Қоғам

Аулаға жанармай бекетін салу заңды ма?

Өскемен көшелеріндегі газет тарататын дүңгіршектер неліктен жабылып қалды? Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында жанар-жағар май бекетінің салынғаны қаншалықты заңға сәйкес? Сәулеттік ескерткіш болып табылатын тарихи баспаналардың күтіліп, ұсталуына кімдер жауапты?

Бұл сауалдар «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында өткен облыс әкімінің қабылдауында  тұрғындар тарапынан қойылды.

Өңір басшысының қабылдауына алғашқы болып кірген «Регион» баспасөз тарату агенттігі» ЖШС директоры Сергей Меньшиков қала көшелерінде орналасқан газеттер мен журналдар сататын дүңгіршектерінің жер учаскесін жалдау мерзімін ары қарай  ұзартып беруін сұрай келіпті. Айтуынша, қалада оның 18 дүңгіршегі бар, оларда елуге тарта адам жұмыс істейді. Биыл сол дүңгіршектердің алтауы қала әкімдігі қойған талаптар үдесінен шықпағандықтан, жалдау мерзімі ұзартылмаған.

– Сәулеттік жағынан талапқа сай келмеген дүңгіршектер мен сауда нүктелерін көшелерден алу тек Өскеменде ғана емес, облыстың  қалалары мен аудандарында менің тапсырмама сәйкес жүргізілуде. Былтырдан бері Өскеменде 210 осындай нысан алынды. Әрине, газет сату айтарлықтай үлкен бизнес емес, сондықтан ісіңіз алға басу үшін Сізге несие алу жағынан көмектесейік, ақпарат саласы болғандықтан мемлекеттік тапсырыстарды орналастыруды қарастырайық. Алайда Сіз өз тарапыңыздан барлық газет дүңгіршектерін қала әкімі айтқан талаптар аясында заман талабына сай өзгертіп, сәулеттік сәнін келтіресіз. Солай етсеңіз он жылға дейін созып бере аламыз. Ал әзірге бір жыл мерзім, бәрі өзіңізге байланысты, – деді облыс әкімі.

Қабылдауға жазылған келесі тұрғын, «Жизнь без границ» ЖШС директоры, «Душа добра» қайырымдылық қорының президенті, мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау бойынша сараптау тобының мүшесі Ирина Ляховская мүгедек балаларға арналған бейімделген мектептер ашуға (№ 39, 26, 47, 46, 19, 15 мектептер)  қолдау білдіргені үшін облыс әкіміне аналар атынан алғысын жеткізе келіпті. Өзі де 14 жылдан бері мүгедек бала тәрбиелеп отырған ол арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғауға арналған арнайы жобаны аймақ әкіміне таныстырды. Сонымен бірге өздеріне көмектесіп жүрген қаладағы бірқатар ұстаздарды кәсіби мерекелері қарсаңында марапаттау жөнінде облыс басшысына өтінішін де білдірді. Оның бұл ұсынысын құп алған Даниал Ахметов аталған әлеуметтік жобаны қала мектептерінде қолдану мақсатында қала әкімі мен облыстық білім басқармасының басшысына нақты тапсырмалар жүктеді.

Естеріңізде болса, Иринаның әлеуметтік жобасы кедергісіз орта құру бойынша «Nur Otan» партиясының «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобасы» байқауында топ жарған болатын.

Бұл жолы облыс басшысының қабылдауына алматылық кәсіпкер де жазылған екен. Мәселен, Жанар Әбделдинова өңірдің қалаларын текстильді сәулет саласында абаттандыру бойынша бірнеше жобасын таныстырды. Ол бұған дейін мұндай жұмыстарды «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде, Павлодар, Талдықорған қалаларын абаттандыруда сәтті жүзеге асырыпты. Енді Өскемен қаласындағы Ертістің жағалауын көріктендірмек ниетте.   Кәсіпкердің бұл жобаларын қанатқақты жобалар ретінде қазір жөндеуден өтіп жатқан Семей қалалық саябағына және облыс орталығындағы «Нұрлы жол» саябағына пайдаланып көру жөнінде қос қаланың әкімдеріне тапсырма берілді.

Келесі болып облыс әкімінің қабылдауына кірген Өскемендегі Назарбаев даңғылы, 66 үйдің тұрғыны Елена Сатикова аталған көпқабатты баспананың тарихи және мәдени сәулеттік ескерткіш болып табылатындығын, сондықтан оның қасбеті мен шатырын жөндеуге мемлекет тарапынан қаржы бөлінсе деген тілегін жеткізді. Облыс әкімі бұл үй расында да жергілікті маңыздағы тамаша тарихи ескерткіш екенін айта келе, келер жылы оның қасбеті өткен ғасырдың 50-ші жылдарындағы сәулеттік стильге сай   жөнделетінін атады. Дегенмен де, бұл баспана қазіргі уақытта тұрғындар меншігі болып саналатындықтан, ортақ іске олар да атсалысуы, тарихи дүниені бүлдірмей күтіп ұстауы қажет.

Заң бұзғандар жауапқа тартылады

Қабылдауға жазылған келесі адамдар да осы даңғылдың тұрғындары болып шықты, алайда олардың көтерген мәселелері мүлдем басқа. Себебі, олар тұратын Назарбаев даңғылы, 85 үйдің ауласындағы жер учаскесіне біраз уақыт бұрын жанар-жағармай бекетін салуға рұқсат беріліп кеткен. Ол аздай бұл жерде көлік жуу, көлік жөндеу орындары орналасқан. Бұрынғы жекеменшік бір қабатты үйдің орнын кәсіпкер сатып алған соң, жер учаскесін пайдалану мақсаты өзгерген.

Енді осында тұратын 140 пәтердің тұрғындары тәулік бойы жұмыс істейтін жанармай бекетіне, күндіз көлік жууға және жөндетуге келетін көліктердің шуылынан мазасы қашып, облыс әкіміне жүгінуге тура келген. Сонымен қатар көліктерден шыққан түтін пәтерлерге де кіріп, санитарлық нормаларды бұзуда. Ең сорақысы, тұрғындарға бұл жерде ЖЖҚ бекеті салынатындығы алдын ала ескертілмеген.

– Бұған қатысты экологтардың арнайы сараптамасы да бар. Олар нысанның санитарлық-қорғау аймағында тұрғанында да айтып отыр. Аталған үй тұрғындары мәселені сот арқылы ушықтырмай, өзара келісімде шешуді қалайды,– дейді тұрғындардың құқығын қорғаушы өкіл Азамат Алтайманов.

– Бұл мәселе маған жақсы таныс, Сіздердің айтқандарыңызбен келісемін. Санитарлық-қорғау аймағы бұзылған. Жақын арада нысанға қатысты егжей-тегжейлі зерттеу жүргіземіз. Тиісті рұқсат құжаттарына кезінде қол қойған адамдар бұған жауап береді. Заңды бұзғандар жауапқа тартылады. Бұл істі облыс прокуратурасы да өз қадағалауына алатын болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button