Қоғам

Үйі де күйі де жоқ отбасы

 Елуді еңсерген отағасы бізді есік алдынан қарсы алды. Аман-саулық сұрасып тұрғанда қасымыздан тасыр-тұсыр трамвай өте шықты. Қараша үй діріл қақты. Ал біз сатұр-сұтыр үйге кіріп кеттік. Диванда қатар отырған қызы мен анасы аманымызды алмады. Аянышты түрде жымиып ғана қойды. Сөйтсек екеуі де сөйлей алмайтын, екеуі де жүре алмайтын жандар болып шықты. Өздеріне тиесілі үйі болмаған соң, күйі де келісіп тұрмағаны бірден көзге түседі.

Бүгінгі таңда баспанаға зар қазақтың қатары көп. Үй кезегінен үміт күтіп жүргендердің бірі – Нұрбек Жакуповтың отбасы. Бұл үйдегі үш адамның екеуі мүгедек. Отбасының бар шаруасын отағасы мойынына алған. Жан жары Әлия Оқасқызы жүрекке жасатқан отадан кейін оңалып кеткенімен, артынша қайта ауырып қалған. Оған орда бұзар отызға келгенде отбасын бұзып алған қызының қиын тағдыры себепкер болған көрінеді. Нұрбек Жакупов үй жайымен әкімге барғанымен кіре алмапты. Арызбен қоса байланыс номерін жазып қалдырған. Енді қай күні хабар келер деп күтіп жүрген көрінеді.

 Қараша үйдегі қос мұңлық

 Отағасы: – Ұлан ауданына қарасты Алғабас ауылының тумасымын. Сол ауылда өсіп-өніп, отбасын құрдық. Шаңырақ көтердік. Кейін екі мыңыншы жылдары тіршілік жайымен қалаға көшіп келдік. Ондағы мақсатымыз балаларды оқытайық деген ой болатын. Содан бері пәтерден пәтерге көшіп-қонып жүрміз. Сөйтіп жүргенде әйелім ауырып қалды. Алматыға барып жүрегіне операция жасатып қайттық. Ол да оңай болған жоқ. Келгеннен кейін тәп-тәуір жүріп жүрген болатын. Бір күні қызымыз отбасылық жанжалдан кейін жансақтау бөліміне түсіп қалыпты. Онда төрт күн жатты. Ақыр соңында қызын уайымдап қасында отырған анасы да ауырып, инсульт алып құлап қалған. Міне, содан бері әйелім сөйлей де, жүре де алмайды. Ал қызым болса  ес ақылын мүлде білмейді. Дертке дауа іздеп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Қайыр болмады. Өзім осыған дейін теміржолда 5-6 жыл шопыр болып жұмыс істедім. Көбінде іссапарға шығатын болғандықтан да үйдегі мына екеуіне қарайтын кісі де болмай қалды. Содан өз еркіммен жұмыстан шығып кеттім. Қазір екеуін өзім бағып-қағып отырмын. От жағып тамақ істеп, кір жуамын. Қызымның асты-үстін тазалап, суға түсірем. Ер адамға ең қиыны осы екен. Болмаса үйде жылы су, қолайлы дәретхана да жоқ. Суық күнде жүре алмайтын адамды далаға шығару да қиын. Үлкен ұлым бар. Келін мен ұл бала-шағасымен бірге квартира жалдап бөлек тұрып жатыр. Оларға да жан бағу керек қой енді.

Мына ескі үйді 4-5 жылдан бері жалдап тұрып жатырмыз. Арзан бағаға беріп отыр. Ай сайын қырық мың теңге шамасында ақша төлейміз. Қазіргі жағдайда осы екеуінің жәрдемақысына өмір сүріп отырмыз. Басқа кіріс жоқ. Сол ақшаға көмір мен азық-түлік алып, үйдің ақшасын төлейміз. Кейде дәрі-дәрмектеріне ақша жетпей қалады. Ал ауруханадан беретін дәрілердің екеуі болса үшіншісі жоқ болып шығады әйтеу. Әй шіркін, жылы су, жылы дәретханасы бар үй болса жұмысым сәл жеңілдер еді ғой. (Күрсінді)

Үй кезегіне 2016 жылы тұрғанбыз. Әлі мың жеті жүз шамасында тұр екенбіз. Сол үй кезегі бір жылжымай-ақ қойды. Осыған дейін кезегіміз кеп қалар деп күткен едім. Биыл жазда әкімге кірейін деп қалалық әкімшілікке де бардым. Кіргізбей қойды. Біздің мәселені бәлкім басқаша қарайтын шығар деп те жөн сұрадым. Аты-жөнімді жазып алып қалды. Шақырамыз деген болатын. Әлі жым-жырт. Енді қайта барайын деп отырмын. Негізі кезек күттірмей үй беру керек еді ғой. Түсініксіз әйтеу…

Қызы: – Үнсіз. Ботакөзі жәудіреп қарады да отырды.

Әкесінің айтуы бойынша қыздарының 12 мүшесі сау, ақыл-есі дұрыс болып ержеткен. Үміт күтер үлбіреген қыз болған. Үміттерін де ақтаған. Оқып білім алып, шаңырақ құрған. Ұл сүйген. Қаладағы «Фреш маркет» сауда үйінде жеміс-жидек сатып тіршілігінің қамын жасаған. Алайда жалғыз күнде өмірі 180 градусқа өзгеріп шыға келген. Өзгенің кесірінен бәлкім, өзінің кесірінен. Ол жағы түсініксіз. Бастабында күйеуі тапқан табысын санауға кіріскен. Артынша екеуі ұрсысқан. Ұрған бәлкім, қылқындырған болуы мүмкін. Таңертең есінен танып қалған адамды кешке жедел жәрдем шақырып ауруханаға апарған. Өкінішке қарай бәрі кеш болған көрінеді. Төрт күн жансақтау бөлімінде жатқан. Сол күннен бастап есінен айырылған. Аурухананың қойған диагнозы ауыр дәрежедегі гипоксиялы энцефалопатия, бас ми ісігі. Білместіктің кесірінен сол кезде экспертиза жасалмай қалған. Сотқа бергенімізбен ештеме өнбеді деп отыр әкесі. Иә, кешегі сауда жасап шауып жүрген қызының мәңгіріп мүгедек болып қалғаны ата-анасының жанына батары анық. Ол үшін ешкімнің жауапты болмағаны да жабық тақырып.

Анасы: Бұл кісі де үнсіз. Қызының тағдырлы күндері баяндалғанда бірнеше рет жылап алды. Бастан-аяқ бәрін өзі баяндағысы келеді-ақ. Оған тіл құрғыр байлаулы. Көңілге медеу болары кейде жымиып күліп қояды екен. Ақыл-есі дұрыс болғанымен тілі байлаулы. Бір жақ қол-аяғынан жан кеткен. Аурухананың қойған диагнозы жеңіл дәрежелі орталық ақау, өкпе гипертензиясы, эпилепсия. Қарапайым тілмен айтқанда талма ауруы.

Тіршіліктің күйбеңін күйеуімен бірге көріп күн кешіп жатқан. Қаланың Защита  ауданындағы балабақшалардың бірінде жұмыс істеген. Кейін жүрегі ауырып операция жасатқан. Ол сынақтан сүрінбей өткен ананы Алла баласының тағдырымен сынаған көрінеді. Жоғарыда біз баяндаған баласының тағдырына күйінген ана қасында отырып жығылып, өзі де аурухана төсегіне таңылған.  Ақыры аяқ-қолдан жан кетіп мүгедек болып бірақ шығыпты. Осылайша мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарына қосылған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі Өскемендегі УБА  шипажайына 10 күн емделуге мүмкіндік берген. Алайда апарып келетін кісі болмаған. Ары тартсаң арба сынып, бері тартсаң өгіз өлген тағдыр….

 Қалаға қай тағдыр айдап келді екен…

 Қазір баспанаға зар болып отырған Нұрбек Жакуповтың бұрын үйі де, күйі де болыпты. Алғабас ауылында төрт бөлмелі үйі, қорасында малы болған. Оны екі мыңыншы жылдардың басында алпыс мың теңгеге ғана сатып жіберіп, қалаға қарай тартып тұрған. Бар мақсаты бала-шағасын оқытып, ел қатарлы еңбек ету болған. Алда осындай тағдыр тұрғанын қайдан білсін. «Екі қолға бір күрек» деп келген отағасы отбасының күтушісі болып қалған. Қос мұңлықты бағып отырғаны үшін ақша төлене ме деген үмітпен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөліміне барған.  Алайда 18 жастан асып кеткендерді баққаны үшін ақша төленбейтіні айтылған. Қызы мен әйелін өмір бойғы мүгедектер қатарына қосқандықтан біріне 60 мың, біріне 57 мың шамасында ай сайын ақша төленеді. Бұл отбасының қазіргі бар кірісі осы жәрдемақы ғана. Отын-су, ішіп-жем, ем-дом, үйдің төлеміне де осы ақшадан төлейді. Біріне жетсе біріне жетпейтін көрінеді. «Қалаға көшкеніңізге өкінбейсіз бе?» – деген сауалымызға ойланып қалды. Енді… бала-шағаның қамы деп көштік қой. Қайтеміз… Бізде басқа сылтау да жоқ екені түсінікті ғой. Қалаға неге құмар екенбіз?!

Соңғы аялдама

 Есік-терезесі бүтін болғанымен ескі үйдің іші салқын. Ішіне жөндеу жүргізіп алайын деген едім ақшам болмады дейді Нұрбек ағамыз. Қолынан іс келетіндер үш жүз мың сұраған. Қараша үйдегі қос мұңлық бүрісіп отыр. Үйдегі жүректің жалыны да, пештің жалыны да өлеусіреп қана жатыр. Біз есіктен шыға бергенде тағы бір трамвай тасұр-тұсыр келе жатты. Бұл отбасы Защита вокзалының алқымындағы трамвай тоқтайтын соңғы аялдамадағы қараша үйдің бірін жалдап отыр. Үй иесі олардың дүрсіліне де үйреніп алғандарын айтады. Тоқтаған трамвай қозғалғанша әңгіме құрып біраз тұрдық та біз де жүріп кеттік. Үй иесі адасып келіп түсіп қалған адамдай соңғы аялдамада жалғыз қалды. Тағдыр трамвайы жылы үй, тыныш жаққа алып кетсе екен деп іштей тіледік…

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button