Қоғам

 Үйі бардың күйі бар

   Халықты баспанамен қамтуға бағытталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының қандай тармақтары бар? «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы қай санаттағы адамдар ең төменгі алғашқы жарнамен үй алып, несиені аз пайызбен төлеуге мүмкіндік алады? Көпшіліктің көкейінде жүрген осы сұрақтар төңірегінде оқырмандарымызға «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының басшысы Нәзигүл Аккулова түсіндіріп берген еді.

                     35 мың адам кезекте тұр

     «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы ел азаматтарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін қолға алынған ауқымды бағдарламалардың бірі. Мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқан екі жылдың ішінде баспана құрылысына түрлі қаржы көздерінен 3,3 трлн теңге инвестиция салынған. Еліміз бойынша 33,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайданалуға беріліп, нәтижесінде 300 мыңнан астам отбасы баспанаға қол жеткізді.  Осы бағдарламада алғаш рет көпбалалы отбасылар мен жұмыс істейтін  жастарға арналған жалдамалы үйлер салынды. Ал табысы төмен отбасыларға жеңілдетілген ипотека мен құрылыс компанияларына субсидия берілді. Былтыр өңірлердегі қолжетімді тұрғын үй қорын молайту үшін 59,3 млрд теңге қаражат бөлініп, оның 96 пайызы игерілген. Биылдан бастап «Нұрлы жер»  бағдарламасының аясында «5-20-25» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Бұл жоба 2020-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Мұндағы басты талап – азамат тұрғын үй кезегінде тұру керек, табыс көзі расталады, меншігінде соңғы бес жылда үй болмауы тиіс. Отбасының тұрақты табысы 3,1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни 101 271 теңгеге жететін  азаматтар осы бағдарлама бойынша әкімдіктердің несиелік тұрғын үйлерін алуына болады. Бұл бағдарламаға әскерилер, мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлері қатыса алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің мәліметінше, қазір елімізде 526 мың адам үй кезегінде тұр. Оның ішінде біздің облыста 35 мың адам баспана кезегіне тіркелген.

     «5-20-25» бағдарламасы аясында қолдауға мұқтаж, әлеуметтік әлсіз топтарға басымдық беріледі. Бағдарламаның шарты –  несие мөлшерлемесі бес пайыз, бастапқы жарна үй бағасының жиырма пайызына  тең. Бағдарламаға қатысушылар салынып жатқан нысаннан пәтерді өзі таңдай алады және таза әрлеудегі пәтерді несиеге алады. Ескеретін жәйт, депозитте алғашқы жарна дайын болса да үй бірден берілмейді. Банк басшысы Нәзигүл Төлешқызының айтуынша, салымшылар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» конкурсына қатысу арқылы ұпай жинақтайды. Мәселен, бірінші конкурста тек кезектегілер баспаналы болса, екінші кезеңге банк салымшылары қатыса алады. «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы берілетін үйлерді baspana.kz сайтынан көруге болады.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, бірінші, екінші топтағы мүгедектер, зейнеткерлер үшін сатып алуға болмайтын жалдамалы пәтерлер беріледі. Жалдамалы пәтер жекешелендірілмейді, ол уақытша ғана беріледі. Өз үйіңізге қажетті бастапқы жарнаны жинап алғаннан кейін немесе жалдамалы үй берілген соғыс ардагері қайтыс болған жағдайда бұл үйді босатуға тура келеді.

               Мемлекеттен тұрғын үй кімдерге беріледі?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  • Жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

3)  Мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер және мемлекеттік сайлау лауазымындағылар;

4) Заңнамада белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар;

5) «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

6) Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары:

*Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар;

*Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;

*Кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

*Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

*Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

*Толық емес отбасылар;

*Бірінші және екінші топтағы мүгедектер;

*Оралмандар;

*Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

*Мемлекеттiк және қоғамдық мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан  адамдардың отбасылары.

Баспанаға мұқтаж ретінде үй кезегіне халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркелуге болады.

                                 «Шаңырақтың» шарты өзгерді

«Шаңырақ» – «Нұрлы жер» бағдарламасының бір тармағы.  Бұдан былай үй кезегінде тұрғандардың бәрі 5-10-20, яғни «Шаңырақ» бағдарламасына өтінім бере алады. Бұған дейін бұл бағдарламаға 1986-2017 жылдардың аралығында әкімдікте үй кезегінде тұрған азаматтар ғана қатыса алатын еді. Енді бұл талап 2020 жылға дейін созылды. Демек, үй кезегіне биыл тұрғандар да бағдарламаға қатысып, баспаналы бола алады. Бұл жағымды жаңалықты өңірдегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшылығы ресми түрде хабарлады. Несие мөлшерлемесі бес пайыз, алғашқы жарна – баспана құнының он пайызы, несие жиырма жылға беріледі. Бұл бағдарлама бойынша баспананы тек жаңа үйлерден ғана сатып алуға болады. Несиенің шекті мөлшері Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары үшін 18 миллион теңге болса, біздің өңірде 12 миллион теңге. Әкімдік салдырған баспананы алу үшін алдымен үй кезегіндегі реттілік бойынша жолдаманы алып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» келіп, төлем қабілеттілігін растайды. Еңбек немесе кәсіпкерлік қызметінен соңғы алты айда түскен табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 3,1 күнкөріс дейгейіне дейін болуы керек. Қазір ол 101 271 теңгені құрайды. Жуықта бұл көрсеткіш 3,7 болып өзгереді. Бұл үй алатындар үшін жағымды жаңалық. Өйткені кейбір салымшылардың орташа жалақысы белгіленген сомадан асып кетеді де, «Шаңырақ» бойынша баспана ала алмай қалып жатады. Қазір облыс бойынша 59 адамның өтініші толық мақұлданды, 69 адамның құжаттары толық емес, одан басқа 150-ге жуық өтініш қаралып  жатыр.

Өтініш тапсыру мерзімі 28 қазаннан басталып, 27 қарашаға дейін жалғасады. Өтінішті банктің ресми сайтына беруге болады. Өтініш мақұлданған жайдайда тұрғын үйді іздеуге екі ай уақыт беріледі. Жуықта бұл мерзім алты айға дейін ұзартылады деп күтілуде. Қажетті құжаттар – отбасының барлық мүшесінің тұлғасын куәландыратын құжаттар, неке қию немесе бұзу туралы куәлік, өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің ел аумағында меншік құқығында соңғы бес жыл ішінде тұрғын үйі болмауы керек. Төлем қабілеттілігін растау кезінде табысы жетпей қалған жағдайда жұбайы, туысы, досы сияқты екі адамға дейін қосалқы қарыз алушыны тартуға болады.

Нәзигүл Аккулованың айтуынша, осы бағдарламаның аясында Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кентінде салынған бес қабатты 80 пәтерлік тұрғын үй ағымдағы жылдың отызыншы қарашасында пайдалануға беріледі. Құрылысты салған   «DK Proekt» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Үйдің бір шаршы метрінің бағасы – 156 мың теңге. Баспана құны ауданына байланысты 6 млн 851 мың мен 10 млн 228 теңгенің аралығында.

«Бақытты отбасы» кімдерге арналған?

Табысы төмен отбасыларға небары екі пайызбен несие беретін «Бақытты отбасы» бағдарламасын жүзеге асыруға республика бойынша 50 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Аталған жоба аясында әкімдік кезегінде тұрған еліміздегі он мың отбасы баспаналы болады. Ипотекалық несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі екі пайыз, бастапқы жарна ретінде үй бағасының он пайызы болуы керек, несиені жиырма жылға дейін рәсімдеуге болады. Отбасының табыс көзін растау міндетті, соңғы бес жылда меншігінде үй болмауы тиіс және соңғы алты айда ай сайын зейнетақы қорына жарна тұрақты түрде түсіп тұруы тиіс. Берілетін несие мөлшері Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтау, Атырау қалаларында 15 млн теңге, біздің өңірде 10 млн теңге.

Банк басшысының орынбасары Дәурен Серікқалиұлы түсіндіріп өткендей, бұл бағдарламамен жаңа және қолданыстағы пәтерді, сонымен қатар жер үйді де алуға болады. Жеңілдетілген несие көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беріледі. Басты талап – алты ай ішінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы керек.  Бұл көрсеткіш қазір 3,1 ең төменгі күнкөріс мөлшері деп өзгертіліп жатыр. Заң енді күшіне енеді. Демек, бұдан былай отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы 101 270 теңгеден аспауы керек. Несие мақұлданғаннан кейін өз қалауына сәйкес баспананы іздеуге болады. Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақтан ғана сатып алуға болады. Несие еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс сияқты негізгі кіріс көзі болған жағдайда ғана беріледі. Жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді. Үй алушының атында басқа несиесі болса, ол төлем қабілеттілігіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан банк мамандары өтелмеген басқа несиелерді ертерек жабуға кеңес береді.

«Бақытты отбасы 2-10-20» бағдарламасына мысал үшін алсақ, пәтер бағасы 10 млн болса, бастапқы жарна 1 млн, несие мерзімі 19 жыл болады. Сегіз жыл бойы ай сайынғы төлем 52 700 теңге болса, қалған 11 жылда ол төлем азайып, ай сайын тек 36 мың теңгеден төлейді. Ал бастапқы жарнаны он пайыздан артық құйса, ай сайынғы төлем бұдан да төмен болады.

«Бақытты отбасының» өткен кезеңінде жылдар бойы баспана тауқыметін тартып келе жатқан өңірдегі 113 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 38  көпбалалы, 61  толық емес, 14  мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы бар. Бұл бағытта соңғы транш бойынша 1 млрд теңгенің несиесі берілді,деді Нәзигүл Төлешқызы.

Бағдарламаның келесі кезеңі қаражаттың бөлінуіне байланысты алдағы қаңтар, ақпан айларында басталады деп жоспарланып отыр. Сондықтан өте тиімді шартпен баспана алуға үміткерлер құжаттарын алдын ала әзірлей бергені жөн.

Айта кету керек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» атауы «Отбасы банк» деп ауысқанымен, банктің қызметі, жүйесі сол қалпында қалады.

Айжанат Бақытқызы     

Осы айдарда

Back to top button