
Глубокое ауданының Тарханка ауылында жеке кәсіпкер өз қаржысына хоккей қорабының құрылысын бастады.
Туған жеріне қайырымдылық жасауды қолға алған глубокоелық шаруашылықтардың бірі – «Семена масличных» шаруа қожалығы. Жақында аталған қожалықтың демеушілігі есебінен Тарханка ауылында хоккей қорабының құрылысы басталды. Бүгінде ауыл тұрғындары хоккей қорабының тағанын құйып, қажетті құрылыс материалдарын жеткізді.
Людмила Цыбенко басқарған «Семена масличных» шаруа қожалығы бұған дейін де өңірде болып жатқан оқиғалардан шеткері қалған емес. Атап айтсақ, пандемиялық шектеулер кезінде аталмыш шаруашылық инфекциялық аурулар бөлімшесіне бір миллион теңгеге төсек-орын сатып әперсе, Риддердегі орман өртінен зардап шеккендердің көмек қорына бір миллион теңге мөлшерінде қаражат аударып, 105 литр күнбағыс майын жолдады. Сондай-ақ өрттен зардап шеккен Тарханка ауылының тұрғындарына да 1,2 млн. теңге мөлшерінде демеушілік жасады.