Руханият

Үйір-үйір жылқыны құтқарған құлын

Сыбызғышы Орысай

Бабалар мұрасы – рухани байлық. Өткенді білу, оның дем беріп, нәр алар жағын қазіргі жастарға жеткізу біз сияқты қариялардың міндеті. Бұл – ата-бабаларымыздың аманаты. Қазақтың музыка мәдениетінде ерекше орын алатын рухани байлықтардың бірі – ән мен күй. Ерте дәуірде туындап, өмір көшінен қалмай дамып келе жатқан күй аспаптарының бірі – сыбызғы. Қазіргі кезде қолда бар көне күйлердің көпшілігі сыбызғы күйлері.

Саржомарт елінің қазіргі кездегі Күршім ауданы, Маралды округіне қарасты Үшбұлақ ауылынан шыққан  Күркебай батыр он екі  Абақ Керей елін өзінің мергендігімен, батырлығымен таңғалдырған тұлға. Керей еліне бұрын да барып-келіп жүрген сыбызғышы Орысайды бір сапарында   өзімен бірге ертіп барады. Кешкі мал қотанға келіп жатқанда  Күркебай қасында Аңдамас, Ыбырай, Шақабай сынды ержүрек, аңшы жігіттермен Указ молда – Дүсіптің  ауылына келеді.

Барымташы Бурабайдың күйі

Жанында бір топ қариялары  бар, ауыл жанындағы төбеде отырған Дүсіпке сәлем береді. Молда алыстан келген қонақтарды өзі бастап он екі қанат киіз үйге кіргізеді. Қымыз ішіп жайланғаннан кейін  Дүсіп:  – Керей мен Найман анамыз бір ағайынбыз. Сол туыстықты соңғы буынға жеткізу біздің парызымыз. Соңғы ұрпақ берекесі жарасып жүрсе, нұр үстіне, нұр ғой, – деп сөзін аяқтап, ер Шақабайға есік алдына әкелінген ту биеге бата беруін өтінеді.

Отырған қонақтардың бірі: – Ореке атағыңыз елге жайылған  сыбызғышысыз, мұрагерлік жасайтын ұрпағыңыз бар ма? – деді.

Орысай ойланып біраз отырып барып: – Бір әке-шешеден жалғызбын. Менің  Ерубай, Шерубай, Қалжан деген үш балам бар. Қалжан деген қызым өлеңші. Жас та болса ел аузына ілініп жүр. Исі Саржомарттың осы кездегі жоқтауын сол айтады. Тыңдаушысына мақамы да ұнайды. Ерубай  балам ептеп сыбызғы тартады. Бірақ ол халықтың мол ықыласына ие бола алмай ма деп жорамалдаймын. Бүгін осында тайға мінгізіп  Шерубай ұлымды ертіп келдім. Осы ұлымнан үмітім бар. Сыбызғыны біршама нақышына келтіріп тартады, бірақ оған мен батамды әлі бергенім жоқ. Батамды берсем, мен үйде отырып қалатын түрім бар. Батамды осы ұлыма берейін деп жүрмін, – деп Керей еліне көп тараған «Қозыкөш» деген күйді орындайды.

Орысай қария күйді орындап болып, ентігін басқаннан кейін, оның шығу тарихынан сыр шертеді. Бұл әңгімені жиналғандар ұйып тыңдайды.

– Бірде малын бағып, бейғам жатқан  керей ауылын барымташылар шабады. Жаудың жылқыға шапқан кезі түн ортасы болса керек. Бірнеше жерден зырылдауық тартып, жылқыны қуалай жөнеледі. Бейғам жатқан ел түн ішінде у-шу болады да қалады. Бір құлын ұйқысынан оянбай, енесінен бөлініп  қалып қойса керек. Жылқылар ауылдан біршама ұзаған кезде әлгі құлын шырқырай кісінеп, енесін іздейді. Осы сәтте құлынының дауысын естіген бие ешбір айдауға көнбей, жылқыдан бөліне қашады. Оның соңынан ілескен біраз жылқы да қайыру бермей ауылға оралады. Ішінде ауыл адамдарының жүйрік аттары да бар екен…

Жүйрік аттары  қолына тиген ауыл азаматтары таң атар-атпастан жауды ізінен қуып жетіп, бірнешеуін сойылға жығып, жылқыны ауылға қайтарады. Ұрылардың басшысын тірідей ұстаған ауыл азаматтары оның атақты сыбызғышы екендігін танып, бір күй тартып беруін өтінеді.

Тұтқын сол түнгі уақиғаны күй етіп тартыпты. Күй бейғам елдің көңілін, айлы түнді әуен сазымен айта келіп, кенет жылқыға жау тигенін баяндайды. Ауылдың у-шу болғанын, ұйқысынан оянған құлынның шырқырай кісінеп енесін іздегенін (бұл кезде жау жылқыны айдап, ауылдан қозыкөш жерге кетіп қалған екен), құлынның зарлаған дауысын естіп, енесінің де кісінеп, барымташыларға қайыру бермей, кейін қашқандығын түгелімен күй тілінде баяндап берген екен. Соңында жау жеңіліп, күй тамаша  асқақтаған әуенмен  аяқталады.

Ауылдың иесі: – Иә, тұтқын қандай күй тарттың? – деп сұрайды. Жігіт бұл адамның күйдің байыбына барып отырғанын сезіп, шынын айтады. Күйді ауыл иесі бұлтартпай қайта тартып береді. Сөйтіп, екі күйші бірін-бірі түсінісіп,  отырыстың аяғы сауық-сайранға ұласады.

Ешқандай шығын жоқ, сойылға жығылған адамдар тірі. Жылқының ауылға аман оралуына дауысы қозыкөш жерге дейін жеткен бір құлын себепкер болды. Сондықтан күйдің аты «Қозыкөш» болсын депті жиналғандар. Бұл ұсыныспен ұры күйші де келіскен екен.

– Жігітім, ұрлықты қой. Одан да  бабадан қалған өнерді уағызда!  – деп ауыл ағасы ұрыларға бостандық беріпті.

Орысай күйдің шығу тарихын тәмамдаған кезде, әңгімеге дереу Шақабай араласады.

– Бұл өнерпаз ұры деп отырғанымыз Бурабай сыбызғышы. Керей елінде кезінде одан асқан сыбызғышы болмапты. Жылқысын ұрлаған ауылдың иесі Бурабайға шолақ айғырдың үйірін сыйлапты. Содан жылқысы өсіп, байлығы да, сыбызғышылығы да он екі Абақ Керейге мәлім болыпты.

Бурабайдың кіндігінен жалғыз қызы бар екен. Қызының аты – Сайра. Бурабай Сайра қызы ер жетіп, оны ұзатқанда, он бес жыл өзі ғана мінген, үнемі үстінде отырып елдің алдында сыбызғы тартқан атын мінгізіпті. Қыз ұзатылған жерде, Күршім өзенінің жиегінде, «Бурабайдың есімінде бір тау бар» деп естимін, – деп әңгімесін аяқтайды.

Күнтуар бақсының қобызы

Сөз кезегін алған Аңдамас  Бурабай тауы туралы әңгімені бастап кетеді. – Біздің  Өтей елінің бір байы жортуылда көп жүрген адам екен. Керей елінен жақсы дос тауып, көп жыл араласып жүріпті. Ол сол елдегі атақты сыбызғышы екен, – дейді білгендер. Сол адамның жалғыз қызына арамыз үзілмесін, құда болалық деп келісіп, құда болыпты. Әкесі қызын сағынып, келер жылы жаз айында бір топ жолдастарымен біздің жерге келіпті. Өтей еліне келу үшін Күршім өзенінің жиегіне ат басын тірейді. Бұл «Еспембет өткелі» деген жер. Су тасып жатса керек, бұлар келгенде, қайық аузында қайықшылар болмапты. Түсте келген жолаушылар қайықшыларды тоса-тоса күнді батырады. Өзеннің жиегі ну орман. Жыртқыш аңдар да баршылық. Жағада түнеу қауіпті болғандықтан, жанында тұрған таудың үстіне шығып, алаңсыз түнеген жолаушылар таңды да атырады. Күн шығып келе жатқанда, өзеннің арғы бетіндегі тау анық көрінеді. Екі тау да биік. Қарсысындағы таудың бөктері қалың орман. Әр жерінде жасаң алаң. Алаңдарда тігілген киіз үйлер көрінеді.

Сыбызғышы Бурабай: – Осы көрінген ауыл, мүмкін, менің құдамның ауылы шығар. Менің атым кермеде байлаулы болса, мына сыбызғы үнін естір. Естір де, қызыма хабар берер, – деп «Қозыкөш» күйін тартыпты.

Сайра келген жеріне сыйлы келін болыпты. Жұбайы да оны жақсы сыйласа керек. Өтей  елі осы Төсқайың аталатын жерде отырып, қойларын қырқып, асықпай «Танаш биігі» деген жайлауына бірақ көтеріледі екен. Әлгі Бурабай көрген ауыл Сайраның ауылы болып шығады. Сайра әкесі берген атын күнде ертемен ұстатып, кермеге байлап қояды екен. Сол әдетін бүгін де жасайды. Ат кермеде тұрып қос құлағын қайшылап, бір орнында тұра алмапты. Тіпті кісінеп, Күршім өзені жаққа қарай беріпті.

Аттың бұл ерекше әрекетін көрген Сайра жұбайын шақырып алып: – Менің әкем келіп, Күршім өзенінен өте алмай, ана таудың басында сыбызғы тартып отыр ғой деймін. Сыбызғының үнін мына ат естіп тұрған сияқты. Мына азаматтарды, қайықшыларды ертіп, «Еспембетке» бар, – дейді. Сайраның жұбайы көнсе де, басқа құрбылары наныңқырамай, ауылдан әрең кетеді. Өзен жиегіне келсе, Сайраның жорамалы дұрыс болып шығады. Ат бұлқынып тоқтамаған соң, ноқтасын түріп қоя беріпті. Торы төбел судан малтып өтіп, оқыранып барып иесін иіскелепті. Адаммен жылқының бұл баға жетпес сағынышына жиналғандар таң-тамаша болыпты. Судан өткеннен кейін Бурабай торы төбелге мініп, қызының үйіне келеді. Атты бос қоя берсе де, Бурабай жатқан үйден ұзап жайылмай қояды. Бурабай мініп келген атына мініп, ауылды қыдырса, торы төбел жанында құлын құсап бос еріп жүріпті.

Бурабай сыбызғышы таңертең сыбызғы тартқан таудың басы мен ауыл отырған «Төсқайың» арасы турасынан алғанда, он шақырымдай жер екен. Сыбызғы үнін ат сонша жерден естіген. Өнерге үлкен баға беретін Саржомарт елі: – Оcы тау құдамыз  Бурабайдың атымен  аталсын! – деп шешіпті.

Сол кезден бері Күршім өзенінің сол жақ жиегіндегі осы тауға түнеп, түсіне  Бурабай сыбызғышы еніпті деген сөз бар. Ол туралы өзі айтсын! –  деп Аңдамас  әңгімесін аяқтады.

Жиналған ел назарын Орысайға аударады.

Орысай: – Ол рас. Мен жын буып көп ауырдым. Бір күні біздің  ауылға Күнтуар бақсы келді. Әкем мені бақсыға көрсетті. Ол тамырымды ұстап, біраз отырып:

– Бүгін  үйіңе барып ойнаймын, – деді.

Кешке ауыл адамдары біздің үйге жиналды.  Бақсының ойнағанын көруім бірінші рет. Шошып отырмын.  Бұл естуімше, қобызын бәйгеге қосқан адам. Әкесі Жалпақ та бақсы болған дейді. Ел «Қу ағаш шаба ма екен?» деп,  бақсыны ызаландырғанда Күнтуар ат айдаушыға: – Өздерің  ат шабатын жерге тастаңдар да, жүре беріңдер! Арттарыңнан келеді, – депті.

Әлгі ат айдаушы қобызды апарып, аттар шабайын деп жатқанда, бір түп қарағанға қыл шылбырмен мықтап байлап, «Қош, сау бол!» – деп кете беріпті.

Аттың алды көрінгенде,  қобызды шақырып, Күнтуар Теміржан деген жынына жалынып, қышқырып ойнап кетіпті. Бәйге мен бақсының ойы тоғысады. Көмбе басы у-шу болады. Бір мезетте бір түп қарағанды салбырата сүйреген қобыз бақсының алдына келіп құлайды. Сол жерде бақсы қобызды байлаған адамды жындандырып жібереді. Құтырған адамды жұрт байлап тастайды. Бақсы бүкіл ел болып жалынса да, оны емдемей қояды. – Мен жаза алмаймын. Теміржан деген жынымның қаҺарына ілінді. Оның мейірі қашан түседі, сонда ғана жазылады. Оған дейін тоссын, – депті.

Сол бақсы ойнады. Кейде мені де ауыл жындыға санайтын. Бақсы сарыала қамшымен мені біраз сабады. «Балаңа сыбызғышылық өнер қонғалы жүр. Қурайдан сыбызғы жасап, Бурабай тауының басына апарып, өзің бірге түне. Ол сыбызғы тартса, маңына жолама. Сол жерде бірер апта аялда. Бұл Алтайдың Бурабай сияқты сыбызғышысы болады. Бұл сенің ұрпағыңның ұрқына дейін барады, – деді бақсы.

Осылай деген Орысай сөз арасында «Менің екі ұлым да сыбызғыға жуық. Жасым егделесе де, сыбызғымды қимаймын.  Бір күн сыбызғы тартпасам ауырып қаламын»,- деп әңгімесін аяқтапты.

Мен Шерубай сыбызғышының жиеншарымын. Маған Шерубай мен Қалжанның өнері дарыды. Қабдолда ағам 2002 жылы о дүниелік болып кетті. Көзінің тірі кезінде  Шерубай сыбызғышы, оның ұлы сыбызғышы Биқан, Ерубайдың ұлы Байжұма сыбызғышы туралы өз естелігінде жазып, жалғастыруды маған аманат еткен еді. Қу дүние тірлігінде жүріп, бүгін ғана қол жетіп жазып отырмын.

Нұрсовет  Қайыров,

ақсақалдар кеңесінің төрағасы

 Күршім ауданы.

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button