Ядролық орталық ел мақтанына айналды
Әлемнің барлық атомшы ғалымдары Семей сынақ полигонын аса маңызды ғылыми зерттеулерді үзіліссіз жүргізетін керемет аймақ деп танып отыр. Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен ядролық сынақ жарылыстары тоқтатылып, еліміз бейбіт атомды дамытуға бет алды. Десек те, кеңес үкіметінің әскери-кешенінен ИГР, «Байкал-1» сияқты реакторлық кешендер, қондырғылар, түрлі технологиялар мұраға қалғаны жасырын емес.
Бұл техникалық зертханаларды ғалымдар сақтап қалумен ғана шектелген жоқ. Тәуелсіздік жылдары оның ғылыми-техникалық базасын Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тікелей нұсқауымен нығайта білді. Осының арқасында қазақстандық ғалымдар Ресей, АҚШ, Франция, Жапония және тағы басқа елдермен бірге ең ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырып, қазақ ғылымын халықаралық деңгейге көтерді.
– Радиоэкологиялық зерттеулер, термоядролық және ядролық энергетика салаларының дамытылуы атомды соғыс мақсатына емес, бейбіт өмірге, ел игілігіне пайдалануды көздейді,- дейді физика-математика ғылым¬дары¬ның докторы, Ұлттық жаратылыстану академиясының академигі, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.
Оның айтуынша, Семей ядролық сынақ полигоны жабылған кезде, әскерилер соғыс атомына қатысты құжаттарды, керекті қағаздарды мүлде жойып жіберген немесе өздерімен бірге алып кеткен. Қазақстандық ғалымдарға экологиялық апатқа ұшыраған ел мен жер, қаңыраған полигон аумағы ғана қалған. Осындай көптеген фактілері белгісіз полигон жерін қарамақтарына алған ғалымдар жиырма жылдан астам зерттеп, әр жиған-тергендерін қағазға түсіріп отырды. Полигоннан қалған инфрақұрылымдарды, ірі техникаларды жойып, іске жарамсыз етті. Радиацияланған Атом көлі, Балапан алаңы сияқты жерлерде де ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл үшін қолда бар «Байкал-1» және ИГР (импульсты графикалық реактор) сияқты кешенді реакторларды қолдануға тура келді.
– 2017 жылдың мамыр айында Ұлттық ядролық орталық 25 жылдығын атап өтеді, – дейді Эрлан Батырбеков, – біз осы мерзімде 40 жылдан астам қасірет әкелген полигонды жойып қана қоймай, Елбасымыздың тапсырмасымен арнайы тәжірибелік алаңдар, қажетті мүйістер жасадық. Тағы бір ауыз толтырып айтар дүние, бейбіт атомды дамытуға орай күнделікті ғылыми зерттеулерімізді жүргізіп отыру үшін кеңейтілген зертхана құрып, оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Реакторлардың физикалық жағдайы, ядролық технологиялар, түрлі мезеттердегі ядролық сұйық отынды, материалдардың радиацияға төзімділігін сынау сияқты жұмыстардың барлығы осы жерде тәжірибеден өткізіледі.
Директордың айтуынша, «Байкал-1» және ИГР сияқты реакторларды тәжірибеден өткізу алаңдарында 1993 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы Атом энергетикасының дамуы» атты ғылыми-техникалық бағдарлама қолға алынған. Осыған орай, қазақ ғалымдары Жапония елімен бірігіп, ең ірі халықаралық EAGLE, CORMIT, FUKUSHIMA жобаларын жүзеге асырды.
– Қазақстанда Фукусимадағыдай апат болмайды,-дейді Эрлан Батырбеков, – өйткені, біздің бұл саладағы ғылыми жетістіктеріміз аса жоғары. Әр маманымыз өз ісіне ерекше жауапкершілікпен қарайды. Ауыр апаттарды алдын ала есепке алатын зерттеулеріміздің өзі қаншама. Жеңіл сутекті және жылдам энергетикалық реакторлардағы, реакторлық және реактордан тыс зерттеулер жүргізу кезінде ауыр апаттарды болжаудың және алдын алудың жолдары қарастырылған.
Қазақстанның қазіргі өнеркәсібіндегі өзекті проблема – кәсіпорындарда, медицинада, ғылымда және тағы басқа салаларда кеңінен қолданылатын, йонды сәулелендіргіштің арнайы ампулаларын ұзақ әрі қауіпсіз сақтау. Бұл үшін «Байкал-1» кешені қазақстандық ядрошыларға жаңа технологиялар жасап, іске қосуға мүмкіндік берді. Кешенде 1995 жылдан бастап йонды сәуле шығаратын ампулаларды сақтайтын арнайы қойма ашылған. 2010 жылы осы реакторлық «Байкал-1» кешенінде БН-350 реакторын істен шығаруға орай арнайы жоба жүзеге асырылғаннан кейін, МАГАТЭ-нің кепілдігімен барлық қолданылған ядролық отын ұзақ жылдарға сақталуға қойылды.
Бүгінде қазақ ғалымдары өнеркәсіптік зиянды қалдықтарды ұзақ мерзімге сақтап отырудың жаңа технологияларын да жүзеге асыруда. Бүгінде ҰЯО-ның ғалымдары осыған орай жаңа жобаны іске асырмақ.
Міне, қатарынан бірнеше жыл Ұлттық ядролық орталық АҚШ-тың Ұлттық зертханасының қолдауымен реакторларды зерттеу бойынша жобалар алмасып, тәжірибе бөлісу бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – ИВГ.1М және ИГР отын реакторларын байытуды 90 пайыздан 19,75 пайызға дейін U-235 (Уран-235) бойынша төмендету. Бұл әлемдік деңгейдегі ядролық қауіпсіздік жолындағы тағы бір тың қадам. Сондықтан да ВОТК арнасы бойынша төмен байытылған отын қорын сыннан өткізу 2017 жылдың екінші тоқсанында жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Сынау жұмыстарының мерзімі бұрын үш жыл уақытты алатын. Енді барлық сапасы сақталына отырып, екі жылға дейін қысқартылады. Бұл – маңызды техникалық шешім әрі қызық ғылымының дамып келе жатқандығының дәлелі. 2017 жылы ИГР реакторының ішкі жүйесіндегі элементтерді және төмен байытылған отынды жан-жақты сынақтан өткізу қолға алынады. Сынақ 2019 жылға дейін жалғасады. Одан соң бұлар ҰЯО-дағы реакторлардың ішінде қолданысқа енгізеді.
– 2016 жыл Ұлттық ядролық орталық үшін өте сәтті кезең болды. Экономикалық дағдарысқа орай көптеген ғылыми жобаларымыздың бюджеті қысқартылса да, АҚШ, Жапония, Ресей, Франция елдеріндегі әріптестермен бекіткен коммерциялық келісімшарттар негізінде орта түскен қоржынымызды қайта толтыра алдық. Сөйтіп, 2016 жыл оның алдындағы 2015 жылмен салыстырғанда екі есе сәтті болды. ҰЯО ғалымдарының бекіткен келісімшарттары 2017-2018 жылдары басталса да, ұзақ жылдарға арналған маңызды жоба. 2016 жылы АҚШ-тың Қорғаныс министрлігіне қарасты Қауіптілікті қысқарту агенттігімен арадағы келісімге орай, Семей ядролық сынақ полигонындағы «Опытное поле» аумағындағы ядролық зиянды қалдықтарды жою, оларды зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл осындай жұмыстар «Сары өзен» маңында атқарылып жатыр, – дейді Эрлан Батырбеков.
Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары бекіткен ірі жобалар Жапония елімен де тығыз байланысты. Қазақ ғалымдары атом, ядролық жобалар саласында Францияның балама көздер және ядролық энергетика Комиссариатымен де бірлесіп, SAIGA жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Алдын ала келісілгендей, 2017-2020 жылдарға арналған үш интегралды ішкіреакторлық тәжірибелер өткізілмек. MYRRHA жобасы да белсенді түрде дамытылуда. Бұл Бельгиядағы ұшқыр нейтронды атом реакторының құрылысына тікелей ықпал етпек. MYRRHA жобасын 2016 жылы қыркүйек айында Еуропалық комиссия бекітті.
– Біздің ядролық және термоядролық энергетика саласындағы ғылыми ізденістеріміз елімізде өте жоғары бағаға ие болды, – дейді Эрлан Батырбеков, – халықаралық сарапшыларды, зерттеуші-ғалымдарды мойындатқан керемет тың жобаларымыз үшін Ұлттық ядролық орталықтың ғалымдары еліміздің ірі мемлекеттік марапаттарына ие болды. Мемлекеттік сыйлықтар алды. Ал халықаралық ғылыми қауымдастық бірауыздан қазақ ғылымы ХХІ ғасырда әлемдік деңгейге көтерілді, деп толық мойындап отыр.
Раушан Нұғманбекова
Курчатов қаласы.