Химиялық өңдеу жұмыстары жалғасады
Азамат Темірбеков
Тарбағатай ауданында итальяндық прус шегірткелерінің личинкалары анықталған 800 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Бұл туралы «Карантинге жататын өнімді әкелу, әкету, транзиттеу, ішкі мемлекеттік тасымалдау, тексеру және залалсыздандыру тәртібі және ағымдағы атқарылып жатқан жұмыстар» жайлы ақпарат берген Тарбағатай аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қаныбек Жорғатаев хабарлады.
– Зиянкестердің бір уақытта шығып зор экономикалық шығын әкелмеуі ауданымыздағы жедел әрекет ету штабының қатаң бақылауына алынған. Бүгінгі күні аудан аумағында Азия шегірткесіне бір мың, итальян прусына бір мың және саяқ шегірткеге 150 гектар аумақта көктемгі мониторингтік жұмыстар аяқталды. Сонымен қатар бес мың гектар аумақта қоныстанған тышқан тектес кеміргіштер мен саршұнақтардың көлемін анықтауға байланысты мониторинг соңына жетті, – дейді инспекция басшысы.
Бұдан бөлек, Азия шегірткесіне, итальяндық прусқа және саяқ шегірткелердің личинкаларын анықтауға қатысты басқа да мониторингтік жұмыстар басталған. Нәтижесінде итальян прусына тексерілген 44 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарының 800 гектарынан аталмыш зиянкестің личинкалары анықталған. Атап айтсақ, аталмыш аумақтың бір шаршы метрінде шегірткенің бірден үшке дейінгі личинкаларының қоныстанғаны белгілі болған. Осы себепті оған қажетті мөлшерде улы химикаттар алынып, өңдеу жұмыстары басталмақ.
Бұған қоса, алдағы уақытта аудан аумағындағы жолдардың екі жақ шеттеріндегі елу гектар аумақта өскен укекіренің көзін жоюға бағытталған жұмыстар да қатар қолға алынатын болады.