқушылар «Әлем балалары атом бомбасына қарсы!» атты интерактивті ойынға қатысты. Ойын барысында олар бейбіт атом саласын зерттеудегі әлем ғалымдарының жұмысымен танысты. Тамыз айының соңына дейін Алматы қаласы және облысымыздың барлық аудандарынан әртүрлі жастағы балалар Семей мен Курчатов қалаларына арнайы түрде келіп қайтпақшы.

Раушан Нұғманбекова
Курчатов.

Осы айдарда

Back to top button