Қоғам

Ядролық медицина орталығының іске қосылуына не кедергі

Ядролық медицина орталығының іске қосылуына не кедергі

Ядролық медицина орталығының іске қосылуына не кедергі
Ядролық медицина орталығының іске қосылуына не кедергі

[center]Ядролық медицина орталығының іске қосылуына не кедергі

Семейге арнайы келген ведомствоаралық комиссияның басты мақсаты Үкіметтің тапсырмасы бойынша, Қазақстандағы Ядролық медицина орталығының құрылысын толық аяқтап, полигоннан зардап шеккен тұрғындарды сауықтыру үшін ел игілігіне тезірек беру. Бұл жөнінде Семейдегі онкологиялық диспансерде өткен жиналыста Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой мәлім етті.

Сонау 2009 жылдың маусым айында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметке Семейдегі өңірлік диспансер аясында ядролық медицинаны дамыту үшін радиологиялық орталық кластерін ашу қажеттігін тапсырған болатын. Құрылысы 2012 жылы наурыз айында басталған, 2013 жылдың желтоқсан айында толық салынып бітіп, халық игілігіне берілуі тиіс емдеу-сауықтыру орталығының құрылысы әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Бұған алаңдаушылық танытқан облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тез арада күрделі мәселені тікелей өз бақылауына алды. Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен халыққа аса қажетті Ядролық медицина орталығы бір емес, екі бірдей мердігер мекеменің жауапсыз жұмысы нәтижесінде уақтылы іске қосылмай отыр.
Ең озық технологиямен қамтылған

Ядролық медицина орталығының жобалық-сметалық құжатын жасауды қолға алған кезде, халықаралық сарапшылар «бұл әлемдегі ең озық ғылыми-тәжірибелік орталық болады. Ядролық медицинаның озық үлгісі әлем бойынша осы жерде қалыптасады», – деп баға берген болатын. Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансердің радиологиялық қызмет жөніндегі директорының орынбасары Баян Атантаеваның пікіріне сүйенсек, Ядролық медицина орталығының жұмысының ерекшелігі сонда, осында жасалған радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектер онкологиялық ауруларды емдеп жазуы тиіс. Сондай-ақ, жүрек-қан тамыры аурулар, бүйрек қызметі мен эндокринология бойынша да осында өндіріліп, жасалған дәрілер пайдаланылатын болған. Осыған орай радионуклидті терапия бөлімін ашып, оны 15 төсекпен жабдықтау жоспарланыпты. Бұл жерде диффузды жемсау мен қалқанша безінің қатерлі дерті емделеді, яғни, эндокринология бойынша нағыз заманауи сапалы қызмет көрсетіледі деп жоспарланды.

Айта кету керек, мұндай ауыр дерттерге ұшыраған науқастар біздің елімізде әлі күнге дейін ем қабылдай алмай жатыр. Себебі, лайықты медициналық мекеме жоқ. Ал кімнің қаражаты бар, олар әйтеуір шетелге шығып, жан сақтап қалады. Сол жақта емделеді. Сонда қарапайым халық қайтпекші? Шетелде кем дегенде жеті күнде 1700 евро жұмсап ем қабылдайды екен. Ал салынуы тиіс Семейдегі Ядролық медицина орталығында кез келген жан, тіпті, жағдайы төмен отбасылар да тегін емделуге мүмкіндік алады.

– Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық статистика мәліметтері бойынша, елімізде диффузды токсикалық жемсау сырқатымен есепте 17 мың адам тұр,-дейді Баян Атантаева,-олардың көпшілігі не ота жасайды, не өмір бойы дәрілер ішіп өтеді, ал бұның жанында ауруды емдеудің жаңа түрі радиойодотерапия анағұрлым маңызды әрі тиімді. Өйткені, кез келген дәрінің қарсы көрсетілімдері болады, ал радиойодотерапияда ондай көрсетілім жоқтың қасы деуге болады.

Ядролық медицина орталығы онкологиялық қызметті жетілдірудің мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған шаруа болатын. Бірақ медициналық жасау-жабдығымен қоса алған кезде, құны алты жарым миллиард теңге көлеміне бағаланған нысан әлі іске қосылмай отырғаны өкінішті. Бес жыл өтсе де бұл іс аяқталар түрі жоқ.

Соттағы теке-тірес
Үкіметтің тікелей бақылауында тұрған Ядролық медицина орталығының құрылысы не себептен «сақалды құрылысқа» айналды?
Естеріңізге сала кетсек, тендер бойынша осы денсаулық сақтау нысанының құрылысын толық салып, аяқтауға бас мердігер болып, «ИртышГЭСстрой» ЖШС белгіленді. Ол нысанның іргетасын қалап, одан қалса ішіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстарын да толық аяқтап шығуы тиіс болатын. Сондай-ақ, құрылысы аяқталған соң, ғимаратты жоғары деңгейлі медициналық жабдықтармен жабдықтауға «ИртышГЭСстрой» қосалық мердігер ретінде «Медтехника» АҚ-ын шақырып алады.

2015 жылдың қаңтар айында осы компаниялар арасында Ядролық медицина орталығына медициналық құрал-жабдықтарды әкеліп-орналастыруға орай өзара келіспеушілік пайда болады. 2015 жылдың 24 қаңтарында құрамында МАГАТЭ, Орталық Азия елдерінің және тағы басқа да ірі ұйымдардың сарапшылары, атомшы-физиктер, физика зертханасының меңгерушілері бар ведомствоаралық комиссия Семейге келіп, сұйық радиоактивті қалдықтың қалай жинақталып, сақталатындығын тексеруге келеді де, көңілдері толмай шығады.

Бірақ 2016 жылдың 26 қарашасында, яғни, бір жарым жыл өткенде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бастығының орынбасары Дырынбаевтың төрағалығымен осы сұйық радиоактивті қалдықтардың жиналып, сақталуы жөніндегі мәселе қайта зерттеліп, қарастырылады. Міне, осы кезде мамандар жоғарыда айтылған пікірге қарсы шығып, басқа анықтама береді. Сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтап, жинау жүйесі талапқа сай, оны қайта қозғап қажеті жоқ деген мағынада. Өкінішіке қарай, Дырынбаев мәселесімен бүгінде тиісті орындар айналысып жатыр екен. Осындай дау-дамайлармен қатар, «ИртышГЭСстрой» ЖШС-і мен «Медтехника» АҚ-ы арасында өзара соттасу да қызу түрде жүріп жатқан.
2015 жылдың 5 маусымы күні, Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған ауданаралық соты сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені алып тастау қажет, деген шешім шығарады.

Десек те, 2015 жылдың 5 тамызы күні Шығыс Қазақстан облыстық азаматтық және әкімшілік істер бойынша аппеляциялық сот алқасы бұл шешімді жоққа шығарды. Олардың мәлімдеуінше, сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйе пайдалануға лайық, сондықтан да бұны алып тастап, жаңа жүйе сатып алудың ешбір реті жоқ. Мемлекет қаражатын әрі-бері шаша бермейік деседі.

2015 жылдың 12 желтоқсаны күні, тағы бір сот органы кезекті шешімін мәлім етеді. Енді Шығыс Қазақстан облыстық сотының кассациялық сот алқасы сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені алып тастаған жөн, қоршаған орта мен тұрғындарға зияны болмас үшін деген тұрғыда қаулы қабылдайды.
2016 жылдың қыркүйек айында екі мердігер ұйымның ұзаққа созылған арыз-шағымы Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасында осы бір сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйенің дауымен тағы бір мәрте қаралады. Сот барлық істі қайта қарауды, қосымша материалдар жинақтауды ұсынады. Сонымен екінші мәрте айналып келіп, осы істің дау-дамайы қоза түседі.

2017 жылдың 9 қаңтарында Шығыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер бойынша сот алқасы тағы бір шешім шығарады, онда былай делінген: «ИртышГЭСстрой» ЖШС-інің «Медтехника» АҚ-ына жасаған арыз-шағымы бойынша, сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені алып тастау бойынша арыз-шағымы қанағаттандырылмайды». Сот алқасы бұл шешімді «Медтехника» АҚ-ының жетекшілерімен 2016 жылдың қараша айында тәуелсіз сараптама жасау үшін Москва қаласынан шақырылған Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорындарға қарасты «Ядролық медицинаны жобалау және дамыту жөніндегі федеральды орталық» мекемесінің сарапшылары жасаған зерттеу қорытындысына сүйене отырып жасаған. Бірақ аталмыш ресейлік сараптама комиссия Қазақстан Республикасы аумағында арнайы аккредитациядан өтпеген, лицензиясы жоқ. Сондықтан да бұл кәсіпорынның қорытындысы да Қазақстанда ешқандайда заңды күші жоқ екен. Яғни олардың жасаған қорытындысына ешкім де кепілдік бере алмайды.
Дегенмен, елімізде МАГАТЭ және тағы басқа да ірі ғылыми орталықтардың мамандары берген 2015 жылдың қаңтар айындағы қорытындыларға әлі күнге дейін ешкім назар аудармай отыр. Онда сарапшылар сұйық радиоактивті қалдықты жинап, сақтайтын жүйені монтаждап алып тастап, жаңасын орнату қажеттігін айтқан екен. Міне, осылайша екі жылға созылған сот істері Ядролық медицина орталығының құрылысын тоқтатып қойды. Медициналық және технологиялық жабдықтар да сол күйі қалды. Сырқаттар да тосып отыр.

Бірақ іс бұнымен бітпеді. Осы жобаны уақытында іске қоса алмаған «ИртышГЭСстрой» ЖШС директоры Александр Изотов жақында Қазақстан Республикасының ҚК 190 бап, 4 бөлімі бойынша (2014 жылдың 3 шілдедегі редакциясына орай), сол сияқты Қазақстан Республикасының ҚК 222 бап, 3 бөлім бойынша (1997 жыл 16 шілдедегі редакциясына орай), 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылып, мүлкі тәркіленген. Коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет жасауға 10 жылға дейін тиым салынған. Сот үш мың айлық есептік көрсеткіштегі 5 млн. 556 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге қаулы қабылдаған. Александр Изотовпен бірге облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім жетекшісі Қанат Мұқан және «ИРтышГЭСстрой» ЖШС директорының орынбасары Наталья Афанасьева да кінәлі деп танылған. Облыста осы үш адам үкімет Ядролық медицина орталығының құрылысына, монтаж жұмыстарына қаражат толығымен бөліп отырғанын білсе де, облыстық бюджеттен орталықты іске баптап-дұрыстап қосу үшін қосымша қаржы алуға өтініш жазған. Бүгінде олар жауапкершілікке тартылды.

Сырқаттар қашанғы сарылып тосады?
Осылайша, ұзаққа созылған дау-дамай, сот істері Ядролық медицина орталығының жұмысын қаңтарып қойды. Енді не істеу керек? Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Үкіметке арнайы ұсыныс жасап, Ядролық медицина орталығын толықтай тексеруден өткізуді сұрады. Облыс басшысының бұл ұсынысынан кейін Семейге арнайы келген Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың төрағалығымен ведомствоаралық комиссия Ядролық медицина орталығының техникалық және медициналық құралдарын толығымен тексеруді қолға алды. Ведомствоаралық комиссия құрамында Атомдық және энергетикалық
қадағалау мен бақылау комитетінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық қауіпсіздік және экология институтының, атом өнеркәсібіндегі алдыңғы қатарлы кәсіпорын Үлбі металлургиялық зауытының басшылары мен өкілдері бар.

– Ведомствоаралық комиссия осымен әлденеше рет Ядролық медицина орталығының жұмысын қарап отыр,-деді Алексей Цой,-созылып кеткен проблеманың соңғы нүктесін қоятын кез келіп жетті. Үкімет біздің алдымызға екі міндет қойып отыр. Технологиялық және медициналық құрал-жабдықтарды радиологиялық қауіпсіздік бойынша нақты, дұрыс, анық-қанығымен тексеру, бұл – бір, екіншіден, осыған орай осы құрылыстың аяқталуына орай өз ұсыныстарымызды беру. Біз бұл жерге 2015 жылы да келіп, бас мердігер мен қосалқы мердігердің өз міндеттерін атқармағанын көрдік. Сұйық радиоактивті қалдықтарды сақтауда қауіпсіздік шаралары сақталмаған. Екі жылдан кейін келсек, проблема әлі сол күйі тұр. Радиологиялық нысанның жұмысы бізге аса қажет. Мұндағы технология ТМД елдерінде жоқ. Біз әлі күнге дейін жемсау ауруларының қатерлі обыр дертіне ұшыраған төртінші деңгейлі сырқаттарды ота жасау үшін сонау Ресейге жібереміз. Ондай оталарды осында жасауға әбден болушы еді. Ядролық медицина кластерін Семейде құрамыз деп отырмыз. Өйткені Семейде еліміз бойынша онкологиялық аурулардың асқынған түрі өте көп мөлшерде тіркеліп отыр. Радиофармацевтикалық дәрі-дәрмектерді алу, өндіру үшін изотоптар зерттеледі. Бұлар ерте диагностика жасаудың кілті. Мұнда сырқаттар радиойодтерапиясын қабылдауы керек. Бұл әлем бойынша өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Қазақстан тұрмақ, ТМД-да мұндай әлеуеті жоғары, дамыған медицина орталығы жоқ. Біз бұны ескеруіміз керек. Ядролық медицина орталығын тездетіп іске қосып, халық игілігіне бергеніміз жөн. Радиациялық медицина дамысын десек, осындай құрылыстардың сапасына сақ болайық.

Семейдегі өңірлік онкологиялық диспансердің директоры Марат Сандыбаев Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой бастаған жұмыс тобына ғимаратты толық аралатып көрсетті.

-Бізге медициналық құрал-жабдықтарды әкелген кезде онкологиялық диспансердің дәрігерлерін, өкілдерін араластырмады,-дейді диспансер директоры Марат Сандыбаев,-енді міне, біраз медициналық жабдықтарға механикалық монтаждау жасалғанмен, іске қосылмай жатыр. Бізде осы орталыққа жұмыс істейміз деп тосып отырған дәрігерлер бар, олар Еуропа мен Азияның үздік клиникаларынан оқып келген. Мердігерлердің жауапсыздығынан оқытқан мамандарымыз да жұмысқа кірісе алмай отыр. Біз алдағы уақытта осы жұмыс тобының шешімімен тұралап қалған күрделі мәселелеріміз шешіледі деп үміттенеміз. Орталықтың үшінші қабатында 15 палата арналған стационар орналасқан. Осы жерде жылына 600 онкологиялық сырқат ем-дом ала алар еді. Көрші Ресейдегі Новосибирск, Барнаул қалаларындағы дәрігерлер сұрап жатыр, мына орталықтың жұмысы қашан аяқталады деп. Радиацияны емдеудің озық үлгісі осында болуы керек.

-Осындағы заманауи басқа да құрал-жабдықтардың айлап, жылдап іске қосылмай тұрғаны өте өкінішті,-деді Ұлттық ядролық орталық директорының радиоэкология бойынша орынбасары, радиациялық қауіпсіздік және экология институты бөлімінің жетекшісі Сергей Лукашенко,-мемлекет ондаған миллион доллар жұмсады осындай заманауи медициналық жабдықтар салып алу үшін. Сондықтан да бұл жабдықтар тұралап қалмай халық игілігіне қызмет етуі тиіс.

Мамандардың айтуынша, бұл күндері барлық атқарылған жұмыс 95 пайызды көрсетіп отыр. Қалған 5 пайызы осы мақаламызда егжей-тегжейлі түсіндіріп отырған, сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйеге келіп тіреліп тұр. Радиофармпрепараттар өндірісі осыдан бастау алады.
-Сондықтан да, сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйені тезірек іске қосқан жөн,-деді Алексей Цой,-тіпті, сыртынан бір қарағанда, бұл жүйенің талапқа сай емес екендігі көрініп тұр. Бұл жерде аталмыш жүйенің радиоактивті қалдықтарды тазалап, алып тастайтын автоматтандырылған түрі болуы керек. Ядролық медицина орталығында ешбір автоматтандырылған дүниені көріп тұрған жоқпыз. Ядролық медицина орталығындағы қолданыста болған барлық радиоактивті изотоптар міндетте түрде технологиялық жинақтаудан өтуі тиіс. Содан кейін изотоптардың толықтай ыдырауын күтеді. Толықтай ыдыраған изотопта радиация болмайды. Мәселен, Семейдегі Ядролық медицина орталығында радио-йод-терапиясы үшін қолданылатын йод 131-дің ыдырауына кем дегенде 8 күн керек. Сұйық қалдықтарды жинақтау ем-шара кабинетінен басталып, сырқаттарға арналған дәретханалардан, жуынатын жерлерден, яғни, ауырған адамның кіріп-шыққан жерлерінен толық тазартылып алынуы керек. Сырқаттың киімдері, төсек-орны ауыстырылатын, кір жуатын орындардың барлығында титтей де сұйық радиоактивті қалдық қалмауы тиіс.
-Қазіргі уақытта бұл жерде сорғы құралы жоқ, желдеткіш пен баспалдақ, басқыштар қарастырылмаған,-деді ведомствоаралық комиссия мүшелеріне жағдайды түсіндірген Ядролық медицина орталығындағы циклотрон операторы Дәурен Бидахметов,-қалдықтарды жинап, сақтайтын цистерна талапқа сай емес. Дұрыс орнатылмаған. Олар судың ағынына төтеп бере алмауы мүмкін.

Арнайы құбырлар жүйесі мен су құбыры да қалай болса солай шашылып жатыр. Радиологиялық қауіпсіздікке сай материалдар бұнда орнатылмаған. Ұлттық экономика министрлігінің тұтынушылар құқығын қорғау Комитетіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық сараптама ғылыми-тәжірибелік орталығының санитар дәрігері, ведомствоаралық комиссия мүшесі Нысанғали Қожахметовтың ұсынуынша, құрылыс жұмыстары, қайта жабдықтау мәселелері қаралып жатқан кезде, қосымша ядролық медицина саласында да санитарлық-эпидемиологиялық әзірлеме-құжат дайындау қажет. Мұндай нормативті құжат Қазақстанда әзірге жоқ екен. Бұндай құжатты әзірлеу үшін жұмыс тобының құрамына санитарлық дәрігерлер, медицина, физика, биология, химия саласындағы сарапшылар да тартылуы керек.

– Біз Қазақстан Үкімет мен облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ халық үшін аса қатты алаңдап отырғандығын жақсы түсінеміз,-деді Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой,-бірінен соң бірі басталған дау-дамай, сот істері осындай әлеуетті жобаны тоқтатып отыр. Сондықтан да біз тез аралықта барлық ұсыныстарды қабылдап, облыс басшылығы Ядролық медицина орталығын тезірек іске қосса деп ойлаймыз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, радиоактивті сұйық отынды жинақтап,сақтайтын жүйені қайтадан басынан бастап дұрыстап, тезірек іске қосу үшін қосымша қаражат керек болуы да мүмкін. Өйткені, бұл онсыз да ұзақ күткен сырқаттар үшін аса қажет болып тұр. Ведомствоаралық комиссия Семейде жұмысын жалғастырып жатыр, олар онкологиялық дертке ұшыраған аурулар тезірек заманауи нысанда емделсе деген ниетте.

Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button