Қоғам

Үй салу оңай, құжаттау қиын

Соңғы жылдары құрылыс нысандарына деген талаптың күшейтілуі нормалары сақталмай салынған құрылыстарды қолданысқа беруді қиындатып жіберді. Үйді салуын салып, кіруін кіріп алған жұрт сызбасы бекітілмеген, құрылыс нормалары сақталмаған баспананы қолданысқа енгізе алмай əуре сарсаңға түсіп жатады. Осы ретте біз  тұрғын үй құрылысы кезінде қандай жұмыстардың атқарылып, қай кезде келісу қажеттігі туралы айтып өтуді жөн көрдік.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде ауылдан үдере көшкен халықтың  қарқыны əлі де азайған емес. Бірінің қолы жағдайы жасалған жайлы пəтерге жетсе, енді бірі амалсыз саяжайларды паналады. Қаракөздердің басым көпшілігі қалаға жапсарлас орналасқан елді мекендерге үй салды. Бірнеше ондаған жылдар бойы бұл үрдіс  назарға алына қоймағанымен соңғы жылдары мәселеге талап күшейді. Неге дейсіз бе? Өйткені сапасыз әрі сызбасы қате құрылыстар тым көбейіп кетті. Біреулер қора-қопсыны көшенің ортасына салуды, енді біреулер адам мен көлік қатынайтын жолдарды мүлдем қоршап иеленіп ала бастады.

Облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасының газет редакциясына берген ресми жауабына сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде жеке тұрғын үйлер салу мен пəтерлерді қайта жобалау жұмыстары «Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы» Заңына, «Құрылыс саласындағы құрылыс салуды ұйымдастыру жəне рұқсат беру рəсімдерінен өту» қағидасына және «Жеке тұрғын үй құрылысы аудандарын жоспарлау және салу» нормасына сəйкес жүргізілетін көрінеді.

Құрылысты бастамас бұрын

Құзырлы мекеменің хабарлауынша, жеке тұрғын үй құрылысы басталғанға дейін сәулет-жоспарлау тапсырмасын және техникалық шарттарды, яғни болашақ үйдің жоспарын жобалау мен әзірлеуге рұқсат алу қажет. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын алу үшін «Құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау және қайта жабдықтау) жобалар әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну» мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде www.egov.kz электрондық үкімет порталына өтініш беріліп, құжаттар жіберіледі. Аталмыш құжатты алу үшін мынадай құжаттар өткізіледі:

– сәулет-жоспарлау тапсырмасын ұсыну туралы өтініш;

– жер учаскесіне құқық беретін құжаттардың электронды көшірмелері;

– инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылуға арналаған техникалық шарттар үшін толтырылған сауалнама парағының көшірмесі.

Сәулет-жоспарлау тапсырмасы алты жұмыс күні ішінде, ал берілмейтіні жөніндегі бастарту бес күн ішінде дайын болады.

Аталмыш құжат алынған соң үй иесі эскиздік жоба әзірлейді. Мұндай жобалардың типтік әрі тегін түрлерін қалалық, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімдерінен, облыстық басқарманың өзінен немесе басқарма сайтының (www.depstroy.vko.gov.kz) «типтік жобалар» бөлімінен алуға болады.

Келесі кезекте «Эскиздік жобаны келісу» мемлекеттік қызметі аясында эскизді келісу өтініші мен эскиздің электронды көшірмесі Электронды үкімет порталына беріліп, жергілікті атқарушы органдармен келісіледі. Бұл қызмет түрі азаматтарға 10 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

– Үй жоспары бекітілген соң оны өзгертуге болмайды, – дейді облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсем Ақабаева. – Құрылыс эскиздік жобаға сәйкес жүргізілуі керек. Еліміздің Құрылыс нормаларына сәйкес, тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарды салу кезінде учаске шекарасынан тұрғын үй қабырғасына дейінгі аралық кемінде үш метр, ал шаруашылық құрылыстарға дейінгі аралық бір метр болуы керек. Аталмыш қағиданың 69-тармағында тұрғын үй мен басқа да құрылыстардың көлемін жеке құрылыс салушының дербес айқындайтыны жазылған.

Қандай жағдайда салынған үй қабылданады?

Үй құрылысы аяқталған соң оны пайдалануға беру қажет. «Қазақстан Республикасындағы сəулет, қала құрылысы жəне құрылыс қызметі туралы» заңының 74-бабына сәйкес, мұны да меншік иесі өзі дербес жүзеге асырады. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына меншік иесінің бекітілген енгізу актісін бергеннен кейін сәулет және қала құрылысы саласында жұмыс істейтін орган бір жұмыс күні ішінде құрылыс салуды ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдерін жүргізіп, салыстырып, тексергеннен кейін қабылдау актісін есепке алады.

Қолданыстағы заңнамаға жəне бекітілген жобаға сəйкес кіреберіс есігі мен терезелері орнатылған, ішкі əрлеу жұмыстары аяқталған, қабырғалары мен төбелері сыланған жəне тегістелген (ішкі қаптау, сылау, тұсқағаз жапсыру жұмыстарынсыз), едені тартылған, электр  сымдарын өткізуі көзделген, пəтер ішіндегі бөлу автоматтары орнатылған (тұрмыстық мақсаттағы электр техникалық аспаптарсыз, газды немесе электр плитасыз), аспаптарды орнату орындарына дейін жапқыш арматурасы мен тығындары бар су өткізу жəне кəріз құбырлары жүргізілген (санитарлық-техникалық жабдық пен аспаптар орнатусыз), сондай-ақ тұтынылған коммуналдық қызметтерді есептеу аспаптары (үйге ортақ жəне жеке) орнатылған, жылыту аспаптары мен терезелік жақтау тақтайлары орнатылған, сондай-ақ егер шартта немесе қолданыстағы заңнамада өзгеше көзделмесе, атап көрсетілгеннен асатын көлемдегі өзге де жұмыстар орындалып салынған объектілердің (кешендердің) жай-күйі толық əзірленсе тұрғын үй қабылданады.

Үйдің тегін жобасын табуға бола ма?

Үйдің жобалау-сметалық құжаттамасын əзірлеуді тиісті жұмыс түрлеріне лицензиясы бар жеке жəне заңды тұлғалар жүзеге асырады.

Ал болашақ салынатын үйдің эскизін қалай əзірлетуге болады? Бұл мəселе ел билігі тарапынан ойластырылып қойған. Атап айтсақ, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жəне үйлерге бірыңғай сəулеттік стиль беру мақсатында Қазақ ғылыми-зерттеу жəне құрылыс пен сəулет жобалау институты аз қабатты ірі панельді жəне кірпіш тұрғын үй құрылысының үлгілік жобаларын əзірледі. Аталған типтік жобалар құзырлы министрліктер өкілдерімен келісіліп, сейсмика жəне сейсмикасыз мемлекеттік сараптамадан өткізілген.

Азаматтарға үлгілік жобалар тегін  беріледі. Кірпіш үйлердің эскиздік жобалары облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасының depstroy.vko.gov.kz ресми сайтында орналастырылған. Ғаламторға шығу мүмкіндігі жоқ азаматтар аталмыш жобаларды Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 27 үй  мекенжайында орналасқан облыстық құрылыс, сəулет жəне қала құрылысы басқармасынан немесе  қалалар мен аудандардағы сəулет бөлімдерінен ала алады. Ол үшін тілек білдіруші өзімен бірге жеке куəлігі мен электронды тасығышын (флешка) бірге ала баруы керек.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» түйсек, тұрғын үйлер мен шаруашылық құрылыстарын өз бетiмен сала бастаған немесе оны салған адам еліміздің заңнамаларына сəйкес жауапкершілік арқалайды. Демек, үйдің іргетасын құйып, қабырғасын қаламас бұрын осы салаға жауапты сəулет бөліміне кіріп шыққаныңыз артық болмас. Ол жерден болашақ үйдің эскизін де тегін алып, кейін жиналуы қиынға соғатын құжаттар тізімін анықтап, дайындалу ретін білуге болады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button